«ҚАЗАҚ КЕЛЕ ЖАТЫР!»

«ҚАЗАҚ КЕЛЕ ЖАТЫР!»

«ҚАЗАҚ  КЕЛЕ  ЖАТЫР!»
ашық дереккөзі
Салтанатты кортеж Мәскеуде ресми сапармен болған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кортежі мемлекет басшыларының тасымал мәселесіне аса көп қызыға бермейтін Мәскеу тұрғындарын таң қалдырды. 9 мотоциклден және 18 автокөліктен құралған колонна Кремль маңындағы Театральная көшесі арқылы Лубян алаңына өтті. Куәгерлердің кейбірі бұл ауқымды көріністі бейнеге жазып та үлгерген. «Так, сегодня какое? 3 апреля 2019 год. Это кто интересно едет? Ой, а кого это тут везут? А вот он, центровой. Казахстан! Казахстан! Казах приехал!», – дейді таң қалысын жасыра алмаған куәгер. Хаттамаға сәйкес, шетелдік президенттердің ресми сапары барысында оларды тек 5 мотоцикл алып жүруі керек. Бірақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік сапардағыдай 9 мотоцикл жіберілген. Ресей жағы Қазақстанға деген ықыласын осылайша танытты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретіндегі алғашқы сапарын Ресейден бастауы екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың айрықша екенін көрсетті. Бейнежазбаны көрген қазақстандықтар да бір марқайып қалды. Инстаграм желісінде: «Орта Азия елдерінің ішінен Ресей тек Қазақстанды ғана осылай күтіп алады. Оның үстіне, бұл мемлекеттік сапар емес, жұмыс бабындағы кездесу. Ресейліктер қазақтарды құрметтейді. Дегенмен, Елбасы мемлекеттің атын шығарып кетті»; «Еліміздің абыройы бар екенін осыдан-ақ байқауға болады. Бір-бірімізді жамандай бермей, қолдап, қорғап жүрейік»; «Қазақстан! Қазақтар келді қонаққа! Бейнеге түсіруші қыз жарады!» – деген пікірлер жазылды. Сондай-ақ, «Әрине, осындай салтанатпен күтіп алады, Қазақстанда АЭС салуды көздеп отыр ғой артынша», – деген пікірлер де болмады емес. Расында, Қазақстанда АЭС, орыс мәдени мектебі мен университет салынатыны туралы да айтылды кездесу барысында. Тіпті, Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ АЭС және тағы басқа мәселелер Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалды деген ақпарат таралды. АЭС және тағы басқа мәселелер Бұл туралы Қазақстан энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевке сілтеме жасап, отандық БАҚ хабарлады. Мырзағалиевтің сөзінше, АЭС салу бойынша нақты шешім әлі қабылданбаған. Ал кеше АЭС-ке қатысты министр пікір білдірді: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында ресейлік тараптан Қазақстанда атом электр стансасын салу мүмкіншілігіне қатысты ұсыныс айтылды. Оған қатысты жұмыстар соңғы 7-8 жылда жүргізіліп келе жатқандығын атап өткім келеді. Бүгінгі күні техникалық-экономикалық негіздеме бөлігінің әзірленген кезеңінде тұрмыз. Бұған сәйкес 5 елдің бейінді компаниясына өздерінің ұсыныстарын білдіруі үшін хат жолданды. Олар: АҚШ, Франция, Корея, Қытай және Ресей. Бұл олардың технологиялық, коммерциялық және экономикалық параметрлер бойынша өздерінің техникалық-экономикалық ұсыныстарын беруі үшін жасалды. «Росатом» да осындай ұсыныс алды», – деді Қанат Бозымбаев. Министр де бүгінгі күні еліміздің аумағында атом электр стансасын салуға қатысты нақты шешімнің әлі қабылданбағанын айтты. «Біз әлі де бұл мәселені зерделеу кезеңінде тұрмыз. Бұған қоса өзге де жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Шымкентте ірі газ-бу құрылғысын салу, Алматыда ЖЭС-2-ні газға ауыстыру арқылы жаңғырту және электр энергиясын өндіру қуатын арттыру, сонымен қатар бірнеше су электр стансасын салу көзделуде. Сондықтан мұның барлығын бірге қамтып қарау қажет. Тағы да айтамын, ешқандай шешім жоқ», – деді Бозымбаев. Сондай-ақ, министр болжамға сәйкес 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болуы мүмкін екендігін ашық айтты. «Себебі жыл сайын электр энергиясын тұтыну артып келеді. Сондықтан қалай болғанда да 2030 жылға қарай жаңа қуат көзін салу қажет. Егер Үкімет атом электр стансасын салу туралы шешім қабылдайтын болса, онда ол ашық, халықпен қоғамдық тыңдаулар өткізгеннен кейін ғана қабылданады», – деді ол. Бұған дейін, 2017 жылы Ресей Өзбекстанмен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Ал 2018 жылғы 31 мамырда Өзбекстан АЭС-ті Навои облысында салатынын мәлімдеді. Ресей атом электр стансасының құрылысы кезінде Өзбекстанның стратегиялық серіктесі ретінде әрекет етуге және аталған барлық мәселелерді шешуге көмектесуге дайын екендігін айтты. Қазіргі кезде Өзбекстанда АЭС-ті салу бойынша екі жұмыс тобы құрылған. Айта кетерлігі, Өзбекстанның Навои облысы Қазақстан шекарасына жақын орналасқан. Нақтырақ айтсақ, Қызылорда облысымен шекаралас жатыр. Сонымен қатар екі ел ғылым мен мәдениет саласындағы байланысты нығайтпақ. Қазіргі уақытта Ресей Қазақстанда ресейлік бағдарлама бойынша оқытатын мектеп пен университет ашуды қарастырып жатыр. Сондай-ақ, Алматы қаласында «Россотрудничество»-ның филиалын ашу да талқылануда. «Россотрудничество» – Ресей Федерациясының ТМД құрамындағы және басқа да шетелдік мемлекеттермен халықаралық қатынасты қамтамасыз ету және дамыту саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету, мемлекеттік мүлікті басқару функцияларын орындайтын РФ-тің федералды атқарушы органы. Оның негізгі қызметі – шет мемлекеттерде заманауи Ресей туралы көзқарас қалыптастыру. Ал Мәскеуде Қазақстанның мәдени орталығы ашылмақ. Ол ВДНХ-дағы «Қазақстан» павильонында орналасатын болады. Айта кету керек, Ресейдегі соңғы қазақ мектебі 2019 жылғы қаңтарда жабылған еді. Жалпы, Ресейде 700 мыңнан астам қазақ бар. Ал Қазақстанда 1,5 мыңнан астам орыс тілді мектеп бар, оған аралас мектептер тағы қосылады. Сонымен қатар, Қазақстандағы Ресей елшілігінің мәліметіне сәйкес, елімізде Ресей университеттерінің 6 филиалы жұмыс істеуде. Бәрі де хатаммаға сәйкес немесе тарихи фото жайлы Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ҚР Президентін әуежайдан неге Владимир Путиннің өзі күтіп алмады деген сауал төңірегінде қызу дискуссия болды. Бұл сұраққа толымды жауапты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев берді. Оның айтуынша, дипломатиялық сапарлар деңгейі бойынша мемлекеттік, ресми, жұмыс және бейресми деп бөлінеді. Әр сапардың хаттамалық ерекшеліктері мен ережелері бар және олар міндетті түрде сақталуы тиіс. «Кеше ресми сапар болды, сол себепті әуежайда елшілер мен хаттамалық қызметтердің басшылары қарсы алуы керек еді. Бірақ соның өзінде де ресейлік тарап сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары Александр Панкинді жіберді, бұл қонаққа деген үлкен құрметтің белгісі. Мемлекет және үкімет басшылары басқа елдің президентін мемлекеттік сапарлар кезінде ғана қарсы алады, – деді министр. Сонымен қатар, Абаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы ресми сапары өте сәтті болғанын атап өтті. Расында, кездесудің сәтті өткенін жұрт та бірден байқады. Басты дәлел – Кремльдегі келіссөзден кейін түсірілген тарихи сурет. Президент Twitter-дегі парақшасында ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов, Ресейдегі Қазақстан елшісі Иманғали Тасмағамбетов және Президент әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаевпен бірге түскен суретті жариялады. Сондай-ақ, фотода Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов пен президент көмекшісі Тимур Сүлейменов те бар. Суреттен әлдебір жылы леп сезілетіндей. Жайшылықта әлен-пәлен деп, сынап-мінеп те алатын атқамінерлеріміз жат жұртқа, шет мемлекетке дүйім елдің атынан үлкен жауапкершілік арқалап барғанда азаматтардың тілеуін тілеп, елеңдейтініміз рас қой. Президент өз парақшасында жариялаған фотодан ормандай орыстың алдында бүгежектемей, тереземіз тең сөйлескеніміз һәм кездесудің ойдағыдай өткені аңғарылатындай.  width= Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде Ресейге жасаған алғашқы сапары туралы шетелдік БАҚ не дейді? 1tv.ru: Ортақ естеліктер, ортақ тарих және ортақ болашақ. Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты жоғары дәрежеде күтіп алды. Келіссөз барысында Путин мен Тоқаев болашақ кездесулері туралы да ақылдасты. Бұл – Қазақстан Республикасының бұрынғы президентімен қалыптасқан дәстүр. Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев жылына 15 рет кездесетін. Euronews: Тоқаев Путинге Назарбаевтың сәлемін жеткізді. Қазақстан президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сапарын Мәскеуге жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы саясатын жалғастыруға уәде берді. Ridus.ru: «Қазақ келе жатыр!» Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты кортежі Мәскеу тұрғындарының таңдайын қақтырды. ҚР Президенті үшін Мәскеудің орталық көшелері уақытша жабылды. Мир 24: Алғашқы шетелдік сапар: ҚР Президенті Мәскеуге келді. Тоқаевты аэропортта құрметті қарауыл қарсы алып, әскери оркестр екі елдің әнұранын шырқады. Мәскеудегі Путин мен Тоқаев кездесуі жоғары дәрежеде өткізілуде. Ол адал, жауапкершіл әрі бір сөзді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевпен дипломатиялық қызметте болған жандардың берген бағасы. Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғанға дейін де халықаралық аренада біраз құрметке ие болған тұлға. Сергей ГАРМОНИН, Ресей Федерациясының Швейцариядағы Төтенше және өкілетті елшісі: Қасым-Жомарт қытай тілін меңгерген адам. Өздеріңіз білетіндей, қытай тілі әлемдегі ең қиын тілдердің бірі. Ол әуезді тіл, оны үйрену үшін адамда есту және түсіну қабілеті жоғары болуы керек. Сондай-ақ, барлық иероглифтерді есте сақтау үшін адамның жады мықты болуы қажет. Менің ойымша, Қасым-Жомарт дипломатиялық қызметте кезекші референттен бастап дипломатиялық рангтың ең жоғары көрсеткіші елші қызметі мен Сыртқы істер министрі, сонан кейін Президентікке жеткен санаулы адамдардың бірі. Яғни, ол дипломатиялық қызмет пен мемлекеттік қызметтің ауыр жүгін арқасында арқалап жүрген мықты тұлға. Евгений БАЖАНОВ, РФ СІМ Дипломатиялық академиясының ректоры: Қасым-Жомартпен жарты ғасырға жуық таныспыз. Пекиндегі Совет елшілігінде бірге жұмыс атқардық. Қазір жиі көріспесек те, байланысымыз үзілмеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірегей сезімталдыққа ие адам. Таныстарының қуанышына әрдайым ортақтасып жүреді.

Аяулым САЛЫҚЖАНОВА