Ресейде Әлия ескерткіші ашылды
Ресейде Әлия ескерткіші ашылды
Жеңіс күні қарсаңында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының даңқты мерген қызы Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылды, - деп хабарлайды Nur.kz сайты.
Ескерткіштің ашылуы салтанатында Ресей Федерациясындағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов бұл батыр қызымызды мәңгі есте қалдыру шарасы ғана емес екенін, осы арқылы барлық Ұлы Отан соғысы қаһармандарына, оның ішінде Ленинградты қорғаушыларға құрмет көрсетіліп отырғанын жеткізді.
«Соғыс тарих қойнауына сіңіп, одан әрі алыстай бермек. Алайда түрлі буындар өкілдері сол бір сұрапыл жылдар мен миллиондаған адамның қайғы-қасіретін әр кезде де есте сақтайтын болады, – деп атап өтті ол. – 19 жасар Әлияның елін қорғаудағы ерлігі өшпек емес. Ол өзінің снайперлік қаруымен 78 фашистің көзін жойып қана қойған жоқ, біздің ортақ Отанымыз үшін саналы түрде жастығы мен өмірін құрбан етті».
Иманғали Тасмағамбетов ресейліктердің батырлар даңқы асқақтатылуына деген айнымас адалдығы мен құрметтері үшін алғыс айтып, осынау көрнекі орынға келушілер қазақтың батыр қызы үшін бір кездері өзі тұрған, оқып, білім алған батыр-қала Ленинград пен Ресей жері қаншалықты қымбат болғанын шынайы сезініп, айқын көз жеткізетініне сенім білдірді.
Салтанатты рәсімге қазақтың айтулы әншісі, Қазақ КСР-інің халық әртісі, өзінің ән әлеміндегі танымалдылығы жолын «Әлия» әнін орындаумен бастаған Роза Рымбаева мен Әлияның бауыры Сапар Молдағұлов қатысты.
Батыр-қаладағы батыр қыздың ескерткіші қалалық гүлзарлардың бірінде өзінің есімі берілген көшенің бойында орналасқан. Қоладан сомдалған биіктігі үш метрлік мүсіндік композиция алқызыл мәрмәр-тұғыр үстіне қойылған. Ескерткіш Санкт-Петербург қалалық әкімшілігінің, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің, Ақтөбе және Атырау облыстық әкімдіктерінің бірлесе күш жұмылдыруының нәтижесінде еңсе көтерді. Шығармашылық жобаның авторы – белгілі қазақ мүсіншісі Едіге Рахмадиев. Оның айтуынша, жас та сымбатты батыр қыз бейнесіне оның мейлінше жақсы сақталған, бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуреттерінің бірі негіз етіліп алыныпты. Монументтің материалдары негізінен Қазақстан тарапынан жеткізілген.
Осы күні ескерткіштің ашылуы құрметіне Санкт-Петербургте мемлекеттік академиялық капелланың концерті ұйымдастырылды.