«БАЛУАН ШОЛАҚТЫ» КӨРГЕНДЕ...

«БАЛУАН ШОЛАҚТЫ» КӨРГЕНДЕ...

«БАЛУАН ШОЛАҚТЫ» КӨРГЕНДЕ...
ашық дереккөзі
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жазушы Дулат Исабековтің сценариі негізінде түсірілген «Балуан Шолақ»  көркем фильмі бүгіннен бастап кинотеатрларда көрсетілімін бастады. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша түсірілген фильм режиссері Нұргелді Садығұловтың алғашқы тырнақалды туындысы. Продюсері – Сәбит Әбдіхалықов, режиссері – Нұргелді Сәдіғұлов. Балуан Шолақтың рөлін белгілі актер Еркебұлан Дайыров сомдады. Фильмнің алдын ала көрсетіліміне жиналған қауымда есеп болмады. Бір сәтте бірнеше залда тұсауын кескен туынды көптің көңілінен шыққанын аңғардық. Мұнда тарих та, саясат та, өнер де, әзіл де, астар да бар. Балуан Шолақтың образы арқылы қазақ даласының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі көз алдыңызға келеді. Дерек көздерінде күш атасы – Балуан Шолақ деген атпен танылған ол жастайынан жұрт назарына ілігіп, есімі шартарапқа жайылады. Жауырыны жерге тимеген балуан ауыл арасындағы той-думандарда ауыр кір тастарын көтеріп, жұртты тәнті еткен күш иесі әрі ат құлағында ойнап, күрделі цирктік көріністер жасай беретін өнерпаз болған. Тіпті, бойындағы күштің жойқындығын неше түрлі амал-тәсілмен көрсететіні, елу бір пұт кір тасын көтергені, орыстың әйгілі кәсіби палуаны Иван Кореньді жығуы мысал етілетін. Бәрінен де бұрын ол адуынды ақын, әнші-сазгер. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған сегіз қырлы, бір сырлы тарлан осыншама өнерді бір кісідей алып жүрді. Ол Көкше алқабының дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтты. Олардың әндерін нақышына келтіре орындады. Оның даңқы Көкшетау өңірінен асып, күллі қазақ өлкесіне тарады. Шартарапта барша жұрт оны құрметтеп қарсы алып, төбесіне көтерді. Өнеріне сүйсінді. Міне, тарихи деректегі осы айтылған дүниенің бәрі фильмде де көрініс тапқан. Бір айта кетерлігі, біз бұған дейін Балуан Шолақтың қалай «шолақ» атанғанын қолының үсіп қалуымен немесе арқан тарту ойынында саусақтарын күйдіріп алуымен байланыстыратын едік. Фильмде бала Нұрмағамбеттің көкжалмен арпалысып, ақыр соңында қылқындырып өлтіргені және салдарынан қолы шолақ болып қалғаны көрсетіледі. Жалпы, Еркебұлан Дайыров Балуан Шолақтың образын «Жаужүрек» қойылымында да сәтті ойнап шықққан талантты актер. Оның «Балуан Шолақта» да басты рөлге бекітілуі бекер емес. Алайда, бұған дейін бірқатар тарихи фильмдерде негізгі рөлдерде ойнап, тіпті батыр Бауыржан Момышұлының образын сәтті алып шыққан актерді ә дегенде Балуан Шолақтың кейпінде қабылдай алмадық. Бәлкім, ел-жұрттың арасынан нағыз Балуан Шолақтың түр-тұлғасына келетін азаматты іздеп, табуға болмас па еді?! «Бір актерді барлық рөлге тықпалау арқылы көрерменді мезі етіп алмаймыз ба?» деген ой қылаң бергені рас. Талантты адам қай жерде де талантты. Әйтпесе, фильмнің басында Еркебұлан ретінде қабылдасақ та, сәлден соң Балуан Шолақтың өзін көргендей болдық. Сондай-ақ, фильмнің өскелең ұрпаққа патриоттық рух беретін тұсы көп. Әр қазақ баласы туған жерін, Отанын, шаңырағын сақтап қалудың оңай емес екенін, сол мақсатта күресті жолдан өтетінін іштей сезінеді. Сайын далаға қоныс аударған «переселендер» келгелі тыныштық кеткенін байқаған ел қамын жеген азаматтар «Біз өз жерімізде өмір сүріп жатырмыз. Бұл тыныштықты сырттан келген бөгде адамдардың бұзуына қақысы жоқ» деп қарсы тұруы – нағыз ерлік. Тіпті, бұл мәселені өз мойнына алған Балуан Шолақтың ештеңеден тайсалмай, осы шешімді шығарғандардың алдына баса-көктеп баруы да оның қазақ жері, қазақ мәселесі үшін басын бәйгеге тігетін қайраткер екенін айғақтайды. Бір өкініштісі, фильмде сатқынның да өз ішімізден шығатыны, тіпті ояз бастығының «бұл істі басқалай жолмен шешу керек. Яғни, қазақты қазаққа қарсы қояйық, мәселе өзі-ақ шешіледі» деген саясатынан сол замандағы арандатушылардың қолымен жасалған қастандықты да аңғару қиын емес. Тағы бір тұсы, бұрын-соңды фильмдерде азаттық ой ашық айтылмайтын-ды. Балуан Шолақтың «Бізге бұл байтақ даланы Абылай хан шошқа бақсын деп қалдырған жоқ» дегені, орыс губернаторы қызына «Қазақтың шапанын киіп жылынып отырғанын қарашы» деуі көптің көңіліне жылы қабылданды. Дулат Исабеков, жазушы, «Балуан Шолақ» фильмінің сценарий авторы:  width= – Балуан Шолақ атағы ел арасына кең тараған адам. Өзім Балуан Шолақ жайында жазам деп ойламаған едім. Оған себеп болған Солтүстік Қазақстан театрының директоры марқұм Қасымбеков еді. Сол қыр соңымнан қалмай жүріп пьесаны жаздырған болатын. Сосын Балуан Шолақты  жан-жақты зерттей бастадым. Бірақ фактілерінің бәрі жақсы, оның бәрі сахнаға шыға ма, жоқ па, белгісіз. Сәбит Мұқановтың романын оқыдым. Бәрінің негізінен кілт табуға тырыстым. Ақырында, сол кілтті тапқандай болдым. Пьеса жазылды. Әшірбек Сығай оқып шығып, «Жаужүрек» деп ат қойды. М.Әуезов атындағы театрда қойылды, қойылып та жүр. Алайда, киноға келгенде оның тілі басқа. Қайтадан өзгеріс енгізілді. Тек шындықты айта берсең, көрерменді жалықтырасың. Фильмде көркемдік жағына аса мән беріледі. Аздап қиялды да қосасың дегендей. Әзірге жұрттың пікірі жаман емес.   Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері:  width= – Әсіресе, оператордың жұмысына оң баға беремін. Кәдімгі шетелдік фильмдер сияқты осы заманның техникалық мүмкіндіктерін сәтті қолданған. Сценарий Дулат Исабековтікі болғаннан кейін де, жақсы шықпауы мүмкін емес. Кино бәрін қамти алмайды. Біздің жастарға беретін тәрбиесі – қазақтың жеріне қара шекпенділердің, орыстардың зорлықпен келу дәуірін өте жақсы көрсеткен. Бізде тарихты білмейтін адамдар орыстарды осы жерде туып өскендей көреді ғой. Солардың қандай зорлықпен келгенін, қаншама шұрайлы жерлерді тартып алғанын анық көрсетеді. Олар жерді ғана тартып алған жоқ, атқа мінетін, өзіндік пікірі бар, халқын сүйетін азаматтарды қорлап, қайта-қайта түрмеге жапқаны тағы бар. Тіпті, қазақтың өзін бір-біріне айдап салып, алауыздық тудыруы, соның бәрі жақсы көрсетілген. Балуан Шолақ сегіз қырлы, бір сырлы адам. Фильмде соның бір қыры – батырлығы мен балуандығы ашылған. Адамды бей-жай қалдыратын, жалықтыратын эпизод жоқ. Кейбіреулер Балуан Шолақтың сүйгені Ғалия мен әйелі Балқаштың рөлі ашылмай қалған деп айтады. Түсіруші топ оны ашуға мән бермеген. Себебі бәрін сыйғызса, бәрін қамтыса, кино шықпайды. Мұнда   негізінен қазақтың жеріне басып кіру процесін ғана көрсетуге тырысқан. Мысалы, Балуан Шолақтың әншілігі, сазгерлігі бар, мұның бәрі жеке-жеке фильмге жүк. Сондықтан фильмнің өзегі де – басқа ұлттың отарлап басып кіруіне ел-жұрттың қарсылығын көрсету. Ғалиямен қалай танысты, Балқаштың тағдыры не болды, оған үйленді ме, жоқ па, бұл жағы қамтылса, сериал боп кетер еді. Бұл фильмнен Балуан Шолақтың елін, жерін сүйетін және сол үшін күресе білетін адам ретінде көрдік. Қазақтың өз ішіндегі алауыздығы да жақсы көрініс тапқан. Айталық, болыстың Балуан Шолақтан кек алуы да өзімізді өзімізге айдап салды. Жерімізді жаулап алу үшін қазақты бір-біріне қарсы қойды. Сол алауыздық әлі бар. Фильмнің мақсаты – отарлау саясатының қалай жүзеге асқанын көрсету.