Жүздеген үй 1 еуродан сатылуда
Жүздеген үй 1 еуродан сатылуда
Сицилияның оңтүстігіндегі Иуссомели қаласының жергілікті билігі жүздеген ескі үйді сатылымға шығарды, олардың әрқайсысы 1 еуро тұрады (427 теңге). Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Үйді сатып алатын болашақ қожайындарына бір жыл ішінде күрделі жөндеу жүргізу шарты қойылған. Яғни бір шаршы метріне жоқ дегенде 95 еуро жұмсаулары керек. Өйтпеген жағдайда үй есі 7 мың еуро көлеміндегі кепілдік депозитінен айырылады.
Жергілікті билік сәулетшілер мен инженерлерге көмек беруге дайын екендерін мәлімдеді. Сондай-ақ, жақын арада осындай тағы 400 ұсыныс болуы мүмкін.
Қаңтар айында италиялық Самбука-ди-Сицилия муниципалитетінің билігі үйлерді 1 еуродан сататындықтарын хабарлап, сатылымға ондаған тарихи нысанды шығарған. Басты мақсат – көне ғимараттарға қайта көрік беру жолында халықты тарту.
Сатып алушыларды 3 жыл ішінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттеген. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарына кем дегенде 15 мың еуро жұмсаулары қажет болған.
Асхат РАЙҚҰЛ