10 Мамыр 2019, 16:33 681 0 Жаңалықтар Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Талондық жүйе: ашықтық пен жеделдік маңызды

Елімізде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осы арқылы ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма жүктелді. Нәтижесінде биыл 1 қаңтардан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ клиенттерге қызмет көрсетудің талондық жүйесін енгізген еді.
Клиенттерге несие алу үшін өтінім тапсырған кезде жоспарланған несие бойынша негізгі мәліметтер көрсетілген талондар берілуде. Қазіргі уақытта бұл талондық жүйе шаруашылық бастауға өтінім берушілер үшін өте тиімді екенін көрсетті.

Бұл жүйе несиелеу өтінімдерін қарастыру ашықтығын қамтамасыз етеді.Талонда несиелеу шарттары, тапсырылған құжаттардың тізімі, өтінім берілген күні мен өтінімді қарастыру аяқталатын күн көрсетіледі. Өтінімді қарастыру бойынша бизнес-процесс толығымен сайтта көрсетіледі. Клиент өз өтінімінің жолын kazagro.kz порталына тіркеліп, көре алады.
Талонда клиенттің аты мен несиелеу бағдарламасы, қаржыландыру көзі, сома, проценттік үстеме, негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдетілген мерзім, өтінімді қабылдаған менеджердің мәліметтері мен байланыс телефоны көрсетіледі.

Талон клиенттің қаржыландыруға қажетті құжаттар пакетін тапсырғанын дәлелдейді. Талон басылғаннан кейін несиелеу өтінімі қарастыруға жіберіледі. Клиент kazagro.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, өз өтінімі бойынша жүріп жатқан процесті біле алады.

«Талондық жүйенің негізгі артықшылықтарының біріне тоқталатын болсақ, бұрын клиент несие өтінімін тапсырып, ұзақ уақыт жауап күтетін. Құжаттардың толық пакетін тапсырғанын растай алмайтын. Жауапты қызметкерден белгілі бір мерзімнен кейін жауап ала алмайтын. Клиентке өтініміне қатысты кімнен не сұрау керектігін білу қиын болатын. Ал, мына талондық жүйеде тапсырылған өтініммен тікелей айналысатын қызметкердің аты-жөні, байланыс телефоны көрсетіледі», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несиелеу департаментінің директоры Геррард Бааль.

Тағы бір мәселені айта кеткен жөн. Ол – өтінім тапсырғаннан бастап, клиенттің несие алуына рұқсат берілгенге дейінгі аралықта кететін уақыт мәселесі. «Көп жағдайда уақыт кепілдікке қойылатын мүлікті заңдастырмағандықтан созылып кетеді. Мысалы, кейбір адамдардың ауласында қорасы бар болғанымен ол техпаспортта көрсетілмеуі мүмкін. Яғни, мал ұстайтын қорасының құжатпен заңдастырылуы шарт. Бұдан басқа да кепілдікке қоятын жер учаскелері, техникалары және тағы басқа да мүліктері заңдастырылған болуы тиіс. Сондықтан өтінімді қарау уақыты құжаттарды толық жинап, өтінім тапсырылған күннен бастап есептеледі. Сонымен қатар, өтінімдерді қарау мерзімі оңтайландырылды», – деп атап өтті несиелеу департаментінің директоры Геррард Бааль.

Биыл өтінім берген заемшылар алғаш рет талондық жүйені пайдаланып, оның артықшылықтарына көз жеткізді. Бұл жүйені бұрынғылармен салыстыруға мүлде келмейді. Алыс ауылдарда тұратын шаруалар жолға ақша шығарып, уақытын кетіріп сабылмайтын болды. Мұның алдында қосымша сұрақтар туындаса немесе кейбір талаптарды түсінбей жатса офиске келуге және онда кезекке тұрып қаншама уақыт жоғалтуға тура келетін. Ал талондық жүйе – өтінімнің қаралу процесін ауылда отырып-ақ көруге мүмкіндік беретін қарапайым жүйе. Әсіресе шалғай ауылдарда тұратын азаматтар үшін өте қолайлы. Сондықтан, несие алуға өтінім беремін деушілер осы жүйені меңгеріп алғандары абзал. Ол үшін облыс орталықтарындағы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Семей қалаларындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының филиалдарына хабарласу қажет немесе барып толық мәлімет алған дұрыс.

Динара Дүрмән

Тэгтер "ҚазАгро"

Соңғы жаңалықтар