АРҒЫ БЕТТЕН ЖЕТКЕН ӘДЕБИЕТ
АРҒЫ БЕТТЕН ЖЕТКЕН ӘДЕБИЕТ
Белгілі қаламгер Жәди Шәкенұлының әдеби кеші аясында қазақ тарихындағы ақтаңдақ оқиғаларды зерттеуге арналған алты кітабының тұсауы кесілді.
Арғы беттен келген ағайынның арасынан әдебиет әлеміне өзіндік қолтаңба қалдырып үлгерген жазушының «Бозмұнар» романы, «Алтай алыптары», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері» атты зерттеу еңбектері, «Қытай қазақтарының әдебиеті» атты әдеби сын-зерттеулері, «Бегзат сөз» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Сонымен бірге оқырмандар сұранысы бойынша «Қаралы көш» кітабы Ахмет Байтұрсынұлы үлгісіндегі төте жазумен жарық көрді. Аталған шығармалардың тұсаукесерінде Темірхан Тебегенов, Жанат Ахмади, Ғалым Жайлыбай сынды белгілі тұлғалар пікір білдіріп, бағаларын берді.
Филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов: «Жырақтан келген қандастардың ішінде оқырманға көркемдігі биік туындыларымен келген қаламгерлер баршылық. Солардың қатарында біз Жәди Шәкенұлын айтуға болады. Оның шығармашылығындағы басты мәселе – қазақ тарихының беймәлім тұстарын ашуы. Шығыс Түркістан, Шыңжаң қазақтарының тілі өзінің бай-құнарлылығыменен, әдеби, сөздік қорындағы терең мағыналы сөздерді сақтауымен ерекшеленеді. Жәди Шәкенұлының аталған романдарында да, көркем туындыларында да қазақ сөзінің қаймағы бұзылмаған», – деді.
Жәнібек Әшім