Шекер ме екен, бал ма екен?..

Елімізде қантты негізінен қант қызылшасынан алады. Бір кездері өнімділігі жоғары болған техникалық дақыл саласын соңғы жылдары шаруалар қолға ала қоймап еді. Сондықтан бұл сала біраз кібіртіктеп қалған. Бірақ қазақ шаруалары биыл қызылша өсіруге ерекше ден қойды.

Республика бойынша қант қызылшасы Алматы және Жамбыл облыстарында өсіріледі. Ал қант қызылшасының 75 пайызы Алматы облысына тиесілі. Осыған орай өткен жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы өңірінде қант қызылшасын өсіруді қайта қолға алу туралы пәрмен берген болатын. Алматы облысында 2013 жылы 2140 гектар, 2014 жылы 1222 гектар жерге тәтті түбір дәні себілген. Жалпы, қант қызылшасын өсіру оңай емес. Мемлекет қызылша өндірісіне субсидия бөлген күннің өзінде, әр гектардың шығынын ұстауға қомақты қаржы жұмсалады. Шаруалардың қант қызылшасын өсіруге құлшына бермейтіндігі сондықтан. Қызылшаны өндіруде шығын көп. Бір тонна тәтті түбірден тек 120 келі ғана таза өнім алынады екен.

Алайда биыл Алматы облысында алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда ауқымды аумаққа, яғни 4000 гектар жерге қант қызылшасы егілген болатын. Оның ішінде Ақсу ауданы – 860 гектар, Қаратал – 560 гектар, Сарқан – 730 гектар, Көксу – 830 гектар, Ескелді – 1000 гектар және Талдықорған қаласы 20 гектар жерге қызылша екті. Биылғы жылы Алматы облысының шаруалары әр гектардан 700-750 центнер қант қызылшасын алды. Президент тапсырма бергелі тынымсыз еңбек еткен аймақ басшылығы қант қызылшасын өсіруге ниетті шаруаларға 240 миллион теңге мемлекеттік субсидия бөліп, 1 миллиард теңге шамасындағы қаражатқа арнайы техника, сапалы тұқым, жанар-жағармай сатып алуға мүмкіндік жасады. Жетісу жерінің шаруалары 8 жылда алғаш рет 120 мың тонна тәтті түбір жинамақ. Ал келер жылы қызылша егу 6 мың гектарға ұлғайтылады. Осылайша, Алматы облысындағы қант қызылшасын өсіру қайта жандана бастады. Сондай-ақ, елімізде тәтті түбір егуді биыл Жамбыл облысы да қайта қолға алды. Жамбыл облысының Жуалы ауданында 300 гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Қант қызылшасының егістік алқабының көлемі келер жылы тағы да көбейтілмек.

Осыдан 3 жылдай уақыт бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі қант қызылшасының өндірісін 2020 жылға қарай 5 есеге ұлғайтуды жоспарлап отырғандығын айтқан болатын. 2020 жылға қарай Қазақстанда өсірілетін қант қызылшасының көлемі 960 мың тоннаға жеткізілмек. Ал тәтті түбір өндірісі биылғы жылғы қарқынмен жалғаса беретін болса, 5 жылдан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі айтқандай, өндіріс көлемі ұлғаюы мүмкін.

Қазіргі уақытта 2012 жылдан бері қаңырап бос тұрған Алматы облысындағы Көксу қант зауытында қарбалас жұмыстар жүріп жатыр. Зауыт қыркүейек айының ортасынан бастап жан-жақтан қызылша қабылдай бастады.

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button