Түркі халықтарына құнды дүние
Түркі халықтарына құнды дүние
Кеше Әуезов музей-үйінде «Халық университетінің» алғашқы дәрісі тыңдалды. Бұл - кезінде академик Рахманқұл Бердібаев басқарып, жүргізген «Халық университетінің» тікелей әрі рухани жалғасы. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бастамасымен қайта жаңғырған халық сабағының көздегені - алдымен көнені қайта түлету болса, келесісі өткен және бүгінгі тарих, әдебиет пен өнер, мәдениет пен руханияттың өзекті мәселелерін көтеру.
Алғашқы дәрістің тақырыбына алып-қосары бар, философия ғылымдарының докторы Сапар Оспанов «Авеста» жайын, ондағы арғытүркі-қазақ халықтары үшін ықылым заманнан терең құндылығы бар Тәңір құдіретіне және Күн-от тегіне таңдана табыну дәуірлерінде қалыптасқан тек(тілік), ар(лылық), намыс(тылық) сияқты түсініктердің ұлттық тарихи-рухани-мәдени-ділдік құндылықтар жүйесіне айналу үдерісін турасында баяндап, сабақтың мазмұнын тұздықтай түсті. Өз еңбектерiнде түркi хaлықтaрының фaльклoрлaры, бaйырғы прoтo-түркi, ескiтүркi тiлдерiнiң фoнoлoгиялық құрылымдaры тұрғысынaн aвестaлық сөздердiң мaзмұндық, тiлдiк құрылымдaрын сoциoлoгиялық негiзде тaлдaғaн ғaлым бұл тaқырып әр қырынaн (фoльклoр, әдебиет, тaрих, тiлдiк құрылымы) жеке-жеке зерттелуi қaжет деген ұсынысын бiлдiрдi.
Жиын соңында Әуезов институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов «Халық университетінің» Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани жалғасын тапқанын атап өтті. «Нұрсұлтан Әбішұлы «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген алдымызға ұлы мақсат қойды. Ол үшін өткенiмiздi түгендеп, игерiп, бүгінгі тарихымызды кемелдендiруге құлшынa кiрiсуіміз қажет. Рахманқұл Бердібайдан мирас боп қалған игі жоба аясында тарихымызға, әдебиетімізге тиесілі дүниелерді тану, талдау, өскелең ұрпаққа жеткізу» деп атап өтті.
Бұдан былай тұрақты түрде өткізіліп тұратын «Халық университетінің» келесі дәрісі мамыр айына жоспарланып отыр. Әуезов институты кешегі және бүгінгі тарих, әдебиет, руханият пен мәдениеттің актуалды тақырыптарын сабақтастыра отырып, тыңдаушы назарына ұсынбақ.