Жаңалықтар

Джеки Чан: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒАТЫ ҰНАЙДЫ

ашық дереккөзі

Джеки Чан: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒАТЫ ҰНАЙДЫ

Кез келген көрерменнің, оның ішінде жасөспірімдердің Голливуд кино жұлдыздары жайлы айтыла қалса, ең бірінші Джеки Чан есіне түсері хақ. Атақты әртіс, каскадер, кинорежиссер, продюсер, сценарист әрі әнші бір сұхбатында: «Мен, актер болып туған жоқпын. Бәрі де біртіндеп қалыптасты. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу – кез келген түйінді оңай шешетіні секілді, ешкімді жатырқамайтын осы ашық мінезім өнеріме де көп пайдасын тигізді. Әрине, еңбексіз, ізденіссіз тағы болмайтыны белгілі. Әр бала сияқты менің де бойымда атыс-шабыс киноленталарға деген қызығушылық махаббаты басым болған тәрізді», – дегені бар. Гонконг қаласында кедей отбасында дүниеге келген танымал актер ата-анасы тақыр кедей болғандықтан балалық шағында азапты қиын күндерді басынан көп кешірген. Кейін ата-анасына Австралиядан жұмыс табылып қоныс аударған кезде, алты жасар Джеки өз отанында қалып, Қытай жабық драма академиясына оқуға қабылданғаны оның бақытты болашағына бастаған тұңғыш қадамы іспетті. Ол кезде академияға оқушыларды қабылдау өте қатаң түрде, ол баланың ата-анасынан бала дене жарақатын алып немесе қайтыс болып кеткен жағдайда оқу орны жауапкершілікке тартылмайтыны жайлы қолхат алады екен. Осындай аса қатаң тәртіптің тезіне түскен бала- актер таңғы сағат бесте тұрып, сағаттап тынымсыз жаттығуларда шыңдалудан өтеді. Шыңдалады. Ширығады. Академияны бітірген соң кинодағы жолын каскадерліктен бастаған қайсар Джеки Чан актерлік өмірінде де басын талай қатерге тігіп, кезінде екі омыртқасын, мұрнын, аяқ-қолын талай сындырған. Кеңірдегін жаралап, жанарынан да айырылып қала жаздаған актердің бас сүйегін сындырып, өлім аузынан аман қалғанын біреу білсе, тіпті біреу білмес. Кинематографияға зор үлес қосқаны үшін құрметті «Оскар» сыйлығын алған актер біздің елімізге деген қызығушылығы да керемет екенін сәуір айында өткен Елбасымен кездесуінде тағы да тілге тиек етті. Әңгіме барысында актердің әлемдік кинематографиядағы маңызды рөлі ерекше аталып, екі ел арасындағы шығармашылық жоспар және киноиндустрия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары жайлы ой бөлісті. – Қазақстан табиғаты керемет мемлекет. Мұнда орман-тоғай, тау, өзен-көл, ұшы-қиыры жоқ шексіз кең дала да бар. Мені қызықтыратын да осындай керім табиғат. Сондықтан биылғы жылы түсірілмек фильміме осы бір пейзаждарды тартсам деген жоспарым бар. Қазақстанда фильм түсіруге, әсіресе Сириядағы қазақстандық балаларды қорғаған «Жусан» арнайы операциясының видеосын көріп, тамашалағаннан кейін шешім қабылдадым. Голливуд, Қытай киножұлдыздары қатысатын бұл фильмнің кейбір көріністері Франция мен Израильде түсірілмек. Көз тартар пейзажға бай Қазақстанның географиясына деген сүйіспеншілік алдыма осындай мақсат қоюға жетеледі, сондықтан да Қазақстанға сапарды мамыр айына, ал фильмнің тұсауын қыркүйек айында кессек деген ой бар,– дейді Джеки Чан ағынан жарыла.  

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ