ЖАТАҚХАНА ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?

ЖАТАҚХАНА ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?

ЖАТАҚХАНА ТАПШЫЛЫҒЫ  ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?
ашық дереккөзі
Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан азаматтарының өмірін жақсартуға бағытталған, бес бөлімнен тұратын бес  әлеуметтік бастамасы жарияланған болатын. Соның үшінші бастамасы «жоғары білім беру қолжетімділігін және сапасын арттыру және студенттердің тұрмыс жағдайларын жақсартуға» арналған-ды.  Онда 2018-19 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігі және деп 11000 жаңа экономикаға қажетті техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беру көзделген. Сондай-ақ, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75000 орындық жатақхана салуды тапсырылған еді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жасалуы тиіс бұл тапсырма бүгінде қаншалықты мақсатқа сай орындалғанына келетін болсақ, едәуір жұмыстар жасалғанын айтуға болады. Жыл сайын қыркүйекте жаңа оқу жылы басталғанда студенттер үшін басты уайымның бірі – жатын орын. Жатақханаға қолы жеткендердің жөні басқа, қолы жетпегендер өзі оқитын оқу орнына жақын маңнан пәтер іздейді. Қазіргі кезде еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне көз жүгіртсек, осыдан бірер жыл бұрынға жағдаймен салыстырған біраз алға ілгерілеу бар екенін көреміз. ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша соңғы бес-алты жылда жиырмаға жуық студенттік жатақханалар құрылысы жоспарланып, пайдалануға берілген. Оның ішінде Білім және ғылым министрлігіне 16, Ауыл шаруашылығы министрлігіне 1, Мәдениет және спорт министрлігіне 1 жатақхана тиесілі екен. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі 7020 орынға арналған 15 жатақхананы пайдалануға берген. Соның ішінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге 135 орындық, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ге 400 орындық, ҚарМТУ-ге 822 орындық, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге 274 орындық, Нұр-Мүбәрак университетіне 610 орындық, Павлодар мемлекеттік пединститутына 500 орындық, М.Ломоносов атындағы ММУ-дың қазақстандық филиалына 500 орындық, ҚызПУ-ге 450 орындық, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына – 500 орындық, Ш.Серікбаев атындағы ШҚМУ-ге – 500 орындық, С.Торайғыров атындағы ПМУ-ге 500 орындық, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ге 588 орындық, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-ге 344 орындық, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-ге 310 орындық, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ге 592 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Қазір ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін 500 орындық жатақхана салынып жатыр. Солайша елімізде 5 жылда 15 жатақхана салынып біткен. Оқу орындарын жатақханамен қамту мәселесі еліміздің жоғары оқу орындары көп шоғырланған еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы шаһарында жақсы жолға қойылған. Өйткені студенттері көп екі қалада сырттан келіп оқитын студенттер үшін барынша жағдай жасауды басты міндет санайтын қала әкімшілігі мен жоғары оқу орындарының басшылары бұл мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Ресми деректерге сүйенсек, жатахқанаға мұқтаж студенттердің көбі Алматы қаласында (8 мыңдай), одан соң Қарағанды облысы (5 мыңнан аса). Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары тұр. Қазір Алматыдағы Қаазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде 5871 студент білім алып жатыр. Ал Университеттің 7 жатақханасында 3177 студент тұрады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 17 143 студент білім алса, оның ішінде грантта оқитындар саны – 13 775. Университетке қарасты 15 жатақханада 5730 студент тұрады. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде 9949 студенттің 8545-і грант арқылы білім алуда. Оқу орнының 6 жатақханасында 1998 студент тұрады. Ал 6821 студент (оның 3270-і грантпен оқитындар) білім алатын Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің 5 жатақханасында 1887 студент тұрады. Дегенмен алдағы уақытта бұл мәселе толық шешімін тауып қалатын сияқты. Мәселен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1 мың 270 орындық жаңа жатақхана салынып жатыр. Басқа ЖОО-ларда да осындай жатақханалар салыну жоспарлануда. Аймақтарға келсек, бұл салада жақсы жаңалықтар жоқ емес. Осыдан он шақты күн бұрын Шымкент қаласындағы 5 мыңнан аса студент білім алатын Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде 350 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Заманауи стандарттарға сай салынған бұл жатақхана студенттерге қажетті барлық құралдармен сапалы жабдықталған. Жалпы Шымкент қаласындағы 48 оқу орындарында 123 мыңнан астам студент оқиды. Ал жоғарғы оқу орындарында 39 жатақханада 7,6 мыңға жуық студент тұрады. Алдағы кезде жатақханаға мұқтаж 8000 студентті де жайлы орынмен қамту үшін шешім шығарылып, ол бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен қаладағы «Тұран» шағынауданы аймағында жаңа жатақхананың құрылысы жүргізілмек. Атап айтқанда, «Шымкент» ӘКК қаражаты есебінен 5 мың орындық жатақхана салу үшін 8 гектар жер бөлінген. Сол сияқты «Қаржы орталығы» АҚ-мен келісім негізінде 200 және 350 орындық жатақхана құрылысы басталды. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық академиясы 450 орындық жатақхана ретінде қолданыстағы ғимаратты қайта құруды жоспарлаған. Үлкен қаладан білім іздеп келген еліміздің жастарын жатақханамен қамту үшін елімізде барынша кең көлемде қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірталай мысалын жоғарыда атап өттік. Демек жақын арада білім қуған талапкерлерге сапалы білім алуға барлық жағдай жасалады деп сенеміз.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ