Екі қолы жоқ тігінші өз кәсібін дөңгелетіп отыр

Екі қолы жоқ тігінші өз кәсібін дөңгелетіп отыр

Екі қолы жоқ тігінші өз кәсібін дөңгелетіп отыр
ашық дереккөзі

Жамбыл облысында тұратын жарымжан әйел өз кәсібін ашып, ауыл әйелдерін жұмыспен қамтып отыр. «Анар» тігін шеберханасының иегері екі қолы жоқ болып туғанына қарамастан, қолөнердің барлық түріне епті. 37 жастағы Анар Бексұлтановаға тігу, кестелеу, техниканы басқару, сурет салу, үй шаруасымен айналысу еш қиындық тудырмайды. Жұмыстың бәрін ол кішкентай күнінен екі аяғымен істеп үйренген. Екі қыз тәрбиелеп отырған ана суреттерінің көрмесін жиі өткізіп тұрады. Біраз уақыттан бері тігін шеберханасын ашып, әйелдерге жаңа жұмыс орнын ұсынды. «Талас ауданында үлкен, тату отбасында дүниеге келдім. Жеті баланың бесіншісімін. Анам маған жүкті кезінде қатты ауырған екен, сондықтан да осы диагнозбен тудым. Ауылда 11 жылдық мектепті бітірдім. Төрт қабырғаға қамалып қалуды жөн санамадым. Оқыдым, еңбектендім. Сондықтан да өзімді бақытты сезінемін», – дейді Анар Бексұлтанова. Үш жыл бұрын Анар тапсырыстар бойынша тігін тігумен айналыса бастады. Бүгінде тігін шеберханасын ашу арқылы өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтуға үлес қосып отыр. Баспанасының бір жақ бөлігін шеберханаға айналдырған әйел жеке ғимарат салып, ісін кеңейте түссем деп армандайды: «Тауар сатып алу үшін Бішкекке барамын. Өз үйім бар, әпкеммен, қыздарыммен үйдің бір бөлігінде тұрамыз, бір бөлігін шеберхана қылдық. Алла қаласа, қосымша ғимарат, қойма салу жоспарымызда бар. «Дамудан» алған 3 миллион теңгеге екі өнеркәсіптік машина, бір тұрмыстық, бір компьютерлендірілген тігін машинасын сатып алдым», – дейді тігінші. Мүмкіндігі шектеулі екенін ұмытып, қайсарлығымен, еңбекқорлығымен көпке үлгі болып жүрген әйелдің ісі ешкімді бейжай қалдырмасы анық.