«ТАҢБАЛЫ» – жоғалып кеткен дала өркениетінің куәгері

«ТАҢБАЛЫ» – жоғалып кеткен дала өркениетінің куәгері

«ТАҢБАЛЫ» – жоғалып кеткен дала өркениетінің куәгері
ашық дереккөзі
Ел-жұрттың, туған өлкенің тарихы мен әдебиеті, өнері мен мәдениетінің қыры мен сырын көкейге түйетін жердің бірі – «Таңбалы» қорық-музейі. Халықтың мәдениетінің дамуына байланысты тарихи ескерткіштерді қорғау, сақтау, республикамыздың тарихын көрсету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1052 Қаулысымен 2003 жылдың қазан айының 14-інде Мемлекеттік мекеме – Алматы облысында «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі құрылды. Жалпы, республикалық мәртебеге ие 9 қорық музей бар. Атап айтсақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи мәдени және табиғи қорық музейі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі, Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорық музейі, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейі, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей қорығы, Абайдың «Жидебай-бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі қазақ халқының мақтанышы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген аса құнды жәдігерлеріміз сақталған киелі тарихи мекен. Демек «Таңбалы» археологиялық кешені – жоғалып кеткен дала өркениетінің ерекше куәгері. «Таңбалы» шатқалында республикалық маңызы бар ескерткіштер сана 100-ге жуық. Онда археологиялық қорғандар, қорымдар мен қоныстар бар Ашық аспан астындағы қорық-музейіндегі ерекше қорғалатын ортаңғы аймақта 5000-ға жуық жартас суреттері (петроглифтер) кездеседі. Таңбалы – Қазақстанның көп ғасырлық тарихында қола дәуірінің суретшілері алғаш рет күнбасты жартас суреттеріне антропоморфтық кескін бере отырып, оның көріп білуге болатын бейнесін жасағандығымен мәнді. Адам (суретші) ашық аспан астында Күн Ордасын жасай отырып, ландшафтың табиғи өзгешелігімен өзінің шығармашылық даналығын біріктіре білген. Кезінде халықаралық «Азия даусы» фестивалінің эмблемасына айналған Күн басты жартас суретінің орналасқан жері – Таңбалы шатқалы – тек Орта Азия шеңберінде ғана емес, ғаламдық көлемдегі ең маңыздылардың бірі болып саналады. Ол – зерттеліп жатқан және қорғалатын адамзаттың тарихи-мәдени мұрасы. Осы жартастағы суреттер біздің санамызға ғасырлар арқылы сәлемдеме түрінде жеткендей. Таңбалы жартас суреттері жүйелі түрде, белгілі дәйектілікпен орналасатындығын және белгілі экспозицияда ғана жартастағы жазықтықты алып жатқандығын байқаймыз. Өткен жылы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің құрылғанына 15 жыл және Таңбалы петроглифтерінің тарих сахнасына енгеніне 60 жыл толу құрметіне орай «Тарихпен үндескен – Таңбалы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференция – «Таңбалы» петроглифтерінің насихатталу деңгейі, бүгіні мен ертеңі, рухани жаңғыру: музей ісі және ескерткіштерді қорғау мәселелері сондай-ақ, тарихи-мәдени туризм және оларды дамыту жолдарына бағытталды. Музей – жай ескі дүниелердің көрмесі емес, ол – халық қазынасын сақтайтын, тарих қойнауынан сыр шертетін ұлағатты орын. Сол себептен де музей жұмысы сан-салалы. Олардың қоры жаңартылып, толықтырылып, сондай-ақ, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақ даласындағы тарихи мұралар – өткен ұрпақтың өнегелі ізінен қалған аманаттар іспетті десек, ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани материалдық байлықты, жалпы ата-баба мұраларын келешек ұрпаққа дәріптеуде «Таңбалы» музейі де лайықты үлес қосып келеді.

 Сәния СЕРІКБАЕВА

«Таңбалы» қорық-музейінің ғылыми қызметкері