Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік ел
Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік ел
Еуропа мен Азияның арасындағы негізгі транзиттік ел болуға Қазақстанда барлық инфрақұрылымдық жағдай жасалды. Бұл туралы Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» атты Бейжіңдегі екінші форумда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.
Министрдің айтуына қарағанда, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап халықарлық көліктік желілерге интеграциялану мақсатында көп күш жұмсаған. Атап айтқанда, елімізде салалық бағдарлама әзірленіп, жаңа әлеуметтік -экономикалық шарттардың талабына сай келетін құқықтық негіз жасалған. Көліктік қызмет көрсетуде нақты орта қалыптасқан. «Соңғы 10 жылда көліктік саланы дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салынды. 2 мың шақырымнан астам темір жол салынып, 6,3 мың шақырым автокөлік жолы қалпына келтірілді. Каспий теңізіндегі порттың қуаттылығы 26 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. 15 әуежайдағы ұшу-қону жолағына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді», – дейді ол. Роман Скляр Қазақстан мен Қытай елдерінің арасындағы көліктік-логистикалық саладағы тығыз әріптестікті ерекше атап өтіп, бұл фактр екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайта түсетінін жеткізді. Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде Қытаймен шекарада кедергісіз сауда жасау үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құру жұмысы толығымен аяқталған. Онда 79 қатысушы тіркеліп, өндіріс ошақтары орнаған. АЭА инфрақұрылымына индустриялық және логистикалық аумақтармен бірге, 2015 жылы іске қосылған Құрық порты кіреді. Теңіз жүгін тасымалдау бойынша әлемдік көшбасшы, «COSCO Shipping» қытайлық компаниясы Құрық порттың жұмысын дамытуға белсенді қатысып отыр. Сондай-ақ, халықаралық басқарушы ретінде ретінде DP World (БАӘ) теңіз порттарының операторы жұмысқа тартылған. 2014 жылы Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлесе логистикалық терминал құрылған. Ол бүгінгі таңда Қазақстанға келетін және Қазақстаннан шығарылатын жүк тасымалдарын біріктірудің басты бағыты болып табылады. Айта кетсек, 25-27 сәуірде өтетін «Бір белдеу – бір жол» екінші форумына 40 елдің Мемлекет басшылары мен Үкімет басшылары қатысуда.