«ҚАЗАҚТАН ЖОЛДАСЫҢ БОЛСА, ЖОЛДА ҚАЛМАЙСЫҢ»

«ҚАЗАҚТАН ЖОЛДАСЫҢ БОЛСА, ЖОЛДА ҚАЛМАЙСЫҢ»

«ҚАЗАҚТАН ЖОЛДАСЫҢ БОЛСА,  ЖОЛДА ҚАЛМАЙСЫҢ»
ашық дереккөзі
«ҚАЗАҚТАН ЖОЛДАСЫҢ БОЛСА, ЖОЛДА ҚАЛМАЙСЫҢ» дейтін өзбек ағайынмен байланыс жаңаша қарқын алмақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастады. Бұған дейін ол ресми сапармен Мәскеуде болған еді. Қ.Тоқаев Өзбекстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының осы елдегі Қазақстан жылының ашылуымен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, бұл оқиғалар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына септігін тигізетініне тоқталды. Әдеттегідей, кездесу барысында екі ел Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі жасалды. Сондай-ақ, ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Ш.Мирзияев арасындағы кеңейтілген кездесу отырысында 9 ірі келісімге қол қойылды. Сапар бойынша назар аударылуы тиіс басты мәселе – «Қорғас» нысанының негізінде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ірі халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының құрылуы жөніндегі шешім. Жаңа орталық «Орталық Азия» деп аталады. Жоспар бойынша, аталған жоба 2020 жылдың соңына қарай екі ел арасындағы тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізбек. Қазіргі таңдағы тауар айналымы 3 миллиард долларды құрап отыр. Бұл туралы ұсынысты алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдерімен Жаңа жыл алдындағы (2018 жылғы 29 желтоқсанда) дәстүрлі кездесуінде айтқан. «Біз Қытаймен үлкен «Қорғас» кешенін салдық. Бұл халықаралық шекаралық әріптестік. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына да осындай орталық салу керек деп ойлаймын», – деген еді Елбасы. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының құрылу тарихы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға 2002 жылы 22-25 желтоқсанда болған мемлекеттік сапары аясында жасалды. Тура екі жылдан кейін Құлжа қаласында (ҚХР) «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын құру туралы Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында шектелмелі келісімге қол қойылды.  «Қорғастың» жалпы аумағы 560 гектар болатын екі мемлекеттің шекаралас аумақтарында орналасқан және мемлекеттік шекара арқылы өтетін «Арнайы өткел» арқылы қосылған қазақ және қытай бөлімдерінен тұрады. Жобаның бірегей ерекшелігі – Орталық территориясында адамдар, тауарлар мен көлік құралдары визасыз еркін түрде қозғала алады. Сондай-ақ, егер тауар бағасы 1,5 мың еуродан және 50 киллограммнан аспайтын болса, ол кедендік баж салығынсыз тасымалдана береді. Қазақстан жағынан келесі маңызды ұсыныстың бірі – екі ел арасындағы туристік бағытты нығайту. Дәлірек айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орталық Азияның табысты экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, негізінен, Қазақстан мен Өзбекстанның тығыз ықпалдастығы мен келісілген іс-әрекеттеріне байланысты. Шұғыл түрде түркі дүниесінің ғана емес, әлемдік мәдениеттің мақтанышына айналған екі елдің басты рухани және тарихи орталықтарын бір-бірімен байланыстыратын Түркістан – Самарқанд – Бұхараны бір бағытқа қосатын туристік кластерін ашуға болады деп есептеймін», – деді. Расында, соңғы жылдары Өзбекстанның туристік әлеуеті артып келеді. Самарқанд, Бұхара, Хиуа сынды көне қалаларды көрем деуші туристердің қарасы қалың. Бұған 2019 жылы Өзбекстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше елдер арасындағы ең тартымды елдердің тізіміне енуі дәлел. Жаһандық мұсылман саяхат индексі сингапурлық Crescent Rating және Mastercard компанияларымен бірге жасалған. Тізімде Өзбекстан зиярат-туризмі бойынша алғашқы ондыққа кірген. Сондай-ақ, оған Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірлігі және Индонезия сынды мұсылман елдері енген. Ал мұсылман туристеріне ыңғайлылықты қамтамасыз ету бойынша әлемдік рейтингте Өзбекстан 18, Қазақстан 19, Әзірбайжан 20-орындарда тұр. Мықтылар үштігі –  Малайзия, Индонезия және Түркия. Сондықтан Түркістан – Самарқанд – Бұхараны бір бағытта қосатын туристік сапар ұйымдастыру Қазақстанның туризмі үшін пайдасы зор, әрі дер кезінде жасалған қадамның бірі. Бұл сапар бойынша есте қалатын келесі жайт – Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуы. Осыған орай Өзбекстанның «O‘zbekiston Milliy axborot agentligi» ұлттық ақпарат агенттігі қазақ тілінде ақпарат тарата бастады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында: «Өзбекстандағы Қазақстан жылының жариялануына байланысты Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі қазақ тілінде ақпарат тарата бастапты. Бұл бауырлас елдер арасындағы достық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерген Елбасымыз Н.Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мирзияевтің арқасы», – деп жазды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қазақстандағы өзбек диаспорасын қолдау шараларына жеке тоқталды. «Біз өз елімізде өмір сүріп жатқан өзбек халқының рухани, әлеуметтік қажеттіліктерін толық қанағаттандыру үшін жан-жақты шаралар жасап жатырмыз. Қазақстанның барлық дерлік өңірінде өзбек этномәдени орталықтары ашылған. Өзбек тілі Қазақстанның медиа саласында, білім жүйесінде және мәдени өмірінде орнын алған. Екі өзбек театры табысты жұмыс істеуде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсімі басталар алдында мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі мазмұнын ашуға арналған «Ұлы дала мұрасы» атты көрмені аралады. Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорындағы еліміздің ежелгі өнер туындылары, соның ішінде Есік қаласынан табылған Алтын адам, Берел қорғандарынан табылған аттар мен ат әбзелдерінің қалпына келтірілген нұсқалары, «Тақсай Ханшайымы», «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бірегей экспонаттары қойылған. Салтанатты рәсім Әлібек Дінішев, Айман Мұсахожаева, Медет Шотабаев, Нұрлан Бекмұхамбетов, Димаш Құдайбергенов, Мария Мудряк сынды Қазақстан өнерінің қайраткерлері мен сахна шеберлері, шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды. Олардың ішінде, өзбек жұрты Димашты ерекше зор ықыласпен қабылдады. Әншіні аэропорттан күтіп алған жанкүйерлер армандарының орындалғанын айтып мәз болды. Әлеуметтік желіде белсенді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұсты да елеусіз қалдырған жоқ. «Димаш Құдайберген – ән өнеріндегі ерен құбылыс, нағыз талант иесі. Қазақтың мәдениетін, ән өнерін шартарапқа паш етіп жүрген виртуоз. Кеше қазақтың мақтанышына Өзбекстан жұртшылығы да тәнті болып, өнеріне қол соқты. Димаштың әлі талай биіктерді бағындырарына сенімдімін және тілектеспін», – деп жазды Президент Twitter парақшасында.

Аяулым САЛЫҚЖАНОВА