Жаңалықтар

МАЗМҰНЫ МЕН МӘНІ ЗОР МӘЛІМДЕМЕ

ашық дереккөзі

МАЗМҰНЫ МЕН МӘНІ ЗОР МӘЛІМДЕМЕ

15 cәуір – «TÚRKISTAN» weekly. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бірлескен мәлімдемесін Ақорданың ресми сайты жариялады. 2019 жылғы 14-15 сәуірде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға Мемлекеттік сапары өтті. Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен жылы және шын көңілмен құттықтап,  Қазақстанның қазіргі заманғы дамуына және шет мемлекеттермен көпжақты байланыстарына лайықты үлес қосқан халықаралық ауқымдағы саясаткер және мемлекеттік қайраткер ретіндегі мол тәжірибесін атап өтті. Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың екі ел арасындағы бауырластық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті, оның ішінде Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты дамытуға қосқан көрнекті рөлін айрықша атап көрсетті. Осы тұрғыда, Президент Қ.Тоқаев Президент Ш.Мирзиёевті Қазақстан-Өзбекстан қатынастары мен өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге және нығайтуға бағытталған Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси бағытының сақталатынына сендірді. Келіссөздер барысында президенттер дәстүрлі достық, өзара сыйластық, сенім мен ашық рухта екі жақты қатынастардың негізгі мәселелерін, өзара мүдделілік танытылған өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларды талқылап, екі ел арасындағы кеңформатты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен кеңейтудің перспективаларын қарастырды. Мемлекет басшылары терең тарихи және рухани байланыстарға, тату көршілік пен өзара қолдауға негізделген Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы жақын әрі мығым достық қатынастардың өспелі сипатын ризашылықпен атап өтіп, екіжақты қатынастарды жаңа сапалық деңгейге көтеру екі бауырлас елдің мүдделеріне жауап беретініне сенім білдірді.