«NUR OTAN» САЙЛАУҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСАДЫ
«NUR OTAN» САЙЛАУҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСАДЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
«Nur Otan» партиясы алдағы сайлау науқанына белсенді қатысуы керек
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы «Nur Otan» партиясының орталық аппаратына барып, оның қазіргі жұмысымен танысты және құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің қатысуымен кеңес өткізді. Ол елімізде болған соңғы саяси оқиғаларға байланысты партияның алдында стратегиялық маңызы бар бірқатар міндет тұрғанын айтты.
– Біз жақында «Nur Otan» партиясының съезін өткізіп, оның 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Партияның жаңа мақсат-міндеттері айқындалды. Елімізде болған оқиғалар барша жұртқа белгілі. Мен партияның, Қауіпсіздік кеңесінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы болып қала беремін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев белсенді әрі нәтижелі жұмыстың арқасында «Nur Otan» партиясы еліміздің басты саяси күшіне айналғанына тоқталып: «Реформалар, даму, азаматтық қоғам – партияның жұмылдырушы негізі. Қоғамның тұрақтылығы, халықтың бірлігі мен келісімі өсіп-өркендеуіміздің басты басымдықтарына айналды. Азаматтарымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету және Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде дамыту мәселесі басым бағытымыз болып қала береді, – деді.
Ол Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының өтуіне байланысты «Nur Otan» партиясы алдағы сайлау науқанына белсенді қатысуға тиіс екенін айтты. – Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің заңды құқығын пайдаланып, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Енді бізге партияның съезін өткізіп, ел президенттігіне кандидатура ұсынуымыз керек. Партияның аппараты съезді өткізу үшін қажетті жұмыстардың бәрін жылдам іске асыруға тиіс. Партиямыздың атынан кандидатура ұсынғаннан кейін Қоғамдық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыспен менің бірінші орынбасарым Мәулен Әшімбаев айналысады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.