8 Мамыр, 22:08 497 0 Аймақ Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

 Биыл Алматыда 1400 адам қоныс тойын тойламақ

Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасының Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бағыты бойынша 1 400 алматылық тұрғын қоныс тойын атап өтпек, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ТҮҚЖБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың ішінде Алматылық 472 отбасы өз пәтерлеріне кіруге дайындық үстінде. Олардың алған баспаналары Алматы қаласының Алатау ауданындағы "Саялы" ықшам ауданында орналасқан. Бүгін жаңа қоныс иелерін Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) Басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев құттықтап, оларға пәтер кілтін табыстады. "Бүгін тұрғындарымызбен бірге бәріміз қоныс тойын атап өтудеміз. Олар тұратын Алатау ауданы - дамып келе жатқан жаңа аудандардың бірі. Мұнда мектептер, ауруханалар, бала бақшалар мен спорт кешендері бар. Біз тұрғындарымыздың осы ауданда жайлы өмір сүруі үшін, оны одан әрі көркейтуге барынша жағдай жасаймыз", - деп атап өтті Мұхит Әзірбаев.  -Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының қоныс тойы тағы бір қуанышты жайт, яғни тұсау кесер шарасымен тұспа тұс келді. Бұл дәстүр "Саялы" ауданының кішкентай тұрғыны үшін ғана емес, сондай-ақ, осы қуанышқа жиналған барлық қауым үшін де аса маңызды. Осы жылы Алматы қаласында дәл осындай қоныс тойын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тағы кемінде 1 000 салымшысы атап өтпек. Бұған қоса, Алматы қаласында алдағы жылы шамамен 600-дей пәтер сатылымға қойылады. Ол үшін қала әкімдігі тарапынан 18 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған, - деді Жанар Жұбаниязова.

Құттықтаулармен қоса, банк және әкімдік қызметкерлері Саялы ықшам ауданы тұрғындарына өз үйлерінің аулаларын көркейтуге ат салысты. Осылайша, 50-ден астам ақ қайың көшеттері жаңа салынған үйлердің көркін келтірді. Мемлекеттік бағдарлама аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары алған үй 1 шаршы метрі 159 000 теңгеден таза әрлеу күйінде берілді. Аталған пәтерлерді сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта тұрғын үй бағасының кемінде 20 пайызын жинау талап етілді. Бұл "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша қойылған шарттардың бірі. Ал, заем бойынша мөлшерлеме жылдық 5 пайызды құрады. Мәселен, 6,4 миллион теңгелік бір бөлмелі пәтерді сатып алу кезінде, банктегі депозитте 1,3 миллион теңгені жинау талап етілді. Ол үшін Мөлдір Азанбекованың отбасына екі жыл қажет болды. Енді олар өз баспанасына қол жеткізіп, қоныс тойын атап өтті. "Бұған дейін біздің өз үйіміз болған жоқ. Біз жұбайымыз екеуіміз ғылыми қызметкер ретінде зерттеу орталығында жұмыс істеп жүріп, қызметтік пәтерде тұрдық. Әрине, ол өзіңе тиесілі болмағандықтан, өзімізді ол үйдің толықтай иесі сияқты сезіне алмадық. Өз бапанаң ертеңгі күнге деген сенімділікті арттырады. Ал осы пәтердің несиесіне кететін қаражат отбасылық бюджетімізге еш ауыртпалық түсірмейді. Ай сайынғы несиені өтеу сомасы 45 000 теңгені құрайды", - деді өз ойымен бөліскен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы Мөлдір Азанбекова. Осы жылдың алғашқы 4 айында 12 656 қазақстандық отбасы өз қоныс тойларын атап өтті, олардың 3 132-сі – "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана алғандар. Жалпы, аймақтардағы әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бойынша 14 220 пәтерді қолданысқа беру жоспарлануда. Тұрғын үй нысандары жөніндегі барлық ақпарат baspana.kz порталында жарияланған.

Соңғы жаңалықтар