Жаңалықтар

Президент сайлауына түсетін жеті үміткер

ашық дереккөзі

Президент сайлауына түсетін жеті үміткер

Тура 1 айдан кейін, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысатын кандидаттардың есімі толықтай белгілі. Президенттікке үміткер атанған тұлғалардың қай-қайсысы да еліміздің саяси-қоғамдық дамуына атсалысқан. Сонымен бұл сайлауда елімізде тіркелген саяси партиялардың өкілдерімен қатар, республика еңбеккерлерінің құқығын қорғайтын Кәсіподақтар федерациясынан, рухани-патриоттық бірлестіктерден кандидаттар тіркелді. БАҚ өкілдері мен сарапшылар 9 санына баса ден қойғаны жасырын емес. Жыл басынан бері осы санмен байланысты мемлекеттік саяси оқиғалар жиі тіркелді. Расымен де 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына 9 кандидат қатысатын болған. «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рахымбеков, Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ақ жол демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Дания Еспаева, «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Ерғалиев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәді-Бек Түгел, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясына қажетті 7 құжат топтамасын толық тапсырған. Бірақ «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Ерғалиев кейіннен президенттікке үміткер ретінде ұсынған өтінішін кері қайтаратындығын мәлім етіп, «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаеваға қолдау білдірді. Ал Орталық сайлау комиссиясына соңғы болып өтінім білдірген Жұматай Әлиев мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмай қалды. «Мемлекет және Дін» тақырыбында 13 сөйлемді шығарма жазып, 19 қате жіберген. Лингвистикалық комиссия мүшесі Әділ Ахметов: «Тақырып мүлдем ашылмаған, сөйлемдерінің барлығы жүйесіз. Дін мәселесі де мүлдем ашылмады деуге болады, үстірт. Екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының 2-томынан үзінді оқыды. М.Әуезовтің сөзі «қыздың жиған жүгіндей» ғой. Мәтіннің өз әуезі бар. Бұл жерде де өзінің шорқақтығын байқатты. Үшінші кезеңде «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбында баяндама жасады. Тақырып мүлдем ашылмады. Сауатсыз болды. Сегізден астам қате жіберілсе, шығарма теріс бағаланады. Сондықтан президенттікке үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген комиссия қорытындысы шықты», – деді. Қалған үміткерлердің бәрі де мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін арнайы құрылған лингвистикалық комиссия алдында емтихан тапсырып, сыннан сүрінбей өтті. Осылайша ҚР азаматтары 9 маусым күні 7 үміткер арасынан, өзі үміт артқан бір кандидатқа дауыс бере алады.