Тоқаев президент сайлауына түседі

Тоқаев президент сайлауына түседі

Тоқаев президент сайлауына түседі
ашық дереккөзі
"Nur Otan" партиясынан алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаев түседі. Бұл шешім туралы съезде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді Еліміздегі басқа да саяси партиялар ертеңнен бастап бірінен соң бірі президенттікке кандидаттарын ұсына бастайды. "Ақ жол" партиясының съезі 24 сәуірде өтсе, "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы 25 сәуірде жиналады. Қазақстанның коммунистік халық партиясының делегаттары 26 сәуірде бас қосады. Ал "Бірлік" партиясы уақыт тапшылығына байланысты сайлауға қатысудан бас тартты. Кезектен тыс президент сайлауы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жасап, елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі. Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде тіркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Әр кандидат 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс. Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады. Кезектен тыс президент сайлауына үкімет резервінен 9,4 миллиард теңге бөлінетін болды. Қаржының негізгі бөлігі республика бойынша құрылатын 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталмақ. Кандидаттарға қойылатын талаптар Президенттікке кандидат тумысынан Қазақстан азаматы, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы болуы тиіс.  Бұған қоса, президент болып сайлану үшін азаматтың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ белсенді сайлау құқығы болуы тиіс. Сондай-ақ, Қазақстан президенттігіне ұсынылатын кандидаттар 107 түрлі жүйке дертіне тексеріледі.