ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ТАУЛАНОВ

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ТАУЛАНОВ

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ТАУЛАНОВ
ашық дереккөзі

Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген қанатты сөзі кейіпкеріміз запастағы генерал-майор Сәбит Таулановқа қарата айтылған іспетті. Жеті жасынан бастап әке-шеше, туған ауылдан жырақ кетіп, білім қуған. Ауған жеріндегі соғыста ерлік көрсетіп, тәуелсіздік жылдарында қазақ армиясына айтулы еңбек сіңірген тұлғамен мереке қарсаңында аз-кем тілдескен едік.

Сәбит Тауланов:  Қорғаныс министрлігі осылай құрылған

– Сәбит мырза, жақында ғана педогогика ғылымдарының профессоры атандыңыз. Шын жүректен құттықтаймын! Менің білуімше сіз әскерилер арасындағы тұңғыш педогогика ғылымдарының докторы, профессорсыз. Бұл бақ па, әлде талай жылғы еңбектің жемісі ме? – Көп рахмет! Әрине бақ десек те жарасар, бірақ оның сыртындағы еңбекті жоққа шығара алмаймыз. Өйткені қазақта «Ақыл қонбаған жігітке, бақыт та қонбайды» деген тәмсіл бар. Жеңіс пен жеңілістің мәнін білу үшін біртарапты болмау керек. Бұл сұраққа жауап беру үшін уақыт кемесін артқа бұруға тура келеді. Әке-шешем ауылда қызмет етті. Мен де сонда тудым. Бірақ үйде көп болған жоқпын. 7-10 жас аралығында ауданнан пәтер жалдап, мектепте оқыдым. Ал үйдегілер бесінші сыныпта көшіп келді. Оның өзінде 3 жыл отбасыммен бірге болып, 7-сынып бітіргеннен кейін Оралдағы техникумға оқуға түстім. Өйткені отбасында 9 баламыз. Оны асырау қиынға соғатынын білсем керек. Техникумда 4 жылдай мал дәрігері мамандығын оқып, әскерге аттандым. Ол 1966 жыл. 1968 жылы Ташкент жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1977 жылы жоғары офицерлер курсын, 1978 жылы Термез педагогикалық институтын, 1985 жылы Мәскеудегі әскери-саяси академияны бітірдім. Әліге дейін білім-ғылымнан қол үзген емеспін. Докторлық диссертациямды 5 жыл жазып, 2004 жылы доктор атандым. Одан бері 15 жылдай уақыт өтті. Профессор атану да оңай емес. Көптеген мақалалар жазып, ол шет мемлекеттерде жариялану керек. Соңғы 5 жыл тынбай еңбек еттім. Ойлап қарасам 65 жылдық ізденіс пен білімге болған құштарлық – профессор атағын тарту етті. – Алғашқы мамандығыңыз – мал дәрігері. Бұл саладан әскери адамға айналуыңызға не түрткі болды?  – Әскер қатарында жүріп комсомолда белсенді болсам керек, басшылық мені батальонның комсомол комитетінің хатшысы етіп тағайындады. Әскери борышымды өтеп болғасын, әрмен қарай қызмет етуге ұсыныс түсті. Осылай 1968 жылы офицерлік курс бітіріп алдым. Естеріңізде болса, сол жылы комсомолдың 50 жылдығы тойланды. Мені Мәскеудегі жиынға жіберді. Сонда кіші лейтенант дәрежесін алдым. Әкем екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері еді: «Не істеймін, әрмен қарай оқи аламын ба, қиын болар. Сондықтан әскерде қалайын» деп ақыл сұрадым. Ол кісі «азамат болдың өзің шешім шығар» деді, анам керісінше бұл ойымды құп көрмеді. Неге десеңіз ауылда өстік, олар мені ауылға келіп колхоз басшысы болады деп ойласа керек. Өзімде де бір кездері сондай ой болған. Әкем педогогикалық училищені бітірген. Соғыстан кейін балалар үйінің директоры болды, балалар тәрбиеледі. Сол балалар үйінде тәрбиеленгендер 2000 жылдары маған келіп: «Сәке, әкеңіз бізді тәрбиеледі, өсірді. Осындай мектеп ашсақ, оны өзіңіз басқарсаңыз қалай болады?» деген ұсыныс та айтқан. Оны алып жүре алмаймын деген ойдың болғаны рас, сол үшін мектеп ашылмады. Бірақ 2008 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры ұсыныс жасап, мені шақыртты. «Арыстан» мамандандырылған лицейін аштық. Қазір ойлап қарасам мен әке жолын қуып, ата кәсіпті де оқыппын. Өйткені үйде болған кездері атамның қасында көп жүретінмін. Ол кісі 35 жыл шопан болған. Демалысым жаз бойы атамның қасында қой бағумен өтетін. Мал дәрігерлік оқуына түсуіме де осы жайттар әсер етсе керек. – Ауған соғысында көрсеткен ерлігіңізге сай 3-дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» орденімен марапатталдыңыз. Сол күндерді еске түсірсек...  – Ол 1979 жылдың мамыр айы болатын. Термезде әскер қатарында болдым. Сол жерде оқу-жаттығулар өтті. Шыны керек, Ауғанстанда бірдеңе болатынын сездік. Германияға кететін болып, еңбек демалысын алып қойғанмын. Бірақ 9-мамыр Жеңіс күнінің ертесінде мені Мәскеуге шақыртты. Ауған жерінде революция болып жатқан. Соған орай тәрбие бөлімдері ашылатын болып, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан мұсылман 14 жігіт жиналдық. Бізді Ауғанстанға полктың тәрбие жөніндегі орынбасары және онан жоғары лауазымдарды атқаруға жіберді. Сонда мен Бас штаб жанындағы Ауған соғысы бойынша офицерлік құрамдарды даярлау жөніндегі жеделдетілген орталық курстар саяси бөлімі бастығының кеңесшісі қызметін атқардым. 2 жыл сонда болдым. Мақсатымыз кеңес әскері кіргенде ешқандай уайым болмауы, тыныштық сақтауды қамтамасыз ету еді. Желтоқсан айында біздің әскер кірді, сол кезде бірде-бір тәртіп бұзушылық, ешқандай қарсылық болған жоқ. Бізге жүктелген міндет осы болған.

Одан кейін Ленинград аймағындағы мотоатқыштар дивизиясы бастығының тәрбие орынбасары қызметін атқардым. Бұл үлкен лауазым еді. Содан кейін Алматыға келген жайым бар. Ол жақта болған талай жайт әлі күнге есімде, оның өзі бір тақырып. – Қазақстан Қарулы күштері мен Қорғаныс министрлігі құрылған шақта басы-қасында болған жандардың бірісіз. Және сіз атқарған еңбекті қатарластарыңыз бен осы саланың қазанында қайнағандар жоғары бағалайды. Сол күндер жайлы ойласаңыз не еске түседі? – Мен әскерде идеологияның бастығы болдым. Кеңес одағы құлағаннан кейін партия, комсомол тарады. Мен де әскер қатарынан кетуге шешім қабылдадым. Мәскеуден Қазақстандағы кез келген облысқа барып военком болыңыз деген ұсыныстар айтылды. Ол уақытта жаспын «облыстық военкоматта не бітірем» деп шешімімді өзгертпедім. 1991 жылы Сағадат Қожахметұлы шақырып алып не істеп жүргенімді сұрады. «Өзіңіз білесіз кеңес әскері тарап жатыр, мен де әскер қатарынан кетсем деген шешім шығардым» дедім. Ол кісі қайта әскер құрылса қалар ма едің дегенге келтірді. Мен қандай қызметте қалатынымды айтып, әңгіме өрбіттік. Сағадат Қожахметұлы: «Тәрбие жөнінде сенен тәжірибелі адам жоқ, мүмкін қорғаныс министрлігінің тәрбие бөлімін басқарарсың», – деді. Мен болсам «айталмаймын ағасы, қалай болады», – дедім. Ол кісі Жоғарғы кеңестің депутаты еді. Әскери емес, азаматтық тұлға ретінде сөйлестік. (күліп) Сөйтсек, С.Қожахметұлы алдын ала біліп жүріпті. Үш күннен кейін президенттің ұлттық комитет құрамыз деген бұйрығы шықты. Түстен кейін өзі (ред. Сағадат Нұрмағамбетов) хабарласып, ертең обл.военкомда бол деді. Ертеңіне келсем бәрі жиналып қалыпты, Тауланов қайда деп жатыр екен. Мен кірдім, Сағадат Қожахметұлы төрде отыр. Оң жақта сол кездегі полковник Алтынбеков (ред. Сейілбек Алтынбекұлы), оның қасында генерал Хлюпин отыр. Маған «қайда жүрсің, мына жаққа отыр» деп сол жақтағы бірінші үстелді нұсқады. Сөйтті де: «cен бүгіннен бастап кадрдың бастығысың» деді. Мен сасып қалдым да: «Ағасы мен кадрдың не екенін білмеймін, өзіңіз айттыңыз ғой тәрбиеге жауапты...» сөзімді бөліп жіберіп «жоқ сен кадрға жауап бересің, қазір ұлттық қорғаныс комитетін құрамыз» деді. Сөйлеп үлгерген жоқпын, адамдар кіріп жатыр, мен жаза бастадым. Бір-екі сағат отырғаннан кейін үзіліске шықтық. Сейілбекке қарап: «Сейілбек сен айтпайсың ба алдын-ала» деймін. Ол болса: «Қайта сен қызмет алдың, мен кім екенімді білмеймін» демесі бар ма. Бірер сағаттан кейін Сағадат Нұрмағамбетов шақырып алып: «Әскер құрамыз, Сейілбек сен штаб бастығысың, Сәбит кадрға жауап береді» деді. Осылайша ұлттық комитетті құрдық. Бір жыл солай аталды да, оған әскери аймақтың ауруханасын, әскери комиссариатты, бәрін қосты. Бірақ 40-армияны бізге берген жоқ. Мәскеуге барып келіссөздер жүргіздік, онда көп шешімдер шықты. Президенттің, министрдің, жалпы бәріміздің ойымыз әскерді сақтап қалу болды. Әрине ол оңайға соққан жоқ. Украина, Белорусия, Ресей өз әскерін құрды. Барлық кадр сол жақтарға кетіп жатты. Мәскеудегі кезекті келіссөздерден қайтып келе жатқанда С.Қожахметұлы: «Қап, болмайтын болды-ау» деп басын шайқады. Біз үндемедік. 1992 жылдың бесінші мамыр күні президенттен «жетінші мамырда келіңіз» деген хабар жетті. Сағадат Нұрмағамбетұлы, 40-армияның қолбасшысы Рябцев, корпус командирі Мұхтар Алтынбаев Қапашұлы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының орынбасары Волков, мен және кеңесші Ким Серікбайұлы 7 мамыр күні президентке келіп күтіп отырдық. Сағат онға шақырған, бір сағаттай уақыт өтті. Бір кезде Нұрсұлтан Әбішұлы келді де: «Мен жарлыққа қол қойдым, бүгіннен бастап қорғаныс министрлігі құрылады. Сәке, құттықтаймын, сіз қорғаныс министрі болдыңыз, қалғандарыңыз орындарыңызда жұмыс істей беріңіз», – деді Сағадат Қожахметұлына қарап. Сол күні Тұңғыш Президент барлығымызға қолы қойылған сурет тарту етті. Жарлықтан кейінгі Президентпен бірінші фото кейіннен барлық жерге тарап кетті. Осылай Қорғаныс министрлігі құрылған.

– Сіз кадр бөлімін басқардыңыз. Былайша айтсақ жоқтан бар жасадыңыз ғой, қандай қиындықтар болды?  – Министрлік құрылғаннан кейін барлық ЖОО мен кадр саласын маған тапсырды. Кадр және әскери білім департаментін 10 жылға жуық басқардым. Қиындығы жөнінде бір ғана мысал, 1992-1994 жылдар аралығында 7 мыңнан астам офицер жан-жаққа кетіп қалды. Сосын таңдап, талдап, талғап, Қазақстанда туып-өскен жігіттерді шақырып алдық. Ұлттық комитет болып тұрған шақта бір жыл бойы, айына екі рет Мәскеуге барып бұйрыққа қол қойғызып жүрдім. Кейін 1992 жылдан бастап, бәрін өзімізге алып, өзіміз бұйрыққа қол қойдық. Ресейдегі офицерлерімізді шақырдық, олардікін шығарып салдық, сөйтіп әскер құрылды. Онан өзге көп шара қолдандық. Мәселен кіші лейтенант курсын аштық, училищені көпсалалы жасадық. Жаңадан оқу орындарын ашып, олардың санын көбейттік. Ресеймен жасасқан ең алғашқы келісіміміз біздің офицерлерді оқыту болды. 40 жігітті академияға, 450 адамды училищеге жібердік. Қатарынан үш жыл бойы ақысыз түрде курсанттарды жіберіп отырдық. Содан кейін ақша төледік. Осы күнге дейін Ресейдегі оқу орындарымен Қазақстан арасында тығыз байланыс орнатылған. Бірақ оқитын балалар саны 300-400 емес, қажеттілігімізге сай. Өйткені әскери білім беру жағынан біздің елдің де әлеуеті артты. – Ресейде әскерилерді оқыту қаншалықты тиімді болды? Оқығандар арасынан «оқ бойы озық шықты» деп кімдерді атай аласыз? – Ең алғаш 40 адамды академияға жібердім. Бір айта кетерлігі сол 40 офицердің біреуі ғана орыс ұлтынан, қалған 39-ы қазақ. Солардың 70 пайызы қазірде – генерал. Мәселен Әмір Халықов, Құрбан Қаражанов, Әділбек Алдабергенов, Асхат Рыспаев т.б көп қазақ жігіттері генерал шенін алды, түрлі жоғары лауазымдарда қызмет істеді. Генерал болмағандардың өзі батальон, дивизияның бастығы болды. Тіпті солардың алды зейнеткерлікке шықты. Осы 25 жыл ішінде 3 буын ауысып үлгерді ғой. Генералдар көбейді. Қазір мен танымайтын қанша генерал бар?! Мұның бәрі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы табандылық пен еңбектің жемісі деп білемін. – Қанша жылдық тәжірибеңіз бен алған біліміңізді «Арыстан» мамандандырылған лицейін жандандыруға жұмсап жатырсыз. 14-15 жастағы балаларды тәрбиелеп шығару қиынға соқпай ма?  – Ағашты шыбық кезінен баптап, қадағалап өсірсең тік өсетіні секілді, баланы да әскери өмірге жастайынан баулу керек. Тал болып кеткенде түзеймін деп сындырып алуың мүмкін. Бұл уақыт сынынан өткен қағида. «Арыстан» мамандандырылған лицейі 2011 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істейді. 8 жылдан астам уақыт ішінде мыңға жуық баланы азамат етіп тәрбиеледік. Бұл жерде менің ғана білімім мен тәжірибем деп айтуға келмес. Ұжымдық жұмыс жатыр. Бүгінде лицейде бір ғылым докторы, екі PhD докторы, екі ғылым кандидаты, 10 жоғары санаттағы, бірінші санаттағы 11 оқытушы, сонымен қатар жоғары білімді 5 әскери маман сабақ береді. «Арыстанда» оқығысы келетіндерден жыл сайын мыңға жуық өтінім келіп түседі. Небәрі 80 баланы таңдап аламыз. Ең әуелі – білім. Жаратылыстану пәндерін жетік меңгергендер лицей бағдарламасын жылдам алып кетеді. Біз тек әскери біліммен шектеліп қалмаймыз. Мектеп бағдарламасын қоса үйретеміз. Екінші – психологиялық күш-қуаты. Сіз айтып отырған 14-15 жастағы балалар басында ата-анасын сағынып, қатаң тәртіпке көндіге алмай қиналып жатады. Ең үздіктерін таңдап алғанның өзінде мұндай жайттар аракідік кездесіп жатады. Әскери лицей болғасын дене күшінің мығым болуы, спортқа қабілеттілік те назардан тыс қалмайды. Денсаулығында тіптен де кінәрат болмау керек. Осы қасиеттер тал бойында тоғысқандар ғана, бізде оқуға мүмкіндік алады.

Қайырымдылық лицей болғасын 100 пайыз тегін оқытамыз. Лицеистерді «ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы қоры» жыл сайын керек-жарақпен, киіммен, жатын орын және 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етеді. Үздіктерге шәкіртақы беру де қарастырылған. «Арыстандықтарды» «Сендер болашақ ҚР қарулы күштерінің элитасысыңдар» деп тәрбиелейміз. Бізді бітірген түлектердің алғашқы буыны іс жүзінде осыны таныта бастады. Өмір бойы кадр саласымен айналысқаннан кейін, болашақ генерелдарды тәрбиелеу менің парызым деп ойлаймын. Біздің түлектер арасынан ҚР Қорғаныс министрі шығар- шықпас білмеймін, бірақ генералдар шығатынына 100 пайыз сенімдімін. – Қазақ армиясының қазіргі әл-ауқатына берер бағаңыз қандай? Батыспен немесе РФ қарулы күштерімен салыстыра аламыз ба? – Шын мәнінде технология дамыған заманда әскердің күшін өлшеу қиын. Мәселен біздің сарбаздардың тәрбиесі жақсы, рухы мығым. Ал батыста ше?! Сауаттылық жағынан бізден анағұрлым алда тұрады. Қанша дегенмен оларда әскери мектептер мен ЖОО бұрыннан қалыптасқан. Бізде ширек ғасыр ғана уақыт болды. Онжылдықта жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгендер бар. Бірақ ол үлкен қаражатты талап етеді. Сенімді түрде айтатын бір сөзім біздің әскерилер тоқшылыққа да, жоқшылыққа да төзімді. Өмір сүре алады. Батыс әскері жайлы жағдайға үйреніп қалған. Ал майданда бәрі басқаша. – Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН