Тоқаев: Насихатқа мұқтаж емеспін
Тоқаев: Насихатқа мұқтаж емеспін
12 cәуір – «TÚRKISTAN» weekly. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға сапары барысында жұртшылықпен кездесті.
Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес секторлар мен бизнес қоғамдастығының, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық зиялы қауым өкілдері және облыс жастары қатысты. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
«Баршаңыз білесіздер, Елбасы тарихи шешім қабылдап, Қазақстан өркендеудің жаңа сатысына қадам басты. Біз Тұңғыш Президент айқындап берген стратегиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра береміз. Осы жылдар ішінде егемен еліміздің саяси басқару жүйесінде сабақтастық дәстүрді қалыптастырдық. Елімізді одан әрі ілгерілетіп, дамыту – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы кездесу барысында: «Ақтауда менің суретім бейнеленген 14 билборд ілініп тұрғанын естідім. Менің ойымша, бұл – мүлде орынсыз, мен мұндай насихатқа мұқтаж емеспін. Мұндай әкімшілік ыждаһаттылық неменеге керек?», – деді.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдағаны үшін кездесуге қатысушыларға алғыс білдіріп, баршасына табыс және амандық тіледі.