Жаңалықтар

Қорғаныс саласын кімге сеніп тапсырдық?

ашық дереккөзі

Қорғаныс саласын кімге сеніп тапсырдық?

Кез келген мемлекетті басқалардан биік, беделді ететін үш тұғыр бар. Ол – айбынды әскер, қарыштаған экономика, демографиялық өсім. Мұның бірі екіншісінен әлсіз болса, ол мемлекеттің әлем алдында абыройы төмен. Демек, бүгінгідей алмағайып заманда әскердің қуатты әрі барлық жағдайға сақадай сай болуы аса маңызды. Тіпті, бұл осы саланы басқаратын басшыларға да байланысты. Қазақстан Республикасының саяси жүйесін қалыптастыру, экономиканы қайта жаңғырту, әлеуметтік басымдықтарды анықтау үшін ең алдымен сенімді әскери жүйе құрылуы қажет еді. Әскерімізді ыдыраған КСРО құрамынан алып, Қазақстанның заңды құзыретіне көшіру жағдайында қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір мәселе күйінде тұрды. Бұл ретте әскерлердің жауынгерлік деңгейін төмендетуге де жол бермеу керек болды. Қазақстанның әскери құрылыс тәжірибесінің болмауына, өтпелі кезеңнің объективті қиындықтарына қарамастан, біз қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерімізді құра алдық. Еліміз тәуелсіздік алғалы қорғаныс саласын жетілдіру мәселесі қолға алынды. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі бас қолбасшылық еткен қазақ қарулы күштеріне жыл сайын жаңа реформа, тың үрдіс енгізіліп келеді. Сала қомақты қаржыдан да қағылған жоқ. Алайда, қорғанысты берік ету мақсатында тағайындалған министрлер бұл салаға қаншалықты еңбек сіңірді? Нағыз өз ісінің маманы басқарды ма?