«ЖИҺАД» ДЕП КЕТКЕНДЕР «ЖУСАНМЕН» ЕЛГЕ ҚАЙТТЫ
«ЖИҺАД» ДЕП КЕТКЕНДЕР «ЖУСАНМЕН» ЕЛГЕ ҚАЙТТЫ
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Иә, олар әу баста тура жолдамыз деп ойлаған-ды. Бірақ олар өздерінің ағат қадам жасағандарын сырт елдегі ахуалды көзбен көргеннен кейін ғана түсінді. Түсінді де, бармақтарын тістеді. «Қателік жасамайтын адам жоқ» деген тәмсілге сүйенетін қазақ бұл жолы да Сириядағы сенделген отандастарымызды соғыс ортасында тастап кеткен жоқ. Қолдан келгенше әрекет етіп, кезінде өз еркімен Сирияға аттанғандарды елге қайтарды.
Сириядағы соғыстың сойқанын көргендердің елге оралуына себепкер болған – «Жусан» операциясы. Қазақстан арнайы қызметтерінің Сириядағы қазақстандықтарды құтқаруға арналған операция нәтижесінде талай азамат отанына оралды. «Жусанның» жақсылығын көрген тағы 231 адам өткен аптада елге жеткізілді. Оның 59-ы әйел болса, 156-сы – бүлдіршіндер. Балдырғандардың жартысынан көбі шетелде дүние есігін ашқан. Отанға оралғандар арасында ауыр жарақат алғандары да бар. 18 бүлдіршін туған жер топырағын тұл жетім боп аттады. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, Сириядан қайтарылған 18 жетім баланың елдегі туыстары табылған. «Алдын ала тиісті жұмыстар жүргізіліп, барлық балалардың туыстары табылды. Олар жеткіншектерді өз отбасыларына қабылдауға дайын. Бұл тұрғыда баланы асырап алуға, құжаттарды қалпына келтіруге қатысты қажетті заңнамалық рәсімдер бар екенін түсіну керек. Бұл шаралар орындалғаннан кейін, жетім балаларды өз жақындарының тәрбиесіне беру үшін ешқандай кедергі болмайды», – дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев.
Ел аман, жұрт тынышта өз отанынан безіп, «жұмақ» іздеп Сирияға бет алғандарға мемлекеттің қол ұшын созуы қаншалықты дұрыс болды? «Жусан» операциясын жүзеге асыру үшін, күн сайын жарылыстан көз ашпай келе жатқан Сириядағы отандастарымызды елге жеткізу үшін қазынаның айтарлықтай шығынға батқаны анық. Сол азаматтар «аттандап» соғыс ортасына кетпегенде осы операцияға жұмсалған мемлекет қаржысы үнемделер ме еді?! Әрине, ақша адам өмірінен маңызды емес. Алайда олардың шалт басқан қадамына «құрбан» болған қаржы елдегі талай мәселенің күрмеуін шешуге жәрдем болар еді. Дәл қазір елімізде бұл мәселеге қатысты жұрт пікірі сан қилы. Қалай дегенмен де, олар мұндай ойсыз қадамға неліктен барғанын ойлануымыз қажет. Әлбетте, Қазақстан азаматтарының қақтығыс аймақтарына ойланбастан жол тартуына террористердің теріс үгіт-насихатының ықпал еткені сөзсіз. Олай болмаған күнде де, әке-шешесінің қателігі үшін жазықсыз сәбилер соғыс дәмін сезбеуі тиіс, зардап шекпеуі қажет. Осыны ескерген Қазақстан билігі өз азаматтарын қиын жағдайда қалдырмайтынын күллі әлемге әйгіледі.