11 Сәуір 2019, 17:25 1123 0 Өнер Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«ҚАЗАҚМУЛЬТФИЛЬМ» СТУДИЯСЫН АШАЙЫҚ ДЕСЕМ, БӘРІ БӨЛІНУГЕ ҚҰМАР

Қазақстанда төл анимациялық туындылар көп емес. Осы саланың атасы марқұм Әмен Қайдар да өмірінің соңына дейін қазақ мультфильмінің бүгіні мен ертеңіне алаңдап кетті. Ол қашанда: «Бiз ұлт болып, егемендi ел болып,   мәдениетiмiз бен салт-дәстүрiмiздi дамытамыз десек, ең алдымен, тәрбиенi титтей бүлдiршiндерiмiзден бастауымыз қажет» деген пікірден танған емес еді. Ал бүгінде күрмеулі мәселе жайында шыр-пыр боп жүрген бір кісі болса, ол Қазақстан аниматорлар қауымдастығының төрағасы Ғали Мырзашев. Екеуара әңгіме де осы тақырып туралы өрбіді.

– Ғали мырза, қазақ анимация өнерінің жағдайы қалай? Жалпы, бұл салада ілгерілеушілік бар ма?

– 1967 жылы ВГИК-ті (Бүкіл-одақтық мемлекеттік кинематография институты) бітіріп келген азамат Әмен Қайдарға сол кездегі «Қазақфильмнің» директоры Камал Смайылов «мультфильм шығара бастаңыз» дейді. Өндіріс ашып, қаражатын топтайды, жұмыс орнын бөледі. Жүйелі, тұрақты жағдай жасайды. Сол кезде маманға шығармашылық ерік бергеннен кейін суретші армандарын орындады. Соның нәтижесінде өмірге қандай туынды келгенін білесіз. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш қазақ мультфильмі жарыққа шыққан бойда көрермендердің ыстық ықыласына бөлене бастады. Тұсауы кесілген сәттен бастап-ақ, мультфильм шетелдерге ұсынылып, 48 елдің экранынан көрсетілді. Ал қазіргі қазақ анимациялық өнерінде «халықаралық дәрежеге жетеді-ау» деген мультфильм жоқтың қасы. Оған себептер де көп.

Өзім де 1986 жылы Мәскеудегі ВГИК-ті бітірген соңғы қазақ баласымын. Әмен Қайдар ақсақалдың өзі іріктеудің нәтижесінде мені жіберіп еді. Кеңес одағының анимация саласындағы танымал дүлдүлдерімен бірге жүріп, талай тәжірибе жинақтадым. Ал қазіргі қазақ анимациясының жағдайын сұрасаңыз, мемлекеттік жүйе жоқ. Сала өсіп жатқан жоқ. Бірақ халықтың ынтасы мен ниеті арқылы там-тұмдап дүниелер жасалуда. Қазір бізде білімді адамды сыйламайтын заман туғандай. Сондықтан да кез келген анимациялық туындыны қарасаңыз, оқымаған, өз ісін білмейтіндердің қолтаңбасы анық көрінеді. Бейнелеу шешімі, режиссурасы, тағысын тағы, бәрі әлсіз. Әйтеуір «Біз – қазақпыз!» деген сарындағы ұрандатып түсірген дүниелер баршылық. 2009 жылы Елбасы анимациялық фильмдердің жағдайына алаңдап, бұл салаға көңіл бөлу керектігін қадап айтқан еді. «Қазақфильмді» Ермек Аманшаев басқарып тұрған сол кезде біршама қаржы бөлінді. Алайда, анимация тағы да алданған бала сияқты далада қалып қойды.

– Неге?

–  Мысалы, үш жылда бір толық метражды фильм түсіру қажет пе, оны заңды түрде бекіту керек. Қысқа фильмдердің жылына бесеуін жасау керек пе, ол да заңды түрде бекітілсін. Анимация бала тәрбиелеу сияқты. Бір жұма тойындырып-киіндіріп, мектепке үзбей апарып, енді бір жұма аш ұстап, оқуға апармай қойсаңыз, нәтижесі қандай болатыны белгілі. Бүкіл әлемде анимация телевидениеге қарайды. Ресейде де, Қытайда да сол. Ал бізде Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды, ал оның туындысы телевидениеге қарайды. Айналып келгенде, анимация саласы жетім баланың күйін кешіп отыр. «Кино туралы» заңнан бөлек, «Қазақ анимациясы туралы» дара заң керек. Осы мәселені 2010 жылдан бері айтып келемін. Біз бір-бірімізді тыңдамайтын халықпыз. Қазір елордадан анимациялық студия саламыз деген әңгіме бар. Оның керегі жоқ. Бұл да халықтың ақшасын талан-тараж ету.

– Ал салаға жыл сайын қанша қаржы бөлінеді? Бір мультфильмді түсіруге қанша қаражат қажет?

– Бір кезде мемлекеттік құрылымда жұмыс істеген кезімде 150 мың теңгеден асатын өнім міндетті түрде байқауға түсетін. Қазір бұл үрдіс құрдымға кетті. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қаржы байқау өткізілмей-ақ Шымкенттегі студияға берілді. Бірақ түсірген өнімін көрмедік. Егер ашық байқау жарияланса, менің де жобаларым топ жарар еді. Салада жүйесіздік болған соң ақша бірде бар, бірде жоқ. Қаржы дұрыс бөлінбейді. Жылына қанша қаржы бөлінетінін нақты білмеймін. Мультфильм түсірудің де түрлі әдісі бар. Ақшасы да соған байланысты. Қазір жаңа технологияның арқасында 2D, 3D графикалық форматы енді. Ал толық метражды 90 минуттық мультфильмге ең аз дегенде 3 млн АҚШ доллары қажет. Елімізде мұндай қаржы бөлінбейді. Шетелде қаржының 49 пайызы режиссерлік топқа бөлінсе, 51 пайызды мемлекет бөледі. Сонда туынды да сапалы болады. Бізде 60 шақты мультфильм сөреде жатыр. Неге? Себебі жүйе жоқ.

– Бір пікіріңізде «Егер біз шынайы тәуелсіз ел болсақ, ұлттық анимация орталығы «Қазақмультфильм» болуы керек деп едіңіз. Осы ұсынысыңыз жерде қалды ма?

– Бұл менің талай жылдан бергі арманым. Бұл ұсынысты басқосу, жиындарда айтып келемін. Қазір мен де алпысты алқымдап қалдым. Ұлттық анимацияның жағдайына қатты алаңдаймын да, күйзелемін. Теледидар арқылы бөтен өнерді дәріптеп, бала-шағамыздан аластап, елдің болашағы, азаматын жат мәдениетпен тәрбиелеуді доғаруымыз керек. Анимация – идеологиялық майдан. Осыған орай, әріптестеріме «Союзмультфильм» сияқты «Қазақмультфильм» анимациялық орталығын құрайық, бәріміз сол тудың астында жиналайық» десем, әйтеуір бөлінуге құмар. Оның дәрежесінде «Анимация туралы» заң қабылдануы қажет. Мәскеудегі ВГИК-ке мамандарды оқытуға жіберу керек. Біздегі өнер академиясын бітіретін бір-екі студентті Мәскеудегі жоғарғы режиссерлік курстарға жіберуіміз қажет. Ол қымбат та емес. Олармен де, басқа да халықаралық өнер отауларымен де жиі араласуымыз қажет. Нақты айтсам, маған «Ғали, осы саланы көтересің бе?» десе, бес жыл ішінде едәуір дәрежеге жеткізер едім. Қытайда, Ресейде көп боламын. Олар белгілі бір тақырыпты бекітеді де, соған анимациялық компаниялар жаңа жоба ұсынады. Мысалы, Қытайда 20 шақты студия бар, татар, башқұрт, якуттарда да анимация студиялары бар. Бізде ше? Біреу сұраса, жауап беруге ұят.

– Balapan телеарнасы көрермендері үшін біраз дүние жасағандарыңызды естіп едім. Мұның өзі жұмысыңызға шабыт сыйлаған болар...

– Бұл арнаға ақын, журналист Мақпал Жұмабай келгелі бері әжептәуір өзгеріс болды. Өкінішке қарай, бюджеті аз. «Қазақфильмге» қандай ақша бөлінеді, сондай бюджет balapan телеарнасында болса, баламалы түрде жарысып, қызмет істейтін едік. Әрине, жобаларымыз там-тұмдап жарық көрсе де, соның өзі қуаныш.

– Жұртты мойындатып жүрген отандық аниматорлар бар ма?

– Әрине, бар. Бүгінде шетелде аты танымал режиссер, суретші Рамиль Усмановтың «Мақтаншақ қыз», «Тимур мен айдаһар» атты мультфильмдері жоғары бағаға ие. Өкініштісі, ол шетелде жұмыс істеп, нанын сол жақтан тауып жүр. Ал мен сияқтылар қол қусырып жүр. Кетейін десе, қаракөздердің болашағына алаңдайды.

– «Жібек жолы туралы аңыздың» жаңа нұсқасын ұсынамын деп едіңіз. Нәтижесі не болды?

– Қытай, Ресей және Франция елдеріндегі әріптестерімен бірлесіп толық метражды анимациялық фильм жасауға кірістік. 90 минуттық анимациялық туындының жалпы бюджеті 7,5 млн АҚШ доллары. Оқиға желісі елдер мен құрлықтарды байланыстырушы ежелгі керуен бағыты жөнінде өрбиді. Болашақ картинаның алғашқы эскиздері дайын. Оларды ресейлік аниматор, «Кин-дза-дза» фантастикалық мультфильмінің авторы Александр Храмцов әзірлеген. Ортақ жоба бойынша жұмыс істеу идеясы 5 жыл бұрын Суздальда өткен кинофестиваль барысында туған. Мәселен, өзіме Жібек жолы тақырыбы аса қызықты. Бастамам қолдау тауып, 2013 жылдан бері көптеген іс тындырылды. Көшпенділер ұрпағы ретінде осындай жұмыстар арқылы Шығыс пен Батысты қосатын көпір салғым келеді. Бұл туындыны жобаға аттас Жібек есімді қызбен байланыстырдым. Сюжетке сай, Жібек жолы бойындағы керуен құрамында болған Жібек есімді кішкентай қыз қауіпті жағдайға тап болады. Сол кезде оны қытайдың айдаһары келіп құтқарып, императордың сарайына жеткізеді. Қаршадай қызға байланып қалған аждаһа оны еліне жеткізу үшін барынша көмек береді. Олардың басынан кешкен жағдайлары шытырман оқиғаларға толы. Яғни, мультфильмде қытай императоры бесіктегі қызды асырап алады да, сол император ең соңында Шыңғысханның немересі Құбылай хан болып шыға келеді. Бұл – мемлекеттік қолдаусыз жүзеге асырылып жатқан алғашқы халықаралық ірі жоба болмақ. Қазір анимациялық фильмге демеу жасайтын инвесторлар қарастырылуда. Картинаның продюсерлік құқығын француз мамандар бір жарым жылға алды да, әрі қарай істі ілгері жылжыта алмай жатыр.

– Енді өзіңіз осы саладан нәпақаңызды қалай теріп жүрсіз?

– Қазір жұмыссызбын десем болады. Өзімнің он шақты жобам бар. Оның бес-алтауы толық метражды дүние. Бәрі де тарихи деректердің көмегімен бұрмаланбай жасалды. Қазір Шыңғысханның жобасын дайындап жатырмын. Шығармада құс боп келіп, құс боп ұшып кетеді. Ол өзі тарихта да жұмбақ адам. Егер маған 3 млн доллар берсе «Маша мен аюдан» асып түсетін «Керуен» деген жобамды жарыққа шығарар едім. Бұл жоба бірнеше локацияда түсіріліп, әлем нарығына шығар еді. Рас айтам, бұл жай бәдік сөз емес. Бірақ оған ешкім қызыққан жоқ. Бізде сауатсыздық көп. Кімде-кім өз бала-шағасы үшін тарихта із қалдырғысы келсе, сөзсіз сол адамның жанынан табыламын.  Бұл – менің өнерім болса, бала тәрбиесі – баршаның ісі. Анимация деп шырылдайтыным сол. Себебі балаларым, немерелерім тұшынып отырып көретін дүние жасағым келеді. Қазаққа қажеті болмаса да, түркі халықтарына керек шығар деп, жан-жақтан қолдау іздеп жүрмін. Болашақта киноға, өнерге де қаржы көп бөлінуі керек. Бір ғана нәрсені айтуға болады. Қазақстанда осыншама байлық бола тұра, анимациялық кинолардың қолдау таппайтыны, оны өнердегі бизнес ретінде қабылданбайтыны жанға батады. Бәлкім, өнерді интелектуалды тауар ретінде жоғары бағалайтын қандай да бір бизнес өкілі «Жібек жолы туралы аңыз» туындысына қолдау білдіріп, болашағы бар және игілікті жұмысқа инвестиция салып қалар, кім білсін?!

–  Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

Соңғы жаңалықтар