БЕС БАСТАМАНЫҢ БЕРЕРІ КӨП

БЕС БАСТАМАНЫҢ БЕРЕРІ КӨП

БЕС БАСТАМАНЫҢ БЕРЕРІ КӨП
ашық дереккөзі
Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жасаған еді. Осы уақыт аралығында республикамыздың әр түкпірінде аталған бастаманы негізге алып, талай тыңғылықты істер атқарылды. Әлеуметтік тұрмыс жағдайын көрсететін баспана мәселесі реттеліп, «7-20-25» бағдарламасы іске асырылуда. Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту ісі де жолға қойылып келеді. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға қыруар қаржы бөлінді. Кәсіп ашып, өз ісін жолға қоя алмай жүрген жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шағын несие беру ісі еселеп артты. Елбасы үндеуінде: «2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан, 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді», – деген еді. Бұл жұмыс та оңтайластырылып, өз шешімін табуда. Ендігі мәселе – елді көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Бұл жайында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр», – деп айрықша тоқталып бастама көтерген-ді. «Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Елбасы өз үндеуінде. Өткен жылдың соңында индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпы ұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын бастауға рұқсат берді. «Сарыарқа» магистральды газ құбырының «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша бірінші кезеңі 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Бірінші кезеңнің болжамды құны 267 млрд теңгеден асады. Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласының әкімдіктері магистральды газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысының мерзімін ескере отырып, инфрақұрылым құрылысы үшін жол картасын әзірлеген. Телекөпірде сөз алған «АстанаГаз ҚМГ» бас директоры Сағидолла Мақашев: «Сіз жариялаған Бес әлеуметтік бастаманың бірі елдің орталық және солтүстік бөліктерін газдандыруға арналған. «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағдары бойынша өтеді. Оның жалпы ұзындығы 1 061 шақырымға тартылады және бір жылдағы газ өткізу мүмкіндігі 2,2 млрд текше метрге жетеді. Аталған жобаны іске асыру 2 млн 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады», – деген болатын. Бұл да қоғам үшін пайдалы, өзекті тақырып болып келген. Сәуір айының басында ғана «Сарыарқа» газ құбырының алғашқы шақырымы тартылды. Тапсырмаға сәйкес, алдымен Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі бөлігі салынады. Одан кейін қазақстандық көгілдір отын біртіндеп солтүстікке жеткізіледі. Жалпы алғанда Қазақстанның табиғи газ қоры аз емес. Еліміз әлем бойынша 22-і орында, ал ТМД аумағында Ресей мен Түрікменстаннан кейін үшінші орында тұр. Көгілдір отынның жалпы қоры 3,9 триллион текше метрді құрайды екен. Соның басым бөлігі – мұнай кен орындарынан шығатын ілеспе газ. Өткен жылы Қазақстанда 55,5 миллиард текше метр газ өндірілді. Соның 15 миллиард текше метрі ішкі нарыққа жіберілсе, 19 миллиардтан астамы шетелге сатылған.

«Түркістан-ақпарат»