СУ РЕСУРСТАРЫ САРҚЫЛМАСЫН ДЕСЕК...

СУ РЕСУРСТАРЫ САРҚЫЛМАСЫН ДЕСЕК...

СУ РЕСУРСТАРЫ  САРҚЫЛМАСЫН ДЕСЕК...
ашық дереккөзі
Су ресурстарын қорғау, су қауіпсіздігі мен тиімділігі, оны рационалды пайдалану – адамзат үшін өмірлік маңызды мәселе. Бұл мәселе көптеген басқосуларда талқыланып, шешілу жолдары іздестірілу үстінде. Әрине, оның жолдары мен әдістері сан алуан. Соның бірі – ел өңірлерінде алқаптарды суландыру мәселесіне жаңаша көзқарас қалыптастыру. Суармалы алқаптар мен суармалы егістіктің көлемін көтеру ісі еліміздің Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіне енгізілген. Өйткені жыл сайын бұл алқаптардың әр гектарынан дақылдың ерекшелігіне қарай 10-50 тоннаға дейін өнім алынады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті Кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылық ету жөніндегі уәкілетті органның функцияларын жүзеге асырады. Жарғы негізінде «Қазсушар» РМК басты қызметі республикалық маңызы бар су шаруашылығы объектілерін ұстау, пайдалану, сондай-ақ, мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кәсіпорын теңгеріміндегі гидротехникалық құрылыстар мен кешенді мақсаттағы су қоймаларын, магистралдық су құбырлары мен өзге су шаруашылығы объектілерін ұстау, пайдалану және қалпына келтіруді мақсат тұтқан мекеме еліміздегі су ресурстары мәселесін шешумен тікелей айналысады. Жалпы планетарлық деңгейде су сарқылмайтын ресурстарға жатады. Өйткені оның жалпы планетадағы мөлшері мұхит, атмосфера және құрылықта үнемі жүріп отыратын су айналымы нәтижесінде толықтырылып отырады. Су планетамыздың 70,8 пайыз бөлігін алып жатыр. Жер асты сулары көп аудандарда тұщы судың көзі. Алайда соңғы кезде адамның шаруашылық тіршілігі барысында көптеген жер асты сулары да ластануда. Адамзат өз қажеті үшін тұщы судың орасан көп мөлшерін пайдаланады. Негізгі тұтынушылар – өнеркәсіп орындары және ауыл шаруашылығы. Сондай-ақ, тұщы суларды көп пайдаланатын салаларға – тау-кен орындары, химия, мұнай химиясы, қағаз-целлюлоза, тамақ өнеркәсіптері жатады. Бұлардың еншісіне бүкіл өнеркәсіпке жұмсалатын судың 70 пайызы келеді. Қазіргі таңда адам коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігі үшін ас суды көп пайдалануда. Қолданатын судың мөлшері аймаққа,   өмір сүру деңгейіне байланысты адам басына шаққанда 3 литрден 700 литрге дейін келеді. Өткен 50-60 жыл ішіндегі суды пайдалану мәліметтеріне сүйене отырып, жыл сайын суды пайдалану артып, табиғат үшін орны толмайтын судың мөлшері 4-5 пайызды құрайтыны есептелген. Суды пайдалану және ысырап ету осы қарқынмен жалғаса берсе, халық санының өсуіне және өндіріс орындарының дамуына байланысты 2100 жылға адамзат тұщы судың бүкіл қорын тауысуы мүмкін. Қазіргі кездің өзінде тұщы судың жетіспеуі, су ресурстары жеткілікті жерлердің өзінде де байқала бастады. Сумен қамтамасыз ету Қазақстанда аумақтар бойынша біркелкі таралмаған. Сумен тек Шығыс Қазақстан облысы ғана жақсы қамтамасыз етілген (290 мың м3/1 км²). Ал Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстары сумен жеткіліксіз қамтылған. Мыңжылдық даму мақсаттарының есебі бойынша, Қазақстан халқының басым көпшілігі ауыз судың сапалы көздерін пайдалану, сумен жабдықтау мен санитарлық қызмет көрсетуді қаржыландыру жағынан дәреже-деңгейі төмен күйде қалып келеді. Республикада су құбырлары желісінің 70 пайызы жұмыс істемесе, ал 23 пайызы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай емес. Мысалы, Атырау облысы тұрғындарының 20 пайызы кермек татыған су ішіп, арық суларын пайдаланады. Таза сумен қамтылған делінетін Алматыдағы су жүйелерінің 70 пайызы тұрмысқа жарамсыз. Әртүрлі, сондай-ақ, суғару мен топырақты тыңайтуға пайдаланатын ақпа сулар да адамдар мен жануарлар үшін қауіпті болып, топырақ құнарлылығы мен өсімдіктердің өсуіне, дамуына және ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасына теріс әсер ететін патогенді микроорганизмдердің көзі болуы мүмкін. Аурудың жұғу қауіптілігі топырақ пен өсімдіктерге ақпа сулардан келіп түсетін патогенді микроорганизмдердің тіршілік ұзақтығына байланысты. Соңғы уақытта су үнемдеудің тағы бір жаңа заманауи әдісі – сплинтерлеп суару тәсілі де енгізілді. Оны дамыту үшін итальяндық айналмалы суару машиналары сатып алынуда. Аталған құрылғылар ең соңғы үлгідегі қашықтықтан басқару жүйесімен жабдықталған. Мұндай тәсіл суару мезгілін дәл анықтап, барлық технологияларды арнайы бағдарлама арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл – көктемгі су тасқыны кезіндегі ағын суды шаруашылық мақсаттарға жұмсай білудің оң тәжірибесі. Ауыл шаруашылығы су ресурстарының өте көп пайызын қолданады. Жалпы, су ресурстарын есепке алып, қанша су бар екенін, кім және қалай пайдаланып отырғанын біліп отыру маңызды. Себебі 2050 жылы Орталық Азия халқы қазіргі көрсеткіштен екі есеге артып, таза ауыз су жетіспеушілігі мәселесі туындауы мүмкін.

Жәнібек Әшім