Жаңалықтар

БҰҰ-ны реформалау қажет пе?

ашық дереккөзі

БҰҰ-ны реформалау қажет пе?

Бірікен Ұлттар Ұйымының негізі ХІХ ғасырдағы «Еуропалық концерт» деген мекемеден басталады. Батыс елдері саяси мақсатқа әскери емес, дипломатиялық жолмен жету үшін осындай ұйым құрған. «Еуропалық концерт» халықаралық құқықтың қалыптасуына, әскери шараларды жүргізудің ережелерін жасауға, қарусыздандыру мәселесіне қомақты үлес қосты.

І дүниежүзілік соғыстан соң бейбітшілікті нығайтып, халықтар арасындағы достықты өркендету үшін үлкен ұйым құру қажеттігі туды. 1919 жылы ашылған мекеме «Ұлттар лигасы» деп аталып, негізінен Еуропа мемлекеттерін біріктірді. «Ұлттар лигасының» кемшілігі Африка, Латын Америкасы, Азия және Таяу Шығыс елдерінің мәселелерін шетке ысырып тастауында. Бұл аймақтардағы елдердің көбісі колония қамытын кигендер еді. «Ұлттар лигасы» ресми үш тілде жұмыс жүргізді: ағылшын, француз және испан. Лиганың құлдық жөніндегі комиссиясы адам саудасы, әсіресе әйелдерді сатуды тоқтату жөнінде бірқатар құжаттар қабылдап, құл иеленушілік үстемдік құрған мемлекеттерге ықпал ете білді. Мәселен, лига құрамына кіруді мақсат еткен Эфиопиядан елдегі құл иеленушілікті жоюды талап етті.

Бірақ ІІ дүниежүзілік соғысты тоқтата алмаған «Ұлттар лигасы» 1946 жылы жабылады.

Лиганың құрамдас бөлігі болған халықаралық еңбек ұйымы 1919 жылы құрылған. Баршаға ортақ сегіз сағаттық қызмет пен аптасына қырық сегіз сағат жұмыс істеу ережесін осы ұйым енгізген. Бұл ұйым балаларды жұмысқа жегуді тоқтату, әйелдер құқын қорғау сияқты тақырыптармен айналысты. Лига тарағаннан кейін де халықаралық еңбек ұйымы жұмысын жалғап, 1946 жылы БҰҰ-ның құрамына кірді.

Халықаралық деңгейде мемлекеттердің қауіпсіздігін сақтау, ынтымақтастығын арттыру және бейбітшілікті нығайту мақсатында арнайы ұйым құру туралы идея ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде ортаға тасталып, 1942 жылдың 1 қаңтарында Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдемесіне қол қойылды. БҰҰ жарғысы Сан-Франциско конференциясында бекітіліп, 1945 жылдың 26 маусымында елу мемлекеттің өкілдері қол қояды. Жарғының күшіне енген күні 1945 жылдың 24 қазаны Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылған күні ретінде белгілі. Ақ пен көгілдір түс астасқан БҰҰ туын Сан-Францискодағы конференцияға арнап, 1945 жылы АҚШ-тың стратегиялық қызмет басқармасы жасады. Осы конференцияда БҰҰ-ның жарғысы бекітілді.

Бүгінде БҰҰ хатшылығында 44 мың қызметкер бар. Ұйымның бас штабы Нью-Йоркте орналасқан. Бөлімшелері Женева, Вена және Найробида.

БҰҰ-ның орталық кеңесуші мекемесі — бас ассамблея. Жылына екі рет, қыркүйек және желтоқсан айларында сессиялар өткізеді. Әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ынтымақтастық ұстанымдарын қарастыратын бас ассамблея Қауіпсіздік кеңесінің, экономикалық және әлеуметтік кеңестердің мүшелерін. Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысымен БҰҰ-ның бас хатшысын сайлайды. Сондай-ақ, халықаралық БҰҰ-ның сот мүшелерін тағайындайды.

Джентельмендік келісім негізіне (бейресми халықаралық келісім) сәйкес қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше мемлекеттің өкілі БҰҰ-ның бас хатшысы лауазымына сайлана алмайды. Бүгінге дейін ұйым бас хатшылығы міндетін сегіз адам атқарды. Глэдвин Джебб (Ұлыбритания, 1945-1946), Трюге Хальвдан Ли (Норвегия, 1946-1952), Даг Хаммаршельд (Швеция, 1953-1961), У Тан (Бирма, 1961-1972), Курт Вальдхайм (Австрия, 1972-1982), Хавьер Перес де Куэльяр (Перу, 1982-1992), Бутрос Бутрос-Гали (Египет, 1992-1997), Кофи Аннан (Гана 1997-2007). Қазір БҰҰ-ның хатшылық басында Корея республикасының өкілі Пан Ги Мун отыр. 2007 жылдың басында осы қызметке кіріскен оның екінші мерзімі 2017 жылдың 1 қаңтарында аяқталмақ.

БҰҰ-дағы қазақ қайраткерлері

1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ның бас ассамблеясының 46 сессиясының қорытындысы бойынша Қазақстан БҰҰ-на мүше болып қабылданды. Бүгінгі таңда республикада БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, барлығы 15 өкілдік жұмыс істейді.

Қазақстанның 1 дәрежелі дипломаты, республика тарихындағы тұңғыш елші ханым Ақмарал Арыстанбекова 1991-1992 жылдары Ресей Федерациясының Біріккен Ұлттар ұйымындағы бас кеңесшісі болып қызмет атқарды. 1992 жылдың 15 сәуірінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақмарал Арыстанбекованы Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі етіп тағайындайды. Бұл қызметті ол 1999 жылға дейін атқарады. 1997 жылдың 11 желтоқсанында Киото қаласында қабылданған климаттың өзгеруі жөніндегі Киото хаттамасына қол қою да Ақмарал Хайдарқызына тапсырылады. 1999-2003 жылдар аралығында Ақмарал Арыстанбекова Француз Республикасындағы төтенше және өкілетті елші бола жүріп Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметін қоса атқарды. Қазақстанның БҰҰ-дағы алғашқы тұрақты өкілі болған Ақмарал Арыстанбекова жетекші мемлекеттердің елшілерімен, бас хатшымен және бас ассамблеяның басшысымен кездесіп, республиканың ұйымға мүше болып қабылдануын жылдамдату мәселелерін талқылаған бірегей елші ретінде тарихта қалды.

«1991 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларациядан кейін екі күн өткенде Сыртқы істер министрі ретінде мені Президент Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркке жас республиканың БҰҰ-ға кіруіне дайындық шараларын атқаруға жіберді» деп, еске алады ол өз естелігінде.

1992 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан Республикасының БҰҰ-на мүше болып қабылданғаны туралы мәлімдемесі құжат түрінде Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынылады. 1992 жылдың 23 желтоқсанында Қауіпсіздік кеңесі бас ассамблеяға Қазақстан республикасын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабыл­дауды ұсынды. «Маған ел Президенті мен Қазақстан халқы атынан биік мінбеде тұрып сөз сөйлеу құрметі бұйырды. Артынан Қазақстан туы көкке көтерілді. Қазақстанның БҰҰ-на мүшелікке қабылдануы ел тәуелсіздігінің айқын нышаны еді», – дейді Ақмарал Арыстанбекова.

БҰҰ-ның он сессиясына қатысқан саясаттану ғылымдарының докторы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейде жоғары дәрежелі кәсіби дипломат ретінде танымал. 2011 жылдың наурызында БҰҰ-ның бас хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты өзінің орынбасары етіп тағайындады. Қазақ дипломаты Женевадағы өкілдіктің бас директоры қызметін атқарғандығы белгілі. Қ.Тоқаев БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі жеке өкілі болады. Ол БҰҰ-ның Швейцариядағы қызметкерлерінің қауіпсіздігіне жауап беретін жоғары лауазымды тұлға.

Еліміз халықаралық аренада көріне бастаған кезде Президент Назарбаев респуб­ликаның Біріккен Ұлттар ұйымымен ық­пал­дастығының маңызын атап көрсетті. Қазақстанның бастамасымен 2003 жылдың тамыз айында Алматы қаласында Біріккен Ұлтттар ұйымының дамушы елдер мәселелеріне арналған конференциясы өткізілді. 2005 жылы халықаралық терроризммен күресті күшейту мақсатында Қазақстан БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің контртеррорлық комитетінің отырысын өткізді. Қазақстан БҰҰ-ның ең маңызды мекемесінің бірі экономикалық және әлеуметтік кеңесіне қабылданды. 2006 жылдың қараша айында бас ассамблеяның пленарлық отырысында БҰҰ-на мүше 192 елдің 187 –сі Қазақстанның ЭКОСОС-қа мүше боп енуін жақтап дауыс берді. Бұл ұйымға Қазақстан Орта Азия мемлекеттерінің арасында бірінші боп енді. Қазақстанда БҰҰ комиссияларының Орта Азияның мәселелерін шешуге арналған кең ауқымды мәжілістері де өтті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мінбесінде алғаш рет 1992 жылдың қазан айында бас ассамблеяның 47-сессиясы кезінде сөз сөйлеуі республика үшін тарихи маңызы зор оқиға болды. Елбасы халықаралық дәрежедегі баяндамасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті құру жөнінде ұсыныс айтты.

Реформаға кедергілер көп

Жетпіс жылдың ішінде БҰҰ-на мүше мемлекеттердің саны төрт есеге ұлғайып, бүгінде 194-ке жетті. Қазақстаннан кейін БҰҰ-на 13 мемлекет мүше боп енді. Қазіргі таңда саясаткерлер БҰҰ-ның жұмысын жетілдіру, құрылымдық жағын жаңарту туралы ұсыныстарын білдіруде. «БҰҰ халықаралық ұйым ретінде өз міндетін толық атқармай отыр, ұйымды қайта құру керек» деген пікірлер де естіліп қалады. Мамандар ұйым жұмысының тиімділігінің төмендігі мүше мемлекеттер санының артуынан деп есептесе, батыс журналистері сыбайлас жемқорлық, жүйе жұмысының шашыраңқылығы және кейбір қызметкерлердің ісіне жауапсыздығы басты себеп деп есептейді.

БҰҰ-ын реформалау жөніндегі ұсынысты ұйым басшылығы да, мүше мемлекеттің өкілдері де көтеруде. Реформа өз деңгейінде жүргізілсе, БҰҰ-ның жұмысы ашықтыққа негізделіп, хатшылықтағы бюрократиялық кедергілер жойылар еді. Реформа туралы әлемдік саясаткерлердің ой-пікірлері 2005 жылы Нью-Йоркте өткен дүниежүзі лидерлерінің саммитінде ортаға тасталды. Саммит соңында БҰҰ-ын реформалау туралы құжат қабылданды. Саясаткерлер БҰҰ –ын қазіргі геосаси жағдайларға бейімдеу қажеттігін де жиі айтуда.

2005 жылғы саммиттен бері он жыл өтті, бірақ реформа әлі қолға алынған жоқ. Оның себебі – дамушы елдердің көрнекілігінің жетіспеуі, қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің келісім бермеуі, АҚШ үстемдік ететін бір полярлы әлем құруға деген үрдістің белең алуы және қаржылық дағдарыс. Оған қоса «Оңтүстік» елдердің БҰҰ жұмысына қатысуға материалдық ресурсы тапшы. Аймақтық маңызы бар Италия, Малайзия, Түркия сияқты мемлекеттер «жартылай тұрақты» мүшелікке қайта сайлануға тыйым салуды алып тастау арқылы өздерінің статусын бекіткісі келеді. Ал Германия, Үндістан, Аргентина, Мексика, т.б. мемлекеттер Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелігіне ұмтылуда.

БҰҰ құрылған күннен бастап дүниежү­зін­дегі дамушы елдерге қатысты жобалардың, бағдарламалардың жүзеге асуына бастамашы болды. БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік миссиясы 1948 жылы Араб-Израиль қақтығысы кезінде, 1964 жылы Кипрдегі әскери әрекеттерді тоқтатуға, 1993 жылы Грузиядағы грузин-абхаз қақтығыстарын реттеуге, 1994 жылы Тәжікстанда діни қақтығысты тоқтатуға қатысты.

Әзірше дүниежүзіндегі теңдесі жоқ бірегей ұйым болса да, БҰҰ-на жылда өзгеріп жатқан саяси өзгерістерге бейімделе алмайтын баяу әрекеттілігі үшін де сын тағылуда. БҰҰ-ның атына айтылатын сын пікірлер негізінен жүйедегі демократияның жетіспеуі, бюрократия, қаржыны дұрыс жұмсамау, дамушы елдердің мәселелеріне жеткілікті көңіл аудармау тәрізді мәселелерге тіреледі. Мысалы, 2010 жылы Гаити аралына тырысқақ дерті таралғанда БҰҰ тарапынан ешқандай көмек болмаған. Сондай-ақ, Сирияның көптеген тұрғындары химиялық қарудың кесірінен қырылғанда ұйым ешқандай қадамға бармаған. Сондай-ақ Иракқа көмек ретінде жасалған «Азық-түлікке мұнайды айырбастау» бағдарламасына Кофи Аннанның ұлы Коджо Аннанның қатысты болуы ұйым басшылығына деген наразылықтың тууына түрткі болса керек.

Адам құқықтарына қатысты реформалар жүргізу де бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып отыр. Негізгі тетікті ұстап отырған АҚШ ұйымға өз елінде адам құқы жиі бұзылатын Ливия, Куба, Судан, Алжир, Қытай, Вьетнам сияқты мемлекеттер мүше деп кінәлауда. 2006 жылы БҰҰ-ның бас ассамблеясы адам құқықтары жөніндегі жаңа кеңесті құруға дауыс берді. Кеңестің құрылуына Палау, Израильмен қатар АҚШ қарсы дауыс берді.

Әлемде кедейлік азайса да азық-түлік тапшылығы жойылмай отыр

2000 жылы Мыңжылдықтар саммитінде «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» деп аталатын бағдарлама қабылданып, әлем лидерлері БҰҰ-ның мыңжылдық декларациясына қол қойды. Бұл құжат кедей елдерге мейлінше көмек көрсету мақсатында жасалған. Әлемдік деңгейде сегіз түрлі мақсатты ұстанған бағдарламада аталған мәселелерді 2015 жылға дейін шешу жоспарланған еді. Бұл жоба аясында әлем бойынша кедейлік деңгейін төмендету, жұқпалы аурулармен күрес, әл-ауқаты төмен елдердің қоғамдық мәселелерін шешу мақсат етіп қойылды. 2000-2015 жылдар аралығында жүзеге асуы белгіленген бұл құжат бойынша, жер бетіндегі аш адамдардың санын екі есеге азайту, ерлер мен әйелдердің теңдігіне толық мәнді қол жеткізу, бала шетінеуін азайту, аналардың денсаулығын жақсарту, СПИД тәрізді жұқпалы аурулардың таралуын 2015 жылға дейін тоқтату, табиғи ресурстардың таусылуына жол бермеу, 2020 жылға дейін жер беті тұрғындарының (100 миллион панасыз адам бар екен) әлеуметтік жағдайын жақсарту, кедейлік деңгейін ұлттық және халықаралық дәрежеде азайту, фармацевтикалық компаниялармен келісе отырып дамушы елдердің дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету, т.б. мақсаттар қойылған.

2014-2015 жылдарға арналған БҰҰ бюджеті 5,5 миллиард доллар көлемінде бекітілді. Қаржы салымы жөнінен АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания тәрізді мемлекеттер алдыңғы қатарда тұр. Биылғы жылы БҰҰ жаһандық деңгейдегі «Тұрақты даму» бағдарламасын іске қосып, «Мыңжылдықтың даму мақсаттарын» ары қарай жалғастырмақ. Шет елдік экспорттар, мәселен кедейлік деңгейін төмендетуге арналған №1 мақсатқа қатысты ғалым Жан-Луи Аркан әл-ауқаты төмен топтарға орта тапты да қосу керек деп есептейді. «Өйткені Дүниежүзілік банктың көрсеткіші бойынша күндік табысы 1,25 доллар болатын тұрғындар кедейлік шегіндегі адамдар санатында. Бірақ табысы 1 доллардан сәл асатын, тіпті оған да жетпейтін кісілер бар ғой. Сондықтан бұндай декларацияның пайдасы аз» дейді шетелдік эксперт. Швейцариялық ғалым Нина Шнайдер «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» дамыған елдердің үстемдік саясатының құрбаны болды деп есептейді. Оның ойынша дамыған елдер 1990 жылдары дүниежүзілік сауда ережелерін өзіне ыңғайлы үлгіге көшіріп алған.

Алайда, БҰҰ аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда бірқатар табыстарға жетті. Бас хатшы Пан Ги Мунның 2013 жылғы баяндамасы осының айғағы. 2014 жылғы баяндамасында БҰҰ бас хатшысы адамзаттың жақсы өмір сүруге деген мүмкіндіктері артқанын мәлім етті. Бірақ швейцариялық эксперттің пікірінше, әлемдегі ешбір ел кедейлікті жеңе алған жоқ. Дамуға бөлінген қаржы экономикалық дамудың басты кепілі емес деп есептейді экспорт. Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк қомақты қаржы бөлген. «Эксперттар бұл қаржының әділ бөлінгеніне күманданады» дейді, Фредерик Бюрнан «Swissinfo. ch» сайтындағы сараптамасында.

Оның зерттеуі бойынша, жер бетіндегі кедей-кепшіктің саны айтарлықтай азайса да, адамзаттың сегізден бір бөлігі, яғни 870 миллион тұрғын әлі де тойып тамақ ішпейді екен. 1990 жылдан бері жер шарындағы бала өлімі 47 пайызға азайғанмен, 2012 жылы 5 жасқа дейінгі 6,6 миллион бала аурудан көз жұмған. «Мыңжылдықтың даму мақсаттарының» бір табысы СПИД-пен ауыратындардың саны азайып келеді-мыс. 2001-2011 жылдар аралығында бұндай аурулар саны 33 пайызға кеміген. 2010 жылдан бастап 1,1 миллион адам дер кезінде емделгеннің арқасында безгектен өлмей, аман қалыпты. БҰҰ бағдарламасы экологиялық мәселелерді шешуде ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткішке жетпеген. Ауаға таралған көмірқышқыл газының мөлшері 1990 жылмен салыстырғанда 46 пайызға артқан. Оңтүстік Америка мен Африкадағы ормандар жылдам оталып, тоғайлар да азаюда. БҰҰ-ның мамандары биылдан бастап болашаққа арналған жаңа жобалар жасалатынын айтуда.

Шарафат Жылқыбаева