БЕС БАСТАМА БЕРГЕН НӘТИЖЕ

БЕС БАСТАМА БЕРГЕН НӘТИЖЕ

БЕС БАСТАМА  БЕРГЕН НӘТИЖЕ
ашық дереккөзі
Бүгінде Елбасы ұсынған «Бес әлеуметтік бастама» жобасының нәтижесін көріп жатқандар көп. Бұл – баспана, жатақхана, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Соның ішінде халық иек артып отырған баспана мәселесі өзектілігін жоймақ емес. Өткен жылы ғана елімізде 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алайда тұрғындарды баспанамен толықтай қамтуға оның өзі жеткіліксіз. Қазір елімізде тұрғындардың 14 пайызы баспанаға мұқтаж екен. Осы уақытқа дейін Қазақстан нарығы бір ғана ипотекалық несиелендірудің неше алуан түрін сынап көрді. Бұлардың бірі несие берушіні қанағаттандыра алмаса, енді бірі несие алушы азаматтардың көңілінен шықпай жатты. Мемлекет тарапынан жекелеген әлеуметтік топтар үшін жеңілдетілген несие түрлері мен бюджеттік баспана тұрғызу шаралары да іске асырылып келді. Ал енді жаппай еліміздің тұр-ғындары үшін төмен пайызды ұзақмерзімді ипотека беру тұңғыш рет қолға алынуда. Елбасының бұл бастамасы, басқасын айтпағанда ТМД елдерінің аймағында теңдесі жоқ әлеуметтік қадам болмақ. Көршілес Ресейдің өзінде әлеуметтік ипотекалардың ең төмен пайыздық мөлшерлемесі 11,5-13 пайызды, алғашқы жарна 30 пайызды құрайды. Ал «7-20-25» үлгісіндегі бағдарламада бастапқы жарна мен несие мерзімі де қарапайым азаматтар үшін біршама қолайлы деңгейде белгіленді. Аталмыш бастама кейінгі жылдары дағдарыстың әсерімен біршама бәсеңдеп қалған құрылыс саласына да серпін бермек. Елбасының сөзімен айтқанда «экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады». Еліміздің азаматтары үшін аса өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – еңбекақы мәселесі. Елбасы өз Үндеуінде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынды. Нақтырақ айтқанда, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың жүктемесін жеңілдету керек екені айтылды. Жасыратыны жоқ, төменгі жалақымен күн көріп жүрген азаматтардың басым бөлігі ауылда тұрады. Олай болса, бұл бастама тікелей ауыл азаматтарын қолдауға, олардың тұрмыс-тіршілігін көтеруге бағытталған деуге болады. Мұның несие алуға да қатысы бар, себебі шынайы табысын көрсете алған жұмыскердің ипотекалық жүйеге енуге мүмкіншілігі бар. Яғни, салық деңгейінің төмендеуі табыстың артуына, тұрғындардың баспана мәселесін шешуіне оң ықпал етеді. Елдің ертеңіне салынатын ең маңызды инвестиция – білім және ғылым. Елбасының әрбір бастамасында білім беру саласына ерекше көңіл бөлінеді. Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі. Цифрлы технологиялар мен интернет жүйесі үстемдік құрған дәуірде озық біліммен қаруланған ел ғана бәсекеге қабілетті бола алары хақ. «Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады» деп атап көрсетті Елбасы. Бұл – нақты сандармен негізделген жүйелі жоспар. Білім жолына қадам басқан мыңдаған жас түлектің кеудесіне үміт ұялатып, келешекке деген сенімін нығайтатын ауқымды бастама. Аталмыш бастаманың негізгі мақсаты – төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлау. Үндеуде қосымша гранттардың басым бөлігі инженерлер, ақпараттық технология, роботты техника, нанотехнология саласы мамандықтарына бөлінетіні баса айтылды. Өз кезегінде жоғары оқу орындары да аталмыш бағыттағы мамандықтар бойынша сапалы маман әзірлеп шығаруға тас-түйін дайын болуға міндетті. Индустрия 4.0 үдерісінің көшіне ілесеміз десек, еліміздің оқу орындарындағы білім беру жүйесін үнемі дамытып, ғылым мен технологияның жетістіктерін игеруге икемді сапа деңгейіне жеткізуге тиіспіз. Ең алдымен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасын мамандығына сай өндіріспен тығыз байланыста түзген дұрыс. Мәселен, ауыл шаруашылығы мамандықтарының оқу бағдарламасын тиісті кафедралар мен факультеттер өз аймақтарындағы агроөнеркәсіп кешенінің еңбек және техникалық шарттарына, талап-тілектеріне орай әзірлесе, бұл саладағы маман сапасы мен еңбек өнімділігі артар еді. Жоғары оқу орындарында мұндай мүмкіндік бар. Бұрынғыдай емес, олар оқу бағ-дарламасын әзірлеуде мейлінше дербес. Бес әлеуметтік бастамада техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру қажеттігі айтылды. Қосымша бөлінетін 20 мың оқу грантының санына ғана емес, сол гранттар бойынша білім алып шығатын мамандардың сапасына да жіті көңіл бөлуге міндеттіміз. Сондай-ақ, қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Сондықтан 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу көзделді. Бұл әсіресе, білім қуып, ауылдан қалаға келген жастар үшін жақсы жаңалық. Бизнес пен мемлекеттің серіктестігі арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып, қазіргі таңда біздің елде де қанат жайып келе жатқан оңтайлы амал болып тұр. Осы арқылы студенттер қауымының жатақхана мәселесі шешімін тауып қана қоймайды, сонымен қатар бизнестің белгілі бір салалары да өркендеп, дамуға мүмкіндік алады. Елбасы ұсынған төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Өзін өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін ең тиімді тетік осы. Үкімет бұған дейін де кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тұрғындарға шағын несие берудің түрлі үлгілерін сәтті іске асырып келді. Ал енді бұл жолғы шағын несиенің көлемі 20 миллиардқа артпақшы. Игерілу деңгейіне қарай көлемі жыл сайын өсіп, екі еселенбек. Шағын бизнеске құйылған мұншама қаржының макроэкономикалық әсері болары да хақ. Бұл бастама негізінен ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды.

Тоғжан Төлеген