Жаңалықтар

ДӘРІХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ САУЛЫҚ КЕПІЛІ МЕ, БИЗНЕС ПЕ?

ашық дереккөзі

ДӘРІХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ САУЛЫҚ КЕПІЛІ МЕ, БИЗНЕС ПЕ?

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының тым қымбат екендігі және әр дәріханада түрлі бағада сатылатыны талайдан айтылып келеді. Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің барлық дәрі-дәрмектерге бағаны реттеу құзіретін беретін ҚР Заңының нормасы күшіне енді. Енді дәріханалардағы дәрі бағасы бір қалыпқа түседі. Жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәрілік заттар айналысы жөніндегі заңнамалық түзетулерге қол қойды. «Мемлекет басшысы халықты дәрілік қамту жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысындағы мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Заңда дәрілердің көтерме және бөлшектік сату бағасын реттеудің жаңа механизмдері қарастырылған-ды. Дәрілік заттардың көтерме және бөлшектік саудасы бойынша барлық ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурстарында және тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік реестрінде жарияланады. «Бірінші байлық – денсаулық» екені рас. Сырқат адам жан қиналғанда дәрінің бағасына емес, уақыт оздырмай табылғанына разы болатындай. Әйтпесе дәріхана бизнесімен айналысатындардың ойына келген бағаны қойып, кәсібін дөңгелетіп отырғаны бүгін болып отырған жайт емес. Бұл ретте адам өмірі мен саулығын кәсіп көзіне айналдырған бизнесмендер әрдайым судан құрғақ шығып келді. Біз осы түйткілдің түйінін тарқату мақсатында журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Қала көшелерінде менмұндалап тұрған дәріханаларға кіріп, халық арасында сұранысқа ие тұмау мен суық тиюге қарсы ұсынылатын «Терафлю» дәрілік препаратының бағасын қағазға түсірдік. Алматылықтар жиі бас сұғатын Назарбаев пен Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан Орталық дәріханада аталған препарат бағасы 1680 теңге. Қорабында 10 дана. Жібек жолы көшесіндегі «Садыхан» дәріханалар желісінде «Терафлю» құны 1640 теңге екен. Дәл осы секілді «Добрая» дәріханасында – 1770 теңге, «Биосфера» дәріханасында – 1850 теңге, «Аптекаплюс» – 1900 теңге, «Europharma» – 1584 теңгеге сатылуда. Бағалардың әрқилы болатындығы «бірнеше факторға байланысты» дейді атын атаудан бас тартқан сатушы. Оның бастысы ғимаратты жалға алу бағасына қатысты. Өздерін осылай ақтап алғысы келетін дәріхана иелері: «Егер баға тұрақтанып, бақылауға ілігетін болса, ғимараттың шығыны өтелмейді. Сол себепті арзан ғимараттар іздей бастаймыз. Бұл өз кезегінде мегополистердегі халыққа қолайсыздық туғызады. Дәріхана кез-келген жерден, әрі жылдам табылуы керек», – дейді. Аталған себепті ескеріп республикалық дәріхана желілерінің әр қалада ұсынатын дәрі бағасын сұрап, іздеп білдік. Мәселен, «Europharma» дәріханалар желісі «Терафлю» препаратын ғимарат жалдау ақысы қымбат деген Алматы қаласында 1584 теңгеге саудаласа, Ақтөбе, Ақтау қалаларында – 1796 теңге, Қызылорда, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қаласында – 1728 теңге, Орал қаласында – 1810 теңгеге сатылады екен. Алматыдағы «Орталық дәріхананың» интернеттегі сайтын шолып шыққанда «Эреспал» препараты жайлы мағлұмат пен оның бағасы көрсетіліпті. Хабарласып сұрау салғанымызда сатылымда жоқ екенін, дәрігерге хабарласып оны алмастыратын дәрі алу керектігін айтты. Бұл бір ғана «Эреспал» төңірегіндегі мәселе емес. Басқа дәрілердің де адам ағзасына кері әсер етпейтініне кім кепіл?! Өндірушілер мен делдалдар науқас саулығынан гөрі қалтасын ойлайтыны жасырын емес. Бұл ретте Қазақстанда сатылатын барлық дәріге ғылыми тұрғыда зерттеулер жүргізілсе артық болмас дейді жұрт. «Орталық дәріхана» сайтында рецептсіз 10 мың 695 түрлі тауарды, дәрігер рецептімен 5 мың 139 дәріні сататыны жазылған. Олардың қатарында миллиондаған тұтынушының саулығына зиянды дәрі-дәрмек жоқ екендігіне кім кепіл?! ФАРМАЦЕВТИКА НЕГЕ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫ? Дәрі-дәрмек «денсаулық сақшысы» емес, «табыс көзі» ретінде кең қанат жайып келеді. Экономикалық тұрғыдан тақырыпқа тоқталар болсақ, Қазақстан жыл сайын миллиондаған долларға дәрі сатып алады. Экспорт жоқ демейміз, бірақ, импорттың үлес салмағы көп. «ranking.kz» сайты таратқан дәйектемеге сүйенсек, Қазақстанға импортталатын препараттардың басым бөлігі Үндістан, Қытай, Германия мен Франция елдерінің өнімі. Еліміз 2015 жылы жалпы құны 847, 6 млн долларға дәрі сатып алса, 2016 жылы 602,5 млн долларға фармацевтикалық компаниялармен сауда жасаған. 2017 жылғы есеп бойынша Қазақстан Үндістаннан 760,2 тонна, Қытайдан 738 тонна, Германиядан 737 тонна дәрілік препараттар әкеліпті. Ал отандық мамандар соңғы жылдары Қазақстанда жасалған дәрі-дәрмектің көлемі артты дейді.