Білімнің қара шаңырағы

Білімнің қара шаңырағы

Білімнің қара шаңырағы
ашық дереккөзі
Адамзат баласы осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін мынау дүниеде қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да өміріндегі ең бір ұмытылмас кездер универистет қабырғасындағы керемет шақтар. Кезінде осы бір керемет кезеңнің табалдырығын аттап, балалық шақпен қоштасып, жаңа бір белеске аяқ басқан болғанбыз. 1934 жылы іргетасы қаланған, еліміздің ең алдыңғы қатарлы университеті, жалынды жастарды білім мен ғылымға жетелейтін және аса кең мамандықтар таңдауы мен бағытын ұсынынатын еліміздің территориясында ғана емес, сонымен қатар шет елдер де танымал ЖОО-ның бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Қазіргі уақытта еліміздің ірі білім және ғылым орталығы болып табылатын университет биыл 85 жылдық мерей тойын атап өтуде. Университет жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі білім, ғылым, рухани-тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. Университет құрамында 16 факультет, 64 кафедра, көптеген ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, сонымен қатар ҚазҰУ Технопаркі қызмет атқарады. Еліміздің ең көне және үздік университетінде Экономика және бизнес жоғары мектебі айрықша орын алады, оның іргетасы осыдан 70 жыл бұрын салынған. Бұл факультет «Экономика» кафедрасымен бастау алады, оның профессорлық-оқытушылық құрамы үш сатыда мамандықтарды даярлайды: бакалавриат, магистратура және PhD докторантура. Кафедрада студенттерге, жас ғалымдарға және оқытушыларға өз білімін шыңдауға және сапалы зерттеу жұмыстарын жүргізуге көмек беретін Инновациялық кәсіпкерлік Орталығы, студенттік ғылыми үйірмелері қызмет жасайды. Экономика кафедрасының жоғары білікті және кәсіби оқытушылық–профессорлық құрамы университетіміздің білім беру және ғылыми-зерттеу процестерінде белсенді түрде қатысып, талантты жастарды білім алуға шақырады. Білім мен ғылымға құштар студенттер үшін университет үлкен мүмкіндіктерді сыйлайды. Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін дәстүрлі түрде «Фараби әлемі» сияқты халықаралық конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар үздік студенттер үшін жыл сайын әртүрлі стипендиялар табысталады, мысалы еліміздің көрнекті ғалым-экономистер атындағы бірреттік шәкіртақылары, ҚР Тұнғыш Президенті-Елбасының қорының шәкіртақысы, ҚР Ұлттық Банкі стипендиясы, сонымен қатар POSCO TJ Park Foundation Оңтүстік Корей компаниясының басшысы жыл сайын ең үздік 20 студенттерге қор стипендияларын табыстайды. ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, ҚазҰУстуденті болу өмірдің үлкен сәттіліктерінің бірі деп санаймыз. ҚазҰУ - адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, жоғарғы білімді және ой өрісі кең, бәсекеге қабілетті маман болу үшін жастардың жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін құтты мекен.

Д.Ж. Рахматуллаева, PhD докторы, доцент м.а.

А.Е. Ашимова, «Экономика» мамандығының 4-курс студенті

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ