САЯСАТТЫҢ ЕКІ СЕРТІ БАР, БІРІНШІСІ – АСЫҚПАУ, ЕКІНШІСІ – КЕШІКПЕУ
САЯСАТТЫҢ ЕКІ СЕРТІ БАР, БІРІНШІСІ – АСЫҚПАУ, ЕКІНШІСІ – КЕШІКПЕУ
Дархан Мыңбай, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Біріншіден, сайлау қоғамды қайта құру емес, оны жақсарта түсу, ізгілендіру, әлеуметтендіру. Яғни, ертеңімізді алдын ала көре білу. Ең бастысы, сайлау еліміздегі қоғамдық келісім мен татулықты қамтамасыз етіп, шағын кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізуі керек. Біз жалпыға ортақ сайлау құқығы дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Кез келген елдегі сайлау ең прогрессивті, заңды демократиялық басқару формасы. Тағы бір мәселе, қазір «неге сайлауды тездетіп жіберді?» деген әңгімелер айтылуда. Саясаттың екі серті бар, біріншісі – асықпау, екіншісі – кешікпеу. Меніңше, бұл дер кезінде қолға алынған шаруа. Қазір әлемде әртүрлі санкциялар мен мүдделер қақтығысында, тіпті бұрыннан қалыптасып келе жатқан жүйелер мен адамгершілік принциптері өзгеріп жатыр. Осы күмәнді дүниелерді сейілтудің дұрыс жолы – президентті сайлау және тізгінді мықтап ұстау. Ендігі жайт – сайлауға қатысу. Бұл әр сайлаушының өзін-өзі құрметтеуі ғана емес, бұл өсірген ұрпағын, оның болашағын ойлау, алаңдау. Былайша айтқанда, жақсы дүниенің, жақсылықтың тезірек болғаны жақсы.
Бұған дейін елімізде 7-8 сайлау өтті. Біз сайлау мәдениеті қалыптасқан және сайлауға қатысу мәдениеті жолға қойылған, өз құқығын пайдаланудың жаңа әрі маңызды кезеңіне қадам басып отырмыз. Сондықтан әрбір сайлаушы, әрбір азамат осы сайлауға үлкен құрметпен қарап, ертеңгі жақсы өмір үшін дұрыс өткізуге атсалысуы керек. Елдің болашақ басшысын заң аясында жүзеге асатын сайлауда бірауыздан сайласақ деген ниетке жұмылсақ деймін.