Азық-түлік талондары енгізілуі мүмкін

Азық-түлік талондары енгізілуі мүмкін

Азық-түлік талондары енгізілуі мүмкін
ашық дереккөзі

Әлеуметтік көмекке мұқтаж қазақстандықтар бұдан былай азық-түлікті талонмен алуы мүмкін. Арнайы талондар арзандатылған дәрі-дәрмектер, жолақысын және коммуналдық қызметті төлеуге де пайдаланылмақ. Оларды әлеуметтік көмек карталары деп атау ұсынылуда. Бұл аз қамтылған тұрғындарды қамтамасыз етудің жалғыз жолы ретінде қарастырылып отыр. Бұл туралы “Караван” газеті хабарлады.

“Жыл сайын соңғы 5-6 жылда үкімет 1 сұрыпты нанның бағасын түсіру үшін шамамен 7-8 млрд теңге жұмсап келді. Кей жылдары 12-15 млрд теңге жұмсалды. Көмекқаржы көлемі қысқартылып, нан бағасы нарықтың бағасына жақындауы керек деген шешім қабылданды”, – деген болатын өткен аптада Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі болса, нан бағасы көтерілген жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейі де өзгеріп, әлеуметтік көмек алатындардың саны артатынын ескертті. Елімізде көмекке мұқтаждар саны бірден 2,5-3 миллион адамға көбейеді деп күтілуде. Астық өңдеушілер мен наубайшылар одағының президенті Евгений Ган бұл жайтты шешу үшін арнайы талондар енгізілуі керек деп есептейді. “Нанды талондармен сатып алуды енгізу адрестік әлеуметтік көмек беру бағдарламасын іске қосудың алғашқы қадамы болады. Мен мұны аз қамтылған тұрғындарға әлеуметтік көмек карталары деп атайтын едім. Бұл карта бірден бірнеше қызмет атқаруы тиіс. Тек қана нан сатып алу емес, өзге де азық-түліктер, арзандатылған дәрі-дәрмектер, жолақысын және коммуналдық қызметті төлеуге де пайдаланылуы керек”, – дейді Евгений Ган. Шенділер АҚШ пен Еуропа тәжірибесін қайталауға ұсыныс жасауда. Бұл елдерде әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар әр тұрғынның банкте жеке картасы бар. Оған үкімет ай сайын қажет тауарларын сатып алуы үшін қаражат салып отырады. Карта иегері ішімдік пен темекіден өзге кез-келген азық-түлікке төлем жасап, тіпті медициналық қызметті де карта қаражатынан ала алады.