Жаңалықтар

«Нұрлы жол»: күре жолдар жөнделді

«Нұрлы жол»: күре жолдар жөнделді

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі жобалары – республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының құрылысы мен реконструкциясы. Жалпы қолданыстағы Қазақстан Республикасы автомобиль жолдарының ұзақтығы 96,5 мың шақырымды құрайды (соның ішінде республикалық желі – 23,7 мың шақырым, жергілікті желі – 72,8 мың шақырым). Жалпы, 2010 жылдан бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 5 мың шақырымында реконструкция және күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 85%-ы (2014 жылы – 84 %) және облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 65 %-ы (2015 жылы – 68 %) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал 2015-2016 жылдарда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша I және II-техникалық категориялы 1,3 мың шақырым автожол реконструкцияланды. Осы автожол жобаларын орындауға 616 млрд теңге жұмсалса, оның – 329 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінді. Бөлінген қаражат толық игерілді және 9 жоба іске асырылды: Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Алматы – Өскемен, Астана – Петропавл, Жезқазған – Петропавл, Ақтөбе – Атырау және Орал – Каменка. Жол-құрылыс жұмыстарымен Қазақстанның 12 аймағындағы 2 мың шақырымы қамтылды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзитті дәлізі, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Қапшағай – Балпық би, Бейнеу – Шетпе және Көкшетау – Петропавл учаскелері бойынша қозғалыс толық ашылды. Сонымен қатар, Павлодар қаласына Ертіс өзені арқылы өтетін ұзақтығы 12 шақырымды құрайтын Орталық Азиядағы ең ірі көпір өткелінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, жалпы ұзақтығы 2,5 мың шақырымды құрайтын Қандыағаш – Мақат, Жетібай – Жаңаөзен, Құрты – Бурылбайтал, Талдықорған – Өскемен, Меркі – Бурылбайтал, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Таскескен – Бақты, Осиновски асуы, Щучинск – Зеренді жаңа жобалары іске асырыла бастады. Еліміздің шығысында, Қытай шекарасы маңындағы аумақта «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА (Арнайы Экономикалық аймақтар) базасында 2015 жылы «Құрғақ порттың» және инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. Қытай шекарасындағы екі теміржол өтпесі мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін технологиялық үйлестіруде Құрғақ порт қуатты көлік-логистикалық хабқа айналды. Бұл Қытайдан Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия елдері, Түркия және Парсы шығанағы елдеріне жүк ағынын тиімді таратуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрғақ порттың жалпы аумағы 129 гектар, ол логистикалық (224,9 га) және индустриялық (224,4 га) аймақтармен байланыстырылған. Бұл жоба контейнер өңдеу үшін ұтымды шешім болып табылады және кіргізілген тауарларды одан әрі өндірістік өңдеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жәнібек Әшім