Жаңалықтар

Мен үшін әкемнің нұрлы жүзінен артық «оқулық» жоқ еді...

ашық дереккөзі

Мен үшін әкемнің нұрлы жүзінен артық «оқулық» жоқ еді...

Қалың оқырман арасында жыр тұлпары, сыр сұңқары атанған аса көрнекті ақын Сырбай Мәуленовтің шығармашылығының біраз бөлігі, әрине, туған жері мен соғыс жылдарындағы ел басынан кешкен қанды қырғынға арналған. Жан беріп, жан алысқан сол жылдарда қан кешіп, от кешіп жүріп елге аман-есен оралған әкелеріміздің де бүгінде қатары сиреп қалғандай. Жылдағы әдетімізбен, биыл да 9 мамыр, Жеңіс күнінің қарсаңында мына біздің көрер жарығымыз бен тыныс-тіршілігіміздің бақыты үшін күрескен Әкелер рухына тағзым ету мақсатымен қазақтың батыр тұлғалы ақыны Сырбай Мәуленовтің шаңырағына ат басын тіреген едік. – Қасым Сырбайұлы, әрбір қазақ баласына өте қымбат, баға жетпес байлығы – әке-шешенің орны бөлек. Дегенмен, сіздің өз ата-тегіңізге адалдығыңыз, ата-анаңызға деген перзенттік махаббатыңыз тым бөлек секілді?.. – Өте дұрыс айтасыз. Адам үшін өзіне мынандай шексіз әлемді сыйлаған, жарық күн мен тамылжыған түнін сыйлаған ата-ананың орны бөлек. Біздің халқымыз үшін тіпті орны толмас байлық. Қайталанбас тұлға. Сол ұлттың бір перзенті ретінде менің де өз ата-анама деген перзенттік махаббатым күн сайын емес, сәт сайын жүрегімді тербейді. Әкем кесек тұлғалы, үлкен жүректі, өте балажан, мейірімді кісі болды. Сондықтан да болар, көпбалалы отбасында өстім. Үлкен ағаларым – Дүйсенбай, Жеңіс, Атығай ертерек қайтыс болып кетіпті. Бақытжамал, Сақыпжамал, Бейбіт, Ғазиз атты, екі әпке, аға-інілерім әкеміздің ұл-қыздары емес, досындай болып сырласып өстік. Тәлім-тәрбиенің өзін өзіңмен санаса отырып, ақылдаса отырып жүргізгенін кейін ес жиып, етек жапқан кезімізде ұғына бастадық. Ол биік, сымбатты болатын. Толқынданған қара шашы өзіне керемет жарасушы еді. Парасатты, ұшқыр ойлы әкеміз қалада туып, қалада өсіп келе жатқан бізді қазақи тәлім-тәрбиеге, әсіресе бауырмалдық-мейірімділік сынды адами қасиеттерді бойымызға сіңіргісі келгендей, үнемі өзінің әке-шешесі, балалық шағы жайлы әңгімелеуден жалыққан емес. Әрбір ақылман кейіпте сөйлеген сөзін мұқият тыңдата білетін-ді. «... 1922 жылы тұрмыс тауқыметімен Торғайдан Қызылордаға ауа көштік. Әкем тігінші, ісмер кісі болатын. Осы жылдың жауынды күзінің бір күні мен дүниегекеліппін. Бір жылдан соң атақонысқа қайта көштік. Тұрмысымыз өте жұпыны болды. Әкем көбіне жұмыссыз жүрді. Ол кезде тігіншілікпен күн көру қиын болатын. Әйтсе де қайран әке біз үшін не көрмеді?.. Өнерлі кісіге кәсіп те табылады екен...».– деген әңгімені біз әке аузынан талай мәрте естідік. Бірақ жалықпадық. Тыңдаған сайын оның өз әкесі жайлы әңгімелерінен кейін ол көз алдымызда өзінің әкесіне айналып бара жатқандай әсер етуші еді. Ал біз атамыз тіріліп келгендей күй кешетінбіз. Осындай сағынышқа толы әңгімелерімен өз перзенттерінің бойына да мейірімділік, бауырмалдық қасиеттерін сіңіре білді. Біз өте тату-тәтті, бақытты отбасында өмірге келіп, осындай ата-анадан туғанымызды сол бала кезімізден сезініп, түйсініп өстік. Еңбекқор болатын. Түні бойы көз ілмей жұмыс істейтін. Демалыс дегенді білмейтін. Ас үйде отырып алып, жазу машинкасымен отыратын сәттері әлі күнге есімде. Ал мен сол машинаканың тықылын іштей санап жатып қалың ұйқыға кететінмін. Күнделікті қайталанатын осы бір сәт сағынышқа айналғалы қашан!?. Тіпті әкемді сағынған сәттерде оның зор үнімен бірге жазу машинкасының да тырсылы құлағыма келеді... Сонау сексенінші жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген кезімізде, қазақтың талай марқасқаларының шығармаларын машинкаға басып, газетке жариялаған кезіміз еске түсті. Сондағы Сыр-ағаңның гүрілдеген зор даусы, сартылдаған машинканың дыбысы біздің де құлағымызда тұнып қалғандай елжіредік. – Қасым Сырбайұлы, әкеңізді алғаш риза болып, қуантқан кезіңізді еске түсірейікші? – Әкем бокспен айналысқаныма қатты қуанды. Ең алғаш рет он төрт жасымда Көкшетау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы жарысқа өзі қатысатындай толқып жүріп шығарып салды. 1972 жылы маусым айында Қарағанды қаласында өтетін жарысқа кетуіме байланысты мектеп бітіру кешіне қатыса алмадым. Кешке әкем мен шешем барыпты. Мектеп директоры аттестат тапсыру үшін менің атымды атаған кезде менің орныма әкем шығыпты. Ол кезде 49 жаста еді. Сонда кешке жиналғандар әкеме « бұл мектептің сырттай оқушысы» деп қалжыңдағанын бертінге дейін жарқырай күліп еске алып отыратын. Ол тек әдебиетпен шектелмей, жан-жақты болды әрі бізден де соны талап етті. Сондықтан болар, менің тек қазақ, орыс әдебиеті емес, Батыс әдебиетіне деген құштарлығымды ұштаған алғашқы ұстазым да – әкем болды. Байронды, Пушкинді, Лермонтовты, Блокты, Бунинді қазақ тілінде қалай шебер сөйлеткені – оның білімге, білуге деген құштарлығы болса керек. Бертін келе, орыс заңгерлері – П.К.Александров, Ф.И. Плевако, В.Д. Спасович сияқты ғалымдардың еңбектері жайлы қызықты әңгімелей жүріп, осы салаға мамандандыруға бағыттады. Университеттегі жас оқытушы кезімде әдебиет пен ұлттық дүниетаным туралы ойларымның қалыптасуына да әкемнің көп көмегі тиді. Аспирантурада 195 беттік ғылыми диссертация жазып жүрген кезімде: «Менің балам үш жылдан бері кітапханада, ғылыми еңбектердің ортасында отырып 195 бет жазады. Мен болсам күнделікті таза жазу үстелімде отырып-ақ 25-30 бет жазамын. Бұл қалай?», – дейтін қалжыңдап. Қалжың болса да шындық! Шындық болғанда да, терең әзілге құрылған әке қайрауы еді. Айтқыш еді. Айтқыш болғанда жай ғана айта салмайтын, бір ауыз сөзінің өзінде терең мағына-мән жататын. 1989 жылы «Қайнар» баспасынан жарыққа шыққан алғашқы ғылыми еңбегімді көргенде қатты қуанды. – Ел арасында, әріптестері арасында «Сырағаң айтқан екен» деген жақсы бір қағытпаларды жиі естіп қаламыз. Осындай азаматтың құдай қосқан жары – сіздің анаңыз жайлы да жағымды әңгімелер баршылық? – Әрине, әкем, қазақтың талантты ақыны – Сырбайды анамыз Күлжамалсыз елестету мүмкін емес. Әкем құшағы кең, көпшіл, досшыл кісі еді. Көпшіл болғандықтан, оның үстіне ақындық дархандығы тағы бар, үйден қонақ үзілмеуші еді. Сол қасиетіне сай анамыз да берекелі, аса шешен. Ағартушы-ғалым, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсыновтың немересі Күлжамал Әміровасыз ақынның бір күні, бір сағаты мәнсіз еді. Анамызды керім сыйлады. Екеуінің арасындағы сыйластық, қарым-қатынас біздің бала күніміздің жарқын шақтары, екеуіне қарап еркін-ерке болып өстік. Әрине, ақылды ерке, тәрбиелі еркелік еді. Ол майдангер ақын. Соғысты көрді. Кеңес әскері қатарында Дондағы Ростовта, Свердловскіде борышын өтеді. Жас қазақ офицері Волхов майданында соғысып, Ленинградты азат етуге қатысты. Қиян-кескі ұрыста сол қолынан ауыр жараланған әкем, өмірінің соңына дейін сол жарақаттың азабын тартты. Осы кеселдің кесірінен он бес жыл бойы оның сақалын алуға дағдыланып едім. Бұл мен үшін өте жауапты әрі сүйікті іс болды. Оның бетіндегі әр әжім іздері мен қыртыстарын оқып өстім. Мен үшін әкемнің нұрлы жүзінен артық «оқулық» жоқ еді... Осындай қан майданнан аман-есен келген ақынның 1992 жылы жетпіс жасына байланысты елге сапарында жол апатына ұшырауы тәніндегі ескі жараның аузын тырнап ашқандай болды. Анам екеуі мінген «Волга» түнде шөп ұрлап, жарықсыз келе жатқан «КамАЗ-бен» соқтығысып қалады. Содан екеуі де ұзақ емделді. Әсіресе, әкем жеті ай бойы аурухана төсегіне таңылды. Ал келесі жылы мәңгілікке аттанып кетті. Бүгінде еліміздің үш ірі қаласында – Алматы, Арқалық және Қызылорда қалаларында әкемнің атында көше бар. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде, жалпы қазақ халқының тарихында оның аты мәңгі сақталады деп ойлаймын. – Әрине, әкелер жүріп өткен соқтықпалы-соқпақсыз ауыр жолдар бәріміздің де есімізде қалары сөзсіз. Сырбайдай ақынның ұлы ретінде, үнемі әкеңізді мақтаныш сезіммен айтып жүретін жақсы бір қасиетіңізді жоғары бағалаймыз... – Мен біраз жоғары лауазымды қызметтер атқардым. Бас мемлекеттік арбитрінің бірінші орынбасары, Президент Аппаратында да ұзақ жылдар еңбек еттім. Заң ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттар технологиясы университетінің профессоры, ғылым саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреатымын. Ойлап отырсам, осының бәрінің түп тамырында мен, Майдангер ақынның ұлы, ұрпағымын. Осы мақтаныш сезімі бәрінен де биік, бәрінен де жоғары екенін жас ұлғайған сайын сезіне, ұғына түсемін. Өйткені, батырлық-батылдық шабытқа толы әрбір жырын әлі күнге құшырлана оқимын. Бүгін тарих – жыр әсем, Қара шаштар қар шалған. Соғыс жайын сұра сен, Мың өлімді қарсы алған Солдаттар мен маршалдан! Соғыс жайын сұра сен, Махаббаттан ерте өлген, Жанған бір кез аспаннан, Ормандардан өртенген, Жараланған тастардан! Соғыс жайын сұра сен Азынаған желдерден, Қан боп жүзген көлдерден, Көп адамды құшақтап, Жатқан сонау дөңдерден! Соғыс жайын сұра сен, Бітпей қалған жырлардан. Жағылмаған шамдардан, Шашылмаған нұрлардан, Атпай қалған таңдардан!, – дейді жүрегі қан жылаған ақын... Сұрауы да, жауабы да жоқ сұрапыл соғысты ендігі ұрпақ көрмесе екен, – дейді ақынның ұлы өз перзенттерінің тағдырына алаңдап...

Сұхбаттасқан Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ