ЕУРОПАДА ДА, ШЫҒЫСТА ДА БОЛМАҒАН ІЛІМДІ БІЗДІҢ БАБАЛАР АШҚАН

ЕУРОПАДА ДА, ШЫҒЫСТА ДА БОЛМАҒАН ІЛІМДІ БІЗДІҢ БАБАЛАР АШҚАН

ЕУРОПАДА ДА, ШЫҒЫСТА ДА  БОЛМАҒАН ІЛІМДІ  БІЗДІҢ БАБАЛАР АШҚАН
ашық дереккөзі
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, абайтанушы ғалым, қоғам қайраткері Тарихи тұлғалар  жайында көсіліп сөйлейтін, кесіп айтатын ақсақалдар көп емес. Солардың бірегейі Мекемтас Мырзахметұлымен өзі қалам тартқан алыптар жайында пікір алмасып, кеңінен әңгіме қаузаған едік. Олардың ұлт мүддесіне сіңірген еңбектері, шығармашылықтары және зерттеп-зерделеу жұмыстарындағы кемшін тұстары да сөз болған еді. Оқырман назарына ғалымның ойларын ықшамдап бергенді жөн көрдік. Жүсіп Баласағұни мен Қожа Ахмет Ясауи – екі алып туралы сөйлеу бір жағынан оңай, жаттанды сөздерді тізбектей айта беруге болады. Екінші жағынан қиын. Біздің зерттеушілер бір өзекті нәрсеге кіре алмай жүр. Олар «Құтты білік» туралы сөйлегенде мемлекет, саясат, шаруашылық түрлері, мәмілегерлік өнер, ақындар, шешендер және басқалар туралы сөз етеді. Бірақ  кітапта ең өзекті рухани мәселе жатқанын сезбейді. Бұл қабаттың астарын тереңінен ашпай, шығарманың идеялық мазмұнын ғылыми тұрғыдан таратып бере алмаймыз. Мен қазір Абайдың «толық адам» ілімінің бастапқы төркіні біздің жыл санауымыздың арғы жағындағы VII ғасырда жатыр деген танымға келдім. Сол заманда жасаған Көк түріктерде «ақи» деген аса қастерлі ұғым болған. Ол сөздің тікелей мағынасы «zomart», қазіргі қазақ тіліндегі «жомарт» сөзінің өзі. Бүгінде Түркия түріктері «Ақи» деп аталатын ғылыми зерттеу еңбегін жариялап та қойды. Өйткені, орта ғасырда Тұран жерінде жасаған әлемге әйгілі Фирдоусидің «Шаһнама» дастанының атақты кейіпкері Алып Ер Тоғаны халық жырында «ақи», яғни теңдесі жоқ жомарт, мырза деп мадақтап, көкке көтере әспеттеген. Түрік халықтары жасаған қалаларда «ақи» деп аталатын кәсіпкер топтар болған. Он-он бестей жігіт бірігіп, нақты бір кәсіпке шеберленіп, қаржылық табыстары молыға түскен. Бірақ олар сол қаражаттың өз отбасы үшін қажетті бөлігін алып, қалған қаражатын түгелдей елдің кедей-кепшігі мен ауру-сырқауы, қарттарына таратып отырған. Міне, осыдан соң ақилардың атақ-даңқы аспандап, халықтың жыр-дастандарында кеңінен жырланып, жас-желеңнің үлгі тұтар өнегесіне, халықтың кісілік ұстанымының негізіне айналған. Кейін, Қараханиттер дәуіріндегі XI ғасырда Баласағұн қаласында туған кемеңгер ақын Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастаны 1069 жылы дүниеге келді әрі осы дастанда «жәуанмәрттік» ілімінің негізін қалады. Егер Жүсіп Баласағұнидің алдында ақи ілімі болмағанда, «Құтты біліктің» тууы екіталай еді. Өйткені, ол заманда батыста да, шығыста да кемел адам ұғымы болған жоқ. «Құтты білікте» жәуанмәрттік ілімінің төрт негізі баяндалады. Төрт негізге автор төрт түрлі адамды таңдап алып, әңгімелестіреді. Олардың біріншісі – Әділет. Бұл – патша. Екіншісі – Ақыл. Ол – патшаның уәзірі. Үшіншісі – Қайрат. Яғни, дәулет – уәзірдің баласы. Төртіншісі – Қанағат – сопылықтың рухани жолын қуушы. Осы төрт тұлғаны айтыстырып, өздері ұстанған негіздерін байқатады. Дүниеге келген кемел адам ілімі жайында әңгіме-дүкен құрады. Бұл – Батыста да, Шығыста да бұған дейін болмаған тың идея. Осы тұста Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңіндегі ақыл, қайрат, рахым, әділет деген сөздер бірден есімізге түседі де, ойға қаламыз. Ақыл мен қайрат жол табар Қашқанға да, қуғанға. Әділет, шапқат кімде бар – Сол жарасар туғанға. Бастапқы екеу соңғысыз Біте қалса қазаққа, Алдың – жалын, артың – мұз Барар едің қай жаққа. Абай «Құтты білікті» оқып, жәуанмәрттік ілімінің төрт белгісі жайында ой толғап отыр. Ақыл, әділет, қайрат, рахым – екі ақын танымында жұмбақ рухани әлеммен өзектесіп жатқанын көреміз. Міне, осы сырды ашу керек. ХІІ ғасырға дейін шығыста да, батыста да болмаған осы ілімді біздің бабалар жасаған. Кейін Ясауи осыларды негізге алып, пенделік жолындағы хал ілімін жазады. Бірақ Абайдың айтуы бойынша, инсанияттың кәмелеттігі бар, пенделіктің кәмелеттігі бар. Бұл кісінің ұстанған жолы – пенделіктің кәмелеттігі. Мына жалған дүниенің бәрінен безінеді де, о дүниеге даярлануды уағыздайды. Ал Абай инсанияттық кәмелеттігі жолын ұстанған. «Құтты білікте» де инсанияттың кәмелеттігі сөз болады. «Ақыретті де ойлап, мына дүниемен үйлестіре білейік» дейді. Бұл – адамзаттың, яғни инсанияттың жолы. Осы танымды бізге бірде-бір зерттеуші ашып бере алмай отыр. «Құтты білікті» зерттегенде нағыз зерделейтін мәселеміз – «жәуанмәрттік» ілімінің негіздерін ашып, талдау. Сонда ғана қалғанын толық тани аламыз. Біз кітаптың рухани өзегін таппай, сыртын айналып әуреленудеміз. Мен бұл рухани өзекке Абайдың құдіреті арқылы түстім. Абайды зерттей жүріп, жаңа танымға қадам бастым. Бәрін оқып, білдім. Хәл ілімі немесе қоғамдық ғылымның жайы қандай? Қожа Ахмет Ясауиді халық неге көкке көтеріп, әулие тұтады? Өйткені, Ясауи дін мен қазақтың ұлттық дәстүрін үйлестіре білді. Екіншіден, поэзияны «Құтты біліктен» кейін түрік тілінде сөйлетті. Біздің мемлекеттік тіліміз – арабша, мәдени тіліміз парсыша болған замандар өткен. Ғылымды араб тілінде, поэзияны парсы тілінде жазған. Содан бірінші рет бас тартқан «Құтты біліктің» авторы болса, екіншісі – Ясауи. Түрік тілі өте сақ, киік сияқты ұстатпайтын, соны ырыққа көндіріп, кітап жазу – үлкен құбылыс. Түрік тілінде поэзияны үшінші жазған тұлға – Әлішер Науаи. Осылардың арқасында поэзияда, ғылымда түрік тілі қолданыла бастады. Әйтпесе, оны парсылар менсінбейтін. Ясауи ілімі әлемге кең таралды. Бірақ бүгінде оның жауы көбейіп отыр. Неге? Қазақтарды Ресей бодандыққа салғанда, бірден Түркістандағы кесенесіне тиісті. Генерал Черняев кесенені жермен-жексен еткісі келді, зеңбірекпен екі тұсын бұзып та үлгерген. Бірақ жарты әлем шулап, әрең алып қалды. Екінші жауы Совет өкіметі болды. Олардың шолақ белсенділері дінмен, сопылықпен аяусыз күресті. Молда, сопы атаулыны тұтас қамап, көбін жер аударды. Біразы атылып кетті. Енді есімізді жиғанда үшінші жау табыла кетті, ол – уахабшылар. Олар да жер тепкілеп, «Түркістандағы кесенені құртамыз» деп айғайға басты. Не себепті осы үш жау бір нүктеге соғады. Барлығы да халықтың бүкіл рухани санасын Ясауи ілімі ұстап тұрғанын жақсы біледі. Соны жойып жіберсе, қазақты қорадағы қой сияқты шетінен бөліп алып кете береді. Қожа Ахметтің ғажаптығы сол, ол өз заманында ілімнің екі түрін көрсетіп кетті. Ілім екеу дүр: жан мен тәнге басшы тұрар. Жан ғылымы хазіретіне жақын тұрар Тән ғылымы нәпсі құшып қала дүр. Бұл – не деген сөз. Жан ғылымы – қоғамдық ғылымның өкілдері, бұлар имандылыққа жақын тұрады. Ал тән ғылымы – техникалық ғылым өкілдері. Олар нәпсіге ұмтылып тұрады. Қазір қоғамда осыны дәл көріп отырмыз. Техникалық ғылымдар шешуші орында тұр, қоғамдық ғылымдар табан астында қалды әрі дағдарыста тұр. Бүгінгі дүниетаным түбірлі өзгеріске түскен. Ілгеріде бізді материализмге, атеизмге табындырып келсе, енді кванттық физиктер оларды жалған дүниетаным деген қорытындыға келді. Енді бізді материя емес, ұлы сана билейді. Бұрын бізді билеген материя сананың көрінісі болып шықты. Бірақ жаңа дүниетанымды бүкіл әлем мойындап отыр. Теріс деген жоқ. Алайда, жаңа дүниетанымға бірден кіріп кете алмай отырмыз. Өйткені, Еуропа 500 жыл бойы атеистік-материалистік дүниетаныммен басы қатып қалған. Олардың жібуі қиын. Ал біз жетпіс жыл ғана атеизм-материализм танымында болып, енді ғана бетімізді жаңа дүниетанымға бұра бастадық. Абайдың «Толық адам ілімі» – әлемде жоқ бірегей рухани құбылыс Халық әлі Абайды толық таныған жоқ. Себебі Кеңес билігі кезінде Абай шығармаларынан атеист, материалист деген кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Халықтың санасын сол ұғым әлі де көлегейлеп тұр. Осыны біз біртіндеп, жаңа дүниетаным арқылы насихаттап, дұрыс жолға түсуіміз керек. Бір нәрсені айта кетейін, Иманғали Тасмағамбетов Астана әкімі болып тұрғанда Абайтану ғылыми-зерттеу институты үшін жер телімін бөлген, кейінгі әкім ол жерді бізден тартып алып сатқысы келді. «Біздің қаражатымыз жоқ, «Аты – ұлық, сыпырасы – құрық» ғалымбыз, берілген жер телімін қайтар. Инвесторларды өзіміз табамыз, мемлекеттен соқыр тиын да алмаймыз. Батыс Еуропадағы үлкен ғылыми ордалар сияқты өз күнімізді өзіміз күйттейміз» дедік. − Елордада Абайдың ғылыми-зерттеу институты болмаса, сырттан келгендерге рухани қай дүниемізді көрсетеміз? Мұны ашпай болмайды, өйткені ескі дүниетаным түбірімен өзгеріп, терістелді. Дүниеге жаңа дүниетаным келді. Енді біздер атеизм-материализм деген жалған ұғымды ұмытып, Ұлы сана жолына бет бұрдық. Жүретін рельсіміз өзгерді. Абай мұрасын, ұлы сана танымы тұрғысынан біліп, насихаттауға көшеміз. Ақыры бермеген соң. Бір нәрсеге назар аударайық, Абай неге өмір бойы зарлап өтті. Пенделік көзбен қарағанда, олай ететін жөні жоқ еді ғой. Ештеңеге мұқтаж болған емес, сонда неге зар иледі? Оны қынжылтқан халқының қасіреті, бодандық тағдыры. Он сегіз жыл би, болыс болған ол биліктің ішкі саяси құпиясын, бізді сорлатқан саяси әдісін, терең танып білген. Абай осыны түсінді. Содан кейін патшаға телеграмма жіберді: «Мынау сайлау елді бүлдіріп жатыр. Сіз генерал-губернаторларға бұйрық беріңіз, болыстарды тағайындап қойсын» деген ойын жеткізді. Патша өлсе де олай істемейді, өйткені, ол «сексеуіл әдісін» қолданып отыр. Бұл әдісті Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Сперанский ұсынған. Ол патшаға жазған қызмет хатында: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш өседі екен, балталаса жарылмайды, шеге қақса кірмейді, бірақ сексеуілді сексеуілге ұрса быт-шыты шығады. Осы сексеуіл әдісін қазаққа қолданайық» деп жазды. Міне, Ресей империясының бізге қолданған басты саясаты осыған негізделген. Әр болыста 12 ауыл болады, ол 12 ауыл әртүрлі рудан болуы шарт, содан кейін 4 ауылнай, 4 би сайланады, тағы да онбасы, елубасы лауазымдарын қосқанда, шамамен 270-тей  қызмет орны болады. Қазақтарды соған таластырады. Аш иттерге майлы сүйекті лақтырып жібергенде бәрі бірден бас салады емес пе?! Дәл осы секілді, қазақтар да қызмет үшін итше таласты, осыдан келіп қазақтың мінезі бұзылды. Мұны көріп, сезген  Сұлтанмахмұт Торайғыров: Абай тұсы қазақтың бұзылғаны Қаралыққа айналып қызыл қаны... Ақ пейіл бауырмалдық қалып кетіп, Желбуаз «сұрқия» боп қызынғаны Мас болып партияға қызып алған Даланың табиғатын бұзып алған Елдігіне, жеріне әм дініне Құрылды талай тұзақ, талай қақпан,  – деп қамыға жырлады. Мұндағы тұзақ дегені – миссионерлік саясат. Яғни шоқындырып, орыстандыру болды. Ал қақпан дегені – бізді қасіретке ұрындырған сексеуіл әдісі. Сол бұзылғаннан әлі бұзылып келеміз. Мінез-құлқымыз түзелер емес, Абай осыны көрді. Қалай еліме жәрдем етемін деп, халқына ем үшін толық адам ілімінің негізін сала бастады, бірақ аяқтай алмай кетті. Тек рухани өзегін жүйелеуге ғана үлгерді, оны басқалар таппады. Әуезов білсе де айта алмады, себебі, бұл ілім тікелей дінмен байланысты болатын. Абайдың толық адам ілімінің формуласы үш сөзден ғана тұрады: бірі – ақыл, жәй ақыл емес, нұрлы ақыл. Алланың бойында сегіз сипат болса, солардың ең шешушісі ғылым мен құдірет. Абай осы екі сөзді біріктіріп, ақыл деп алады. Содан кейін, нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйеніп, әділетті алады. Үшіншісі – рахым. Осылардың негізінде кітап жазғанмын. Алайда оның ұғымы күрделі, оқуға ауыр болып кетті, бірақ қолданыста жүр. Енді тілі жеңіл, ұғымы қарапайым кітап жазуды қолға алдым. Қазақты, қала берді бүкіл түрік халықтарын рухани жағынан тазартуымыз керек. Бұл – ұлы мағынасы бар идея. Басқа халықтардың, әсіресе, еуропалықтардың қолында мұндай рухани ілім жоқ. Егер мемлекет елордадан Абайтану ғылыми зерттеу институтын ашпаса, үлкен қате жібереміз. Абай мұрасын жаңа бағытта, жаңа танымда насихаттау керек. Әуезовтің ақылы немесе сегіз жылдық сергелдең 1961 жылы Мұхтар Әуезов Тәжікстаннан Ташкент қаласына келгенде, күтіп алып әңгімелескен едім. Мұны ұйымдастырған сол кездегі кафедра меңгерушіміз Ә.Төлеуов болатын. Кездесуде кандидаттық диссертация төңірегінде екі сағаттай пікірлестік. Мұқаң: «Қандай тақырып аласың?» деп сұрады. «Абай және шығыс» тақырыбын алайын», – дедім. «Жоқ! Жолың болмайды, балам», – деді. Ертеңгісін тағы бас қостық. «Не болды, тақырыпты ойландың ба?» – деді. «Ойландым, соны аламын», дедім. «Жетекшің қандай тақырып ұсынып еді?» «Абай әдеби мұрасының зерттелу жайы туралы, аса қиын тақырып екен», деп күмілжідім. «Дәл осы тақырыпты ал!», – деді бұйыра. «Ой, аға! Талас болып кетеді ғой». «Кішігірімдерін сына да, ауқымды дүниелерді сынамай жаза бер. Соның өзі жетіп жатыр», – деді. Ақыры, сол тақырыпқа Әуезов пен жетекшім Жұмалиев күштеп көндірді. Әйтпесе, Абайдан қашқан адаммын, ақынның мұрасын терең білмейтін едім. Аспирантураға Баукең арқылы әрең түскенмін, сондықтан Абайды зерттеуге зорлықпен көндім. Бірақ кейін келе қызықтым да, сол тақырыпқа мүлде кіріп кеттім. Ал шығысты бәрібір шығардым. «Абай және шығыс» деген кітапты жазғаныма бүгінде өзім таң қаламын, қазір мұндай дүниені туғыза алмас едім. Уақытында Жаратушының өзі жол көрсеткен сияқты. Докторлық диссертациямда «Мұхтар Әуезов және Абай проблемалары» деген тақырыппен төрт мәселені зерттеу нысанасына алғанмын. Олар Абайдың өмірбаяны, әдеби ортасы, шығармаларының текстологиясы және Шығысқа қатысы Әуезов зерттеуінде деп аталады. Соңғысына Әуезовті әдейі қалқан етіп алдым. Соның өзінде алғашқы үшеуін академиктер қолдады да, Шығысты алып таста деп отырып алды. Мен көнбедім, сегіз жыл бойы қорғатпай қойды. «Шығысты алмаймын, ол болмаса қорғамай-ақ қояйын» деп ашуға бастым. Кейін, Горбачевтың заманындағы қайта құру кезінде М.Әуезовтің қызы Ләйла, академиктер Зәки Ахметов және Серік Қирабаев үшеуі қолдап, солардың арқасында қорғадым-ау. Қазіргі мектеп оқулықтарын қарасаң, Абайдың шығысы туралы бір сөз жоқ. Өйткені, 1949 жылы КПСС Орталық комитетінің космополитизм туралы арнайы қаулысы шықты. Онда шығыс пен батысқа бас игендерді талқандаймыз делінген, осының салдарынан қаншама адам қуғынға түсіп, құрбандыққа ұшырады. Әуезов те қудаланды, ғылым кандидаты Қоңыратбаевті Алматыдан қуып, қаңғытып жіберді. Қызылорда да жеті жылдық мектепте есекке мініп, сабақ беріп жүріпті. Кейін Қызылорда педагогикалық институтының ректоры Әділ Ермеков шақырып алып қызметке алады, сонда жүріп докторлығын қорғады. Ол кезде мен оныншы сыныпта оқып жүрген бозбаламын, қандай қаулы шығып жатқанын қайдан білейін. Әуезовтің: «Балам, жолың болмайды» дегеніне сол құжат себеп болғанын кейін түсіндім. Әуезовтің көп ойы ішінде кетті. Кейде оны айыптаймыз, ол заманға бейімделмесе болмайтын кезең еді, жаулары да көп болатын. «Біз кетеміз, сендер қалуларың керек, қазақтың өмірін, дәстүрін қазаққа жеткізетін бір адам қажет, сол сенің мойныңда» деген Байтұрсыновтың Мұхтарға айтқан сөзін маған Қайым ағай жеткізген еді. Әлімхан Ермеков пен Мұхаң: «Біз бірге кетеміз», деп көнбеген ғой. «Жоқ! Ақымақ болмаңдар, біз бас тіккенбіз, сендер қазаққа керексіңдер» деген Байтұрсынов. Сондықтан да Әуезовтің жолы қиын болды, ол Ленин сыйлығының лауреаты болғанда ғана еркін тыныстады. Оған дейін төрге отырғызып қойып, сынап жатқанын талай көрдік. «Абайдың батысынан шығысы басым» деген пікірі үшін де қыспаққа алды. Баһадүр Бауыржан. Ақтарылмаған архивтер Халық баһадүрі Бауыржан Момышұлы туралы айтылмаған әңгіме әлі көп. Мен батырдың соңғы басылған отыз томдығына бұрынғы қысқартулардың барлығын қайта кіргіздім. Оны басу да оңай болмады. Серік Үмбетов дейтін мықты кісіге Жамбыл облысының әкімі болып отырған кезінде: «Баукеңнің жүз жылдығы жақындап келеді. Соған әрекет етуіміз керек. Мен жоба ұсынып отырмын. Сіз жиырма бес миллион теңге бөліңіз. Мен отыз том шығарамын» дедім. «Көке, оны қайдан табасыз? Біз оқитын бес-алты-ақ кітап қой» деді. «Ол архивте жатыр». «Шығара аласыз ба?» «Шығарамын». Көп ұзатпай мәселені мәслихаттың алдына қойды, депутаттар бекітіп берді. Ал мен бәрін тастай қылып түгел орындап бердім. Енді Баукеңнің жүз томдығын жасап жатырмын. Қайдан табамын? Оның барлық архивін сөйлету керек. Мәскеуде батырдың академияда оқыған сегіз мың бет лекциясы жатыр. Өзге де архивтерін қоса есептегенде. Қазір құпия деп бермей отыр. Екінші, 1942 жылы Баукеңнің даңқы қатты аспандады. Сол кезде Момышұлының үстінен «Дивизияда ұлтшыл» деген арыз жазылған. Соғыс жүріп жатыр. Мәскеуді уысында ұстап отырған Щербаков басқаратын саяси бюроның мүшелері тексерту жүргізген. Онысы шала болып, екінші тексеру жүргізеді. Қазақстан орталық комитетінің сол кездегі хатшысы Әбдіхалықовқа бір айдың ішінде сарбаздардан бастап, генералдарға дейін – барлығының Баукең туралы пікірін әкелу жүктеледі. Нәтижесінде баһадүр ақталып шығады. Оны көре алмаған адамдар осылай жасаған. Міне, бұл да төрт мың беттік құжат, Ресей архивінде сақтаулы. Сонда он екі мың бет болды ма? Үшінші, Б.Момышұлының Кубаға жиырма күнге барған сапарында сөйлеген сөздерінен үлкен бір том шығады. Олар испан тілінде даярлап отыр. Арнайы өкілімізді жіберсек, беретіндерін айтқан. Бірақ құпия деп қайтарып жіберіпті. Төртінші, қазір Баукең араласқан әскери адамдардың архивтерін қарап жатырмыз. Көп нәрсе табылуда. Ұзақ уақыт керек екен. Өзіміз үш-ақ адамбыз, жұмыс қауырт, алайда бітіреміз. Бесінші, Баукеңнің үйінде екі шабадан өз қолымен сызған карта жатыр. Ол екі жүз жеті рет кірді ғой майданға. Әр кірген сайын карта жасайды екен. Қалай соғысады, қай тұстан соққы береді, қоршауға алу тәсілі – барлығы картаға түсіріледі. Біз оны оқи алмаймыз, бірақ бастырамыз. Бұл генералдарға, әскери оқу орындарына керек. Сонда Баукеңнің мұрасы жүзден асып кетеді. Біз тек игере алмай жатырмыз.

Жазып алған – Асхат ҚОЙШЫҒАРА