Жаңалықтар

АҚША ЖИНАУ «ДӘСТҮРІ» ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?

ашық дереккөзі

АҚША ЖИНАУ «ДӘСТҮРІ» ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?

Жемқорлықтың негізгі бір ошағы – білім саласы. Мұнымен Білім және ғылым министрлігі, облыстық, қалалық, аудандық білім басқармалары мен департаменттері барынша күресіп жатса да, оның өршіп кетуіне бірден-бір өздері мұрындық болатынын білмейтін сияқты. Неге мектепте ақша дауы туады? Неге мұғалімдер өзінің қадірін кетіріп, оқушылардан ақша жинайды? Неге ата-аналар ақша береді? Осы сұрақтардың жауабын іздеу керек. Себебі, жоғары жақтың өзі жинатуға себеп болады. Қарапайым ғана мысал. Біріншіден, мектептің, кабинеттің жылдық ремонтына нақты қанша қаржы бөлінетінін айтпайды. Тек жөндеу жұмыстары жасалу керек деген бұйрық келеді. Айлығы шайлығынан аспайтын мұғалім өз қалтасынан шығара ма? Мектепке келетін сан түрлі тексерулер құрметсіз кетпейді. Егер жоғары оқу орнына, мектепке, тіпті балабақшаға арнайы тексеру комиссиясы келетін болса, кемшіліктер мен олқылықтарға көзжұмбайлықпен қарау үшін алдын ала сый-сияпат жасауға барын салады. Бір қызығы, бұл ақшаны азғантай айлыққа жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің қалтасынан қағып алатыны жасырын емес. Сонда жемқорлықпен кім күресіп жатыр? Министрлік пе, білім басқармалары ма? Ал мектеп пен балабақша басшылығы кімнің қолшоқпарына айналып жүр? Жемқорлықтың бір көрінісі – ақша жинау. Бұл жең ұшынан жалғасқан «дәстүрге» қарсы тырысып бақсақ та, тамырына балта шаба алмай келеміз. Неге? Себебі, кез келген мәселені парамен, «көкемен» шешу қанға сіңіп кеткен секілді. Министрліктен бастап оның түп-тамырын жоюға қатысты амал-әрекеттер айтылады, бірақ бәрі сөз жүзінде ғана. Мәселен, білім саласына келген министрдің қай-қайсысы да «білім ұяларында ақша жинау тыйылсын!» деп айтуға келгенде алдына жан салған емес. Кезінде Білім және ғылым министрлігін басқарған азаматтар «мемлекет салаға қаржыны жеткілікті бөліп отыр. Оқушыдан ақша жинауға болмайды» деп бұйрық та шығарған еді. Алайда, іс жүзінде қалай? Министр айтты екен деп, ақша жинамайтын білім мекемесін көрдіңіз бе? Бұл науқан жаңа оқу жылы басталған күннен қыза бастайды. Әдеттегідей қазан айының алғашқы жексенбісінде ұстаздар мерекесін атап өту, мектеп қорына ақша жинау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Түспейді де. Неге десеңіз, ата-анаға «салық салу» бүгін басталған жоқ. «Баланы балабақшаға бергеннен алдыңнан көсе-көлденең шығатын «ақша жинау» мәселесінен тек мектепті тәмамдағанда құтыламыз» деп мысқылдайтын ата-ананың сөзінің жаны бар. Кім жақсы? Ақша берген ата-ана. Ал тиісті ақшаны беруге жағдайы жоқ ата-ана қайтпек? Мұндай ата-ана бүкіл сыныптың көз түрткісі боп шыға келеді. Шынымен де, бұл қанға сіңіп кеткен әдет пе, әлде онсыз мұғаліммен тіл табысу мүмкін емес пе? Ата-ананың да кінәсі бар Қалалық білім басқармалары жыл сайын жаңа оқу жылының басында әр мектепке бөлінетін арнайы бюджеттік қор қарастырылатынын айтады. Яғни, ата-ана бір тиын да беруге міндетті емес дейді. Бірақ кейбір мектеп ұжымы бұған да пысқырып жатқан жоқ. Әдеттегі жағдай, бұл салық «ремонтқа» деп басталады да, ішінара ол ақшаға сыныпқа қажетті жабдықтар да сатып алынады. Тіпті, қол жуатын сабын мен дәретхана қағазына дейін ата-ананың мойнына жүктелген. Сонда мемлекеттен бөлінген қаржы қайда жұмсалады? Жалпы, бұл мәселеде жауабы екіұшты сауал көп. Кінәліні іздесеңіз де, таппайсыз. Дәлірегінде, ұстатпайды. Кейде мұғалімдер: «Әркімнің өз еркі, ешкімге қысастық жоқ» десе де, көштің алдына түсіп алып, жеке «шабатын» ата-ана болады. «Бәріміздің баламыз осы сыныпта оқып жатыр. Жинаған соң, бөлінбейік» деп бермесіңе қоймайды. Мұны жанашырлық, әлде жағымпаздық дейсіз бе? Десек те, мемлекет мектептерде мұғалімдер мен оқушылар арасында ақша жинауға қанша тыйым салса да, заңсыздықтың бұл түрі тыйылар емес. Жыл сайын дәл осындай жағдайға жол берген талай педагог жазаланып та жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Білім және ғылым министрінің жеке блогына Трифонова Виктория Ивановна есімді солтүстікқазақстандық мұғалімнен арыз келіп түскен. Ол Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл мектебінде жұмыс істейді. Айтуынша, мектеп басшылығы ұжымнан заңсыз ақша жинауды дәстүрге айналдырған көрінеді. «Түрлі себептерді сылтау етіп, айлық-жалақымыздан ақша ұстап қалу өз алдына, айлығымыз қолға тигеннен кейін де оған ауыз салады. Мәселен, қазан айында шетелдік жұлдыздардың концертіне билетке деп екі рет ақша жинап алды. Біздің ол шараға барғымыз келетін-келмейтіні мектеп басшылығын қызықтырмайды. Сондай-ақ, қараша айында оқытушыларға мәжбүрлі түрде ақысыз еңбек демалысына өтініш жазғызды. Мұны өздері аудандық бюджетте қаржының жетіспеушілігімен түсіндірді. Ұстаздар қауымы жұмыстан айрылып қалмас үшін басшылықтың дегеніне амалсыз көніп келеді. Бұдан өзге де ақша жинаудың түрлі себептері бар. Тізе берер болсам уақыт тапшы» деген мектеп мұғалімі өз арызында. Сол кездегі министр Аслан Сәрінжіпов бұл фактіге байланысты облыстық білім басқармасында арнайы комиссия құрылып, мектеп басшылығының әрекетін тексеріп жатқандығын хабарлаған болатын. Алайда бұл іске қатысты дау-дамай ың-шыңсыз шешілді ме, әлде мектеп басшылығы жауапқа тартылды ма, тұшымды ақпарат айтылмады. Осыдан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігі: «Қазақстанда мектеп оқушыларынан ақша жинаған мұғалімдер қатаң жазаға ұшырайды. Тіпті жұмыстан қуылуы мүмкін», – деп мәлімдеме жасады. «Бізде министр бұйрығымен мектепте түрлі мақсаттарға ақша жинауға тыйым салу бойынша нақты қағидалар бекітілген. Ол бұрыннан бар, бұл бірінші бұйрық емес. Ол туралы барлық білім беру департаменттері мен бөлімшелеріне айтылды. Біз мектептерде ақша жинауға тыйым салуға қатысты саясатты қатаң ұстанамыз. Бірақ бұл талап жергілікті жерлерде бұзылып жатады», – деген-ді министрлік өкілі. Қазір ашық қоғам. Ешкім пікірін бүгіп қалмайды. Әлеуметтік желіге де салып, әшкерелеп жататындар көп. Бір жағы бұл дұрыс та. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны «Фэйсбуктегі» парақшасына ақша жинау «салығына» қатысты: «Біз балабақша немесе мектеп табалдырығын енді басқан балаларымызды неге үйретіп жүрміз? Апайға кәмпит берсең, ол саған жақсы қарайтын болады деп үйреттік пе? Біздің мұғалімдерге не болған? Үнемі ақша сұрап тұрады. Бұл әрекеттерін қалай ақтап алуға болады? Осы деректердің барлығын мектеп директорлары мен Білім басқармасы әкімшілігіндегілерге жаба салу керек пе?», – деп жазған еді. Бұған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Әсет Исекешев дереу үн қосып, ақша жинау мәселесі бойынша арнайы комиссия жұмысын бастағанын, білім беру ұйымының басшылығына тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылатынын айтқан. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің директоры Данияр Таумұрат жұртшылық тарапынан мектепті жөндеу, тазалау немесе басқа да шараларға ақша жинау фактілеріне қатысты ақпараттарды жоққа шығармайтынын жеткізді. Департамент директорының айтуынша, мұндай істерге ата-аналар шығынданбауы қажет, өйткені, барлық қажеттіліктерге бюджеттен бөлінген қаражат жеткілікті. Мектептерде ақша жинауға қатысты ақпараттар барынша тексеріліп, ондай келеңсіздіктер орын алған жағдайда  кінәлі азаматтар қатаң жазаға тартылатын болады. Тіптен,  қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін. Сыбайлас жемқорлықпен қарсы күресте цифрландырудың ықпалы зор. Сондықтан да Білім басқармасы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды жолға қойып, өткен жылдан бастап «Алматы мектеп» бағдарламасы жұмыс істей бастады. Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенованың айтуынша, педагогтардың басты міндеті – балаларды оқыту мен тәрбиелеу. «Қазіргі кезде жөндеу жұмыстарына, қажетті бұйымдар алуға ақша жинауға негіз жоқ. Білім мекемелеріне тиесілінің барлығы мемлекеттің меншігі, яғни салық төлеушілердікі. Осы орайда Білім басқармасы мектептерге ақша жинауға тыйым салынғаны туралы арнайы хат жолдап, оны қадағалау бірінші басшыға жүктеледі. Осы жайтқа байланысты 2018 жылдың өзінде 7 мектеп директоры қызметінен босатылған», –  деді Білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенова. Айтпақшы, бұл тамыры тереңге жайылған ақша жинау мәселесімен күресу оңай емес екен. Тіпті, Алматы облысы, Талғар ауданына баратын күрежолдың бойынан «Мектепте ақша жинау тыйылсын!» деген үлкен бильбордты көргенде «енді күресті осылай жүргізу қалған екен ғой» деген ой келген. Демек, бұл дерттің асқынып кеткеніне баршаның көңілін аударып отыр. Шын мәнінде, түйіні тарқатылмайтын мәселе жоқ. Ақша жинауға да тыйым салуға әбден болады. Бар мәселе – өзімізде. Бірақ шаян шөлге, шортан көлге, аққу көкке сүйресе, ештеңе өзгере қоймасы анық. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жақында мектеп бітірушілердің аста-төк «тойлауына» қарсылық білдіріп, артық ақша шығындаудың қажеті жоқ екенін қадап айтты. Өкініштісі сол, мектеп түлектері мен ата-ана да мұны құлаққа іліп жатқан жоқ. «Баламыз жылда 11 сынып бітірмейді. Есте қаларлық кеш етіп өткізейік...» деп  ақша жинауға қызу кірісіп кеткен. Тiптi, қазiр түлектер мектеп бiтiргендiгiн анау-мынау емес, қымбат мейрамханаларда атап өтетiн болды. Бұл әуелi ата-ананы қып-қызыл шығынға батыру. Соған қарағанда, министр айтсын, кім айтсын,    біздің қоғам бұл дерттен әзірге арылмайтын сияқты. Есесіне, кейбiр елдер сонау кеңестiк кезеңнен қанымызға сiңiп кеткен соңғы қоңырау, әлiппемен қоштасу сынды мерекелердiң кәдуiлгi той ретiнде атап өтiлетiнiне ашынып, тыйым салуда. Мәселен, Тәжiкстан президентi бұған қарсы екендiгiн аңғартып, үндеу жариялады. Олар тиісті бұйрық пен қаулыны орындайды, ал біз елемек түгіл, ескермейміз. Гүлмира Тоқанқызы, ата-ана: – Мектепте ата-аналардан ақша жинау мәселесі жиі көтерілгенмен, еш пайдасын көрмедім. Мектепке ақша бөлінетінін барлық ата-ана біледі. Екі ұлым мектепке барады. Олардың қағаз, қаламынан басқа да керек-жарағын қамтамасыз ету үшін жаңа оқу жылына дайындық кезінде 100 мың теңгеге жуық қаржы жұмсадық. Қыстық киімдеріне бөлек шығындаламыз.  Өзім жұмыс істемеймін. Жұбайымның ай сайынғы табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Ал балаларыңды қатардан кем қалдырғың келмейді. Негізгі айтпағым, мектептің әр сылтауды желеу етіп ақша жината беретін саясаты әбден жүйкемізге тиіп, қажытты. Мектеп қоры, ремонты, мерекелік іс-шаралары, гүл, мұғалімнің туған күні мен жеке мейрамдары, тағы сол сияқты көзге көрінбейтін (5-15 мың теңгеден кем емес), ешқашан  бітпейтін тірліктері шаршатты. Білім беруге көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Жыл сайын үкіметтен ақша бөлінді дегенімен, мектептің жөндеу жұмыстарына ақшаны біз де жинаймыз. Бұл туралы мектеп әкімшілігіне айтсақ, «өз балаңнан аяйсың ба?» деп бетімізді қайтарып тастайды. Сосын амал жоқ, көптен қалмауға тырысасың. Себебі қоғам да, оны жасап отырған адамдар да соны талап етіп отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ