ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДІҢ ЖАҚСЫСЫН ҮЙРЕНІП, ЖАМАНЫНАН ЖИРЕНЕЙІК

ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДІҢ ЖАҚСЫСЫН ҮЙРЕНІП, ЖАМАНЫНАН ЖИРЕНЕЙІК

ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДІҢ  ЖАҚСЫСЫН ҮЙРЕНІП,  ЖАМАНЫНАН ЖИРЕНЕЙІК
ашық дереккөзі
Бұл мақаланы жазуыма себеп – көптен бері мені толғандырып жүрген орынсыз еліктеу мәселесі. Соңғы кезде азаматтарымыздың   жан-жаққа еліктеуі белең алып  кетті. Бізде қазір екі адамның бірі дамыған ел боламыз дейді. Дамыған деп Еуропа, Америка, Жапонияны айтады. Қай тұрғыда дамыды деп қарамаймыз. Тек экономикасын не инновациясын аламыз. Біздің зерттеуіміз бойынша, бұл елдерді біржақты ғана дамыған, таудан төмен түсіп келе жатқан адамдарға ұқсатамын. Оны дәлелдеу қиын емес, демографиясына қарасақ Еуропа, Америка болсын, кейбір Азия елдері болсын, не болып жатыр? Этностар қартайып жатыр. Қарттары көп, жастары аз. Жастар неге аз, өйткені туу аз. Бала туу өте сирек. 1 бала немесе 2 бала болады. 3-4 бала деген кездеспейді. Халық даму үшін, өсу үшін кемінде әр жанұяда 3 бала болуы керек. Бұл демографияның өсу заңы. Сондықтан  бара-бара 20-30 жылдан кейін бұл этностар соғыспай,  шабыспай жоқ болып кету қаупі зор.  Бұл демографиялық өсімнің түсіп кеткеніне байланысты. Ал этнос жоғалса, тіл де, жалпы өркениет те болмайды. Мен өз басым көптеген шет мемлекеттерде болған кезде осы құбылыстарды көзіммен көріп жүрмін. Сонда біз кімге және неге еліктеп жатырмыз? Жастарымыз қазіргі уақытта осы елдерге кетіп жатыр. Жоғары оқу орындарын сол елдерде бітіріп, көп жастарымыз Отанына қайтпай, сол елдерде қалып қояды. Дамыған елдерде демография неге түсіп кетті, себебі рухани дамулары төмен. Дінді айтып отырмын. Шіркеулері бос тұрады. Англияда шіркеулерді мұсылмандарға жалға береді. Үлкен-кіші демей адамдар ойын-сауық орталықтарында көп уақыттарын өткізеді, алкоголь, темекіні  пайдаланады. Жоғарыда айтылған  көріністердің түпкі себебі рухани дамудың құлдырап кетуінде. Шынайы дін – адам қоғамының, жеке адамның, жалпы қоғамның өмірінің негізі. Қазақстанның өз жолы болуы қажет. Біз басқа жаққа еліктемей, өз бағытымызды тауып алайықшы. Ешкімге еліктемейміз деп көкіректеніп жүріп артта қалып қоймаймыз ба? Батыс елдерінің оңтайлы құндылықтарының бар екенін жоққа шығармайық. Ғылымға қатты көңіл бөлу, инновациялық даму, қоғамдық тәртіп, үйде де, түзде де тазалық, тауарлар мен қызмет көрсетудің жоғарғы сапасы, қоршаған ортаны қорғауға көңіл бөлу, эстетиканы жоғары бағалау т.б. құндылықтар бар екенін мойындау керек. Қазақстан мемлекеті егеменді ел болып ғарыштап дамып жатқанымызды дәлелдеп келеміз. Мен өзім сонау қайта құру кезеңінен бері айтып жүргендей ұлтымыздың қабілеттілігіне, ғылымымыздың өркендеп  дамитынына кәміл сенемін. Оның бір дәлелі Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары Әлемдік ғылымға өз үлестерін қосып жатыр. Мысалы: соңғы 4-5 жылда еліміздің ғалымдары ашқан ғылыми жаңалықтар аз емес.  Академик Мұрат Жұрынов бастаған бір топ ғалымдар «титан» деген химиялық элементтің табиғи қасиеттерінің заңын ашты. Сонымен қатар, әлеуметтік Гармония заңын әлем бойынша алғаш рет академик  О.Баймұратов ашты. Осы алғаш рет ашылған екі заңға авторлар дипломдар алды. Гуманитарлық ғылым саласында жаңа заң ашу әлемде жыл сайын бола бермейді. Жүздеген жылдарда бір рет болатын жағдай. Мысалы сонау антика заманынан бүгінгі күнге дейін Сократ пен Аристотельден бастап қанша ойшылдар, керемет ғалымдар, данышпан аталған классиктер ашпаған заңды Қазақстанның солтүстігінде шалғай ауылда туып-өскен азамат ашты. Ғалымдардың толып жатқан патенттері, авторлық куәліктері өз алдына. Біздің өз жолымыз қандай? Ол Гармония жолы. Яғни, Гармония қандай болуы қажет, оның 4 бағыты болуы керек. Бірінші бағыты − этика, яғни рухани байлықтарымыз, оған жататындар  дін, тіл, ғылым, мәдениет және басқа құндылықтар. Екінші бағыты − демография, жоғарыда айтылғандай ол жақсы дамуы қажет. Үшіншісі − демократия, оның шектен шықпай дамуы, теріс құндылықтарға жол бермеуі (арақ ішу, темекі тарту, бір жыныстылардың үйленуі, ашық-шашық киіну, пайызбен қарыз алу және беру, тағы басқа жарамсыз құндылықтар) маңызды. Төртіншісі − демоэкономика, яғни экономика мен әлеуметтік жағдайдың жеткілікті дамуы. Осы 4 бағытты қатар дамытсақ, бізде тұрақтылық, өркендеу, болашағымыз, иншалла, жарқын болады. Даму болған жерде құру болмайды. Сондықтан менің айтайын дегенім, Гармония бағытына  түсейік, тура жолдан таймайық, көрінгенге еліктеп адасып кетпейік.

Ораз Баймұратов,

ҚР ҰҒА академигі