3 Мамыр, 14:47 743 0 Өнер Арман Құдайберген

Алты алаштан озып, алты құрлыққа танылған таланттар

Жуырда Ресейде «Бала дауысы – 2019» телевизиялық ән байқауы мәресіне жетті. Финалдық бәсекеде бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим ел намысын қорғап, жүлделі екінші орынды иеленді. Оның талантын мойындап, «бірінші орынға лайық өнер көрсетті» деп қолдау білдіріп жатқан жұрттың қарасы қалың. Жалпы, соңғы жылдары әлем таңдай қағып жатқан таланттар арасынан қазақстандық жас өрендер де бой көрсетіп жүр. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің өзі жиырмадан жаңа асқан шағында әлемдік деңгейдегі кәсіби мамандардың оң бағасын алып, бертін келе миллиардтарды мойындатты. Қоғамның қай саласында болмасын талантты қазақ жастары жеткілікті. Оларды уақытында көріп, бағалай алып жүрміз бе? Неге өз өрендерімізді шетке шыққанда танып, жатпен бірге таңдай қағамыз? Өзгелер болмаса қайтер ек? Мәселе осында...

Қазақ топырағында туып, даласында өскен талантты тұлғалар қатары аз емес-ау. Олардың арасында жасындай жарқ еткен жастар буыны да баршылық. Кешегі Бекзат Саттарханов пен Денис Тен көрсеткен жанкешті еңбекқорлықтың өзі бір ұрпақ бойына азық болуға жетіп жатыр. Осыдан болса керек, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Бақсақ, бұған негіз боларлық талай жайт бар екен. Оның ең негізгі алғышарты – талантты қазақстандық жас өрендер қатарының көбеюі.

Қазір әлемдік музыка кеңістігінде «Димаш – қазақ өнерінің феномені» деген түсінік қалыптасып келеді. Бұл Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері қазақ өнері мен өнерпаздарының ең биік сатыға көтерілген шағы шығар. Кей сарапшылар: «Димаш болашақта әлемдік ән кеңістігінің феноменіне айналады» дегенді жиі айтып жүр. Димаштың артықшылығы музыкалық сауат, ғажайып дауыс бояуы екенін сала мамандары тамсана айтып жүр. Оның дауыс диапазоны алты октава болатын болса, кәсіби опера әншілерінде екеу ғана екен. Мұның өзі біраз жайтты аңғартады. Ол баритонды тенордан колоратурды сопраноға дейінгі аралықта ән шырқайды. Және қай диапазонды болмасын өзіне мойынсұндырып, ғажайып ән тудыра біледі. Диапазон тұрғысынан келсек, Димашқа теңдесетін көзі тірі әнші әлемде жоқтың қасы. Бұл – кәсіби музыкатанушылар сөзі. Отандасымыздың танымалдығы мен абыройы артқаны соншалық, әлемнің әр түкпірінде Димаш Құдайбергеннің фан-клубтары ашылып, қарқынды жұмыс істеуде. Димаш өнерін бағалаушылар арасында еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бар десек, артық айтпаспыз. 72 жастағы Джеки Брукс есімді америкалық әйел: «Бір күні интернетте «әлемнің үздік дауысы» деген видеоны байқап, «бұл неғылған дауыс екен» деп көруге шешім қабылдадым. Онда Димаш «Опера-2» әнін орындап жатты. Керемет әсер алғаныммен, оның даусы №1 дегенге сеніңкіремедім. Сосын басқа әндерін тыңдай бастадым. Қазақ, орыс, француз, қытай тілдерінде ән айтатын өнерпаз мені тағы қалай таңғалдырады екен деп ол жайында кеңірек іздендім. Мен 72 жастағы әйелмін, немереммен қатар азамат мені таңғалдыра бастады. Неге? Димаштың харизматикасы қатты ұнайды. Оның даусы уақыт өткен сайын жақсара береді. Ол әнді бар жүрегімен орындайды», – деп баға беріпті. Бұл отандасымыз жайында айтылған миллиондаған пікірдің бірі ғана. Интернетке жүктелген Димаш жайлы видеоның қай-қайсысы болмасын миллионнан көп қаралып, мыңнан астам пікір жазылатыны тағы бар. Қысқасы, Димаш қазақстандық өнерпаздарға әлемдік музыка кеңістігіне шығатын алтын көпірді салып бергендей. Димаш жайлы айтылар, жазылар әңгіме мұнымен бітпек емес, керісінше енді басталып келеді.

Әлемдік классикалық музыка майталмандары тағы бір қазақстандық жас өнерпаз десе, «ішкен асын жерге қояды». Ол Павлодар облысының тумасы – Мария Мудряк. 3 жасынан бастап өнер жолына түскен отандасымыз осы күні әлемде үздік сопрано дауысты 10 әншінің қатарында. Мария онысын «Бельведер» халықаралық байқауына қатысқан шағында дәлелдеген-ді. 5 жасында ондаған шығармадан тұратын «Машенька» атты жеке альбом шығарған. Онысы 250 мың данамен әлем елдеріне таралып, танымалдыққа кенелген. Марияның өзі бір сұхбатында: «Мені балалықты көрмей өсті деп сынайтындар бар, мен керісінше ең бақытты бала болдым» деген еді. Расында да, 10 жасында италиялық атақты тенор, маэстро Карло Гайфадан шақырту алып,  оның «Scuola Musicale di Milano» жоғары музыка академиясында оқу кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт. Мария Мудряк талантымен Еуропа жұртын таңғалдырып қана қоймай, атақты мамандардың тәжірибесін үйреніп, іргелі оқу орындарынан білім алды. Карло Гайфаның музыка академиясында оқып жүріп, Джузеппе Верди атындағы Милан Мемлекеттік консерваториясына қабылданды. 4 жылдан кейін, 18 жастағы Мария Мудряк дипломын өте жақсы қорғап шықты. Бүгінде Еуропа жұртшылығы отандасымыздың талантымен қатар, сұлулығына тәнті болысып, театрға ағылып жататын көрінеді. Мария осыдан 15 жыл бұрын анасымен бірге Италияның Милан қаласына қоныс аударған. Қазақстанға келіп тұрады. Сәуір айының 6-сы күні 25 жасқа толған туған күнін туған өлкесіне келіп, өзі оқыған мектепте өткізген-ді. Бұл жайды әлемдік және қазақстандық БАҚ өкілдері жарыса жазды. Естеріңізде болса, Мария Мудряк EXPO-2017 көрмесінің ашылу салтанатында өнер көрсетті.

Классикалық музыка жанрында қазақ баласы Рахат-Би Әбдісағынның есімін айрықша атап өту керек. Қазақтың Моцарты атанған отандасымыз 10 жасынан бастап музыка жаза бастаған. Ол – шығармалары бүкіләлемдік қорға (Оңтүстік Иллинойс университетінің «Discography» оркестріне арнап фортепианомен орындалатын туындылар) кірген Қазақстанның жалғыз композиторы. Бұл қорда классика алыптары Бах, Моцарт сынды үздіктер шығармасы сақтаулы. Отандасымыздың шығармаларының денін Еуропа мен Азия, Американың атақты солистері, камералық ансамбльдері мен симфониялық оркестрлері орындайды. Рахат-Би 1999 жылы туған. Ерекше зеректігінің арқасында 7 жылдық музыка мектебін 3 жылдың ішінде оқып тауысты. Небәрі 13 жасында Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясына қабылданып, 18 жасында өнер магистрі атанды. П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында стажировкадан өтіп, Италиядағы атақты ЖОО-ның докторантурасына қабылданды. Музыкадан бөлек, бірнеше өнер түрін жетік меңгерген. Сегіз тілде еркін сөйлейтін Рахат-Би 14 жасында «Mathematics and Contemporary Music» ғылыми еңбегін жарыққа шығарды. Рахат-би Қазақстандағы ең жас «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Жиырмаға жаңа толған қазақ баласының бүгіні жарқын болып тұрғанда, болашағынан неге үлкен үміт күтпеске?!

Қазақстандағы классикалық музыканың болашағы жайында аз-кем әңгімелесек, 13 жасар Нұрәлі Бейсеқожаев алғашқылардың бірі болып айтылады. 5 жасынан бастап авторлық шығармаларды өмірге әкелген отандасымыз бүгінде А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында білім алады.

Вокалдық туматалантты Қазақстанның жас өнерпаздары күн артқан сайын көбейіп келеді. 2015 жылы «Аялаған Астана» ән байқауында Данэлия Тулешованың өнері талайды таңғалдырған-ды. Небәрі 9 жасар қыз аталған байқаудың бас жүлдесімен қоса, көрермен көзайымы атағын еншіледі. Отандасымыз осыдан кейін үлкен сахнаға қадам басып, халықаралық байқауларда абыройлы өнер көрсетіп келеді. Оның ең үлкен жеңісі – 2017 жылы Украинада өткен «Бала Дауысы» байқауының бас жүлдесі. Финалдық кезеңге өткен Данэлияға сол кезде қазақстандық жанкүйерлерден гөрі украиндықтар көп дауыс бергені бар. «11 жасқа жаңа толған қызда мұндай вокалдық ерекшелік, ересектерге тән дауыс күші қалай пайда болды» деп ресейлік, украиндық мамандар таң қалысқан сол кезде. Кейіннен оның ата-анасының өнерден алыс емес екендігі белгілі болды. Әкесі Александр Тулешов музыка мектебінің фортепиано сыныбын бітірген. Анасы Елена Тулешованың ән салу қабілеті бар. Қалай десек те талантты отандасымыздың болашағынан үміт күтіп отырғандар жетерлік.

Данэлия Тулешова жеңісінен кейін, араға жыл салып Ержан Максим есімді талантты қазақстандық өнерпаз Ресей даласын әнге бөледі. 2007 жылы туған Ержан 4 жасынан бастап ән салған екен. Республикалық, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы. Ресейдегі бала дауысы байқауының 6 маусымына қатысқан ол алғашқы күннен бастап көрермен көзайымына айналды. Отандасымыздың өнерін көрген жұртшылық алдын ала бас жүлдені «беріп» те қойған-ды. Не керек, Ержан мен Микелла Абрамова арасындағы финалдық бәсеке тартысқа толы болды. Олай деуімізге айтарлықтай негіз бар. Әлеуметтік желідегі белсенділер қорытынды жарияланғаннан бері сайыстың әділ өтпегенін айтып шыр-пыр болуда. Тіпті Ресей шоу- бизнесінің өкілдері де Микелланың бас жүлде алғанына емес, Ержанның екінші орын алғанына наразы екендіктерін айтты. Микелла әйгілі әнші Алсу мен кәсіпкер Ян Абрамовтың ортаншы қызы болғандықтан бас жүлдені иеленді дейді жұрт. Бәлкім, рас та шығар... Әйтеуір қазақ баласы Ержанның есімі Алсу мен Ян Абрамовтың, күллі ресейліктердің есінен кетпестей жатталып қалатын болды. Байқаудың видеосы «YouTube» желісіне жүктелгеннен кейін бірнеше тәулік ішінде танымал видеолар көшін бастады. Микелла Абрамованың «Ты здесь» әні 1 миллион 600 мың рет көрілген, ал үшінші күні бейнежазба қолжетімсіз болып қалды. Оған басты себеп 60 мыңға жуық адамның кері лүпіл басуы мен жазылған пікірлердің жағымсыз болуы дейді мамандар. Ал Ержанның өнерін 3 миллионға жуық адам көріп, 20 мыңға жуық жағымды пікір жазылған. Ұнату белгісін басқандар саны да 100 мыңнан асып кетіпті.

Бақсақ, қазақ даласында туған жас өрендер арасында әлем таңдай қағарлық таланттылар баршылық. Күн өткен сайын олардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Сол буынның бой түзейтіні Димаш Құдайберген болса, қазірдің өзінде отандасымызды ресейліктер алақанына салып, «біздің Димаш, біздің ұл» деп қолпаштап жатқанын көріп, естіп жүрміз. Айтпағымыз, өнерпазды бағалау, талантты танытып, оларға қанат бітіру – бізге жүктелген жауапты міндет екенін естен шығармасақ дейміз.

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН

Соңғы жаңалықтар