Еліміздегі 27 мыңдай қоғам­дық ұйым бар, бірақ...

Еліміздегі 27 мыңдай қоғам­дық ұйым бар, бірақ...

Еліміздегі 27 мыңдай қоғам­дық ұйым бар, бірақ...
ашық дереккөзі

«ҮЕҰ-ның мемлекетпен байланысы және өзара іс-қимылдарын зерттеу» жобасының қорытындысы жарияланды.

«Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебі мен Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті бірлесе өткізген зерттеу барысында елімізде белсенділігі төмен 5571 үкіметтік емес ұйымның бар екендігі анықталып отыр. «ҮЕҰ-ның мемлекетпен байланысы және өзара іс-қимылдарын зерттеу» деп аталатын жоба үкіметтік емес ұйымдардың мемлекетпен байланысын айқындауға бағытталған. Жобаға бас-аяғы 27 мыңдай қоғам­дық ұйым қатысып, олардың 13 мыңнан астамы ғана мемлекетке салық төлеп отыр. Ал қалған ұйымдардың әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда белсенділігі төмен. Бір сөзбен айтқанда еліміздің жалпы ішкі өніміне үлес қосып отырған белсенді ұйымдар саны 7 мыңға жуық. Өткен аптада жоба қорытындысымен таныстыру үшін БАҚ өкілдерінің басын қосқан кездесуде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тілдерді дамыту және қоғамдық ̶ саяси жұмыс комитеті және саяси менеджмент мектебі өкілдері аталған бастама төңірегінде қойылған сұрақтарға жауап беріп, ҮЕҰ жұмысын арттырудағы кем-кетік тұстарды сарапқа салды.

«Нұр Отан» партиясы саяси менедж­мент мектебі талдау және үйлестіру бөлімі сарапшысы Таңшолпан Жауынбай: «Зерттеудің негізгі мақсаты  ̶ Қазақстан Республикасындағы тіркелген ҮЕҰ-ның бүгінгі жай-күйі мен оның даму перспективасын анықтау. Зерттеу барысы мониторинг, сараптамалық, әлеуметтік-сауалнамалық зерттеу сынды бірнеше құрылымдардан тұрады. Аталған жоба аса өзекті. Бұл ретте зерттеу нәтижесінде «Қазақстан ҮЕҰ» Ұлттық баяндамасы әзірленгендігін де айта кеткен жөн. Оның ерекшелігі сол, еліміз бойынша іріктеуден өткен ҮЕҰ-дардың ғана жұмысы басшылыққа алынған. Сонымен қатар, саяси менеджмент мектебінің жүзеге асырған жобасы бойынша мемлекеттік мекемелердің оның ішінде Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитеті, Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті, Әділет министрлігі, облыс аймақтарындағы Ішкі саясат басқармаларымен бірлесіп жүр­гізілген жұмыс баяндаманың әзір­ле­нуіне негіз болды»,  ̶  деді.

Үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бақылау бары­сында көп жылдық тәжірибе мен үкіметтік емес ұйымдардың мате­риалдық-техникалық базасы, инфра­құрылымы, адам ресурстары, қызмет ұсыну мүмкіндіктері, қоғамдық имиджі басшылыққа алынған. Айта кетерлігі, Елбасы Н. Назарбаев «100 нақты қадам бес ірі реформа  ̶ Ұлт жоспары» бағдарламасында мемлекеттің кейбір функцияларын бәсекелестік орта мен өзін-өзі басқару ұйымдарына беру керектігі айтылған болатын. Осы мақсатта өзін-өзі басқару институттарының жүйелі жұмыс жүргізуіне жағдай жасау үшін арнайы тапсырмалар да жүктегені есте. Осы мақсатта жүргізілген «ҮЕҰ-ның мемлекетпен байланысы және өзара іс-қимылдарын зерттеу» жобасы 2012-2015 жылдар бойынша мемлекетке салық төлейтін ҮЕҰ-дар, статистикалық есептеме беретін ұйымдар, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысатын ұйымдарды іріктеп алып, арнайы сараптама жүргізілген. Жиын барысында Қазақстандағы Халықаралық ұйымдардың бүгінгі тыныс-тірішілігіне қатысты да тың ақпараттар айтылды. Жобаға ел аумағында жұмыс жасайтын 165 халықаралық ұйымның базасы тіркелгенімен, 2009 жылғы Үкімет жанынан шығарылған жарлыққа сәйкес 32 халықаралық ұйымның ғана іс жүзінде жұмыс жүргізіп отырғандығы анықталған.

«Нұр Отан» партиясы саяси менедж­мент мектебінің атқарушы директоры Қанат Тойшыбекұлының айтуынша, ҮЕҰ-дардың қоғамда алар орны, олардың халыққа көрсететін қызмет түрлеріне назар аударып, мемлекет тарапынан дамуына серпін беру бүгінде дамыған елдерде қолға алынған бастамалардың біріне айналған. Сондықтан бұл жобаның маңыздылығы ел дамуы үшін аса қажет деген пікір білдірді. Қазіргі таңда әлемде қалыптасқан үрдіс бойынша коммерциялық емес секторлардың қоғамда сұранысы артып келе жатқандығын аңғаруға болады. Мысалы, жалпы көрсеткіш бойынша дамыған әлем елдерінде әлеуметтік мәселелерді шешу барысында ҮЕҰ-дардың үлесі 48 пайызды құрап отыр. Жекелей айтқанда бұл көрсеткіш Шығыс Еуропада 42 пайызды, Канада, Еуропа, Израиль елдерінде 54 пайызды, Азия құрлығының дамыған елдерінде 34 пайызды құрайды. Тіпті кейбір мемлекеттерде ҮЕҰ-дардың жанынан арнайы басқару органдары да бар.

Яғни, аталған сала бойынша Хорватияда «Үшінші сектор» комитеті, АҚШ-та муниципалды-лицензиялау комитеті деп аталатын басқару органдары жұмыс жасайды. Бұл салаға Қазақстан да ден қойып келеді. Біздің елде, ең алдымен ҮЕҰ-ның функционалды қызметін жақ­сартып, оларға мемлекет тарапынан берілетін қаржыландыру түрлерін арт­тыру мәселесін шешу көзделген. Мем­ле­кеттік құрылымдардың назарынан тыс қалған мәселелерді екшеп, оны ха­лықтың игілігіне жаратуды көздейтін қоғамдық ұйымдардың «өміршең» болуы басты мәселе.

Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы