Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі екінші рет енгізілмек
Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі екінші рет енгізілмек
Қазан айының соңында Қазақстан Парламенті «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң жобасын мақұлдады. Аталмыш құжатты қыркүйек айында Парламент депутаттары алдында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова таныстырған еді. Енді науқастанған қазақстандықтарға көрсетілетін медициналық көмек сақтандыру қорына жиналған қаржы арқылы жүзеге асырылады. Ал мұндай жаңа өзгеріс еліміздің медицина саласында қаншалықты тиімді болмақ?
Бисмарктан бастау алған жүйе
Медициналық сақтандыру жүйесі бізге дейін әлем елдерінің тәжірибесінде болғаны белгілі. Ал Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне енген кезекті өзгеріс мамандарды да, қарапайым халықты да ұзақ ойландырды. Өйткені екінші рет енгізілгелі отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың халық үшін қаншалықты тиімді екені беймәлім. Оның үстіне, жұртшылық медициналық сақтандыру туралы әлі де дұрыс түсінік қалыптастырып үлгермеді. Сондықтан, ең әуелі «медициналық сақтандыру» деген ұғымға түсініктеме беріп көрелік. «Уикипедия» ашық энциклопедиясы медициналық сақтандыруға мынадай анықтама береді: «Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Қорға жиналған қаражат есебінен азаматтардың тегін медициналық көмек алуына кепілдік беруді көздейді. Барлық деңгейінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тегін денсаулық сақтаудан медициналық сақтандырудың айырмашылығы осында. Медициналық сақтандыру міндетті және ерікті сақтандыру жолымен жүзеге асырылады». Жалпы, медициналық сақтандыру тұңғыш рет 1871 жылы Алманияда әлеуметтік сақтандыру жүйесі ретінде енгізілді. Ал 1883 жылы Германия канцлері Отто Фон Бисмарктың бастамашы болуымен медициналық сақтандыру туралы арнайы заң жобасы дүниеге келді. Бұл жүйені кейінірек бірқатар Еуропа елдері де тәжірибелеріне енгізе бастады. Атап айтар болсақ, 1887 жылы Австрия, 1894 жылы Норвегия, 1900 жылы Жаңа Зеландия, 1901 жылы Швецияда медициналық сақтандыру жүйесі пайда болды. Бүгінгі таңда неміс елінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі халықтың 90 пайызын қамтиды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі барлық сақтандырылған азаматтарға науқастанған жағдайда медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Германиядағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі коммерциялық емес ұйымдар арқылы жүзеге асады. Германия азаматтарының басым бөлігі мемлекеттік сақтандыру кассаларында сақтандырылуға міндетті екен.
Сақтандыру қорына аударылатын жарна
Елімізде жаңа жүйені жүзеге асыру мақсатында арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылмақ. Қазақстандықтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударады. Ал қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға беріліп отырады. Жаңа қабылданған құжаттың ережесіне сай, қазақстандықтарға медициналық қызметтің екі пакеті ұсынылады. Оның алғашқысы – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет, ұғынықты тілмен айтқанда мемлекеттің есебінен медициналық көмек алу. Мұнда жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Яғни, бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлеріне амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық көмекті алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек, мейірбикелік қарау және жоғары технологиялық көмек кіреді. Жаңа заң жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой: «Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар, экономикалық белсенділігі төмен халық үшін төлемақы мемлекет есебінен жүргізіледі. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады», – деді. Сондай-ақ, ерікті медициналық сақтандыруға қатысқан азаматтарға арналған қызмет түрі де бар. Бұл азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасалған келісімшарт бойынша алады.
Ерекше санаттағы, яғни, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін мемлекет орташа айлық көлемінің 7 пайызы мөлшерінде төлемақы аударады. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректеріне сүйенсек, бұл мөлшерлеме көлемі 2017 жылы 4 пайыз, 2018 жылдан 5, 2023 жылдан 6, 2024 жылдан 7 пайызға сатылай көтерілмек. Жұмыс берушілердің жұмысшылары үшін төлейтін жарнасы кірістің 5 пайызын құрайды. Мұндай аударымдар да 2017 жылы 2 пайыздан бастап, жыл сайын 1 пайызға арттыру арқылы 2024 жылы 5 пайызға жеткізу көзделген. Қызметкерлер жарнасының көлемі 2 пайызға тең, 2019 жылы 1 пайыз, ал 2020 жылдан бастап 2 пайызға теңестірілмек. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған азаматтар (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) жарнасы кірістерінің 7 пайызына тең. Ал аударым 2017 жылы 2, 2018 жылы 3, 2019 жылы 5, 2020 жылдан бастап 7 пайыз болады.
Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған барлық сақтандыру жарнасына қатысты мәліметтер ашық түрде болады. Сақтандыру жарнасына қатысты жыл сайын бұқаралық есеп жасалмақ. Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық көре алады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, барлық активтерді Ұлттық банк қадағалап отырады. Министрлік толықтай мониторинг жүргізеді. Қорда жиналатын қаражаттың медициналық қызметтерге бағытталуы өте маңызды, сондықтан қаржы емделетін әрбір азаматқа тікелей бағытталады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылатын азаматтар да бар. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мұндай азаматтардың 15 санатын белгілеп отыр. Олардың қатарында балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І, ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернатта тәрбиеленіп жатқан тұлғалар бар. Сонымен бірге, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет жұмыскерлері, құқық қорғау органдарының жұмыскерлері, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарна төлеуден босатылады.
Медициналық сақтандыру не үшін керек?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі осында. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталмыш сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Әрине, жоғарыда аталған кейбір медициналық қызмет түрлері бұрынғыдай мемлекет есебінен жүзеге асады. Зейнеткерлердің ем-домы да Үкіметтің мойнында. Жалпы, тегін медициналық көмек үшін бюджеттен жыл сайын 824 миллиард теңге бөлінеді екен. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бүгінгідей дағдарыс уақытында бұл ел қазынасына айтарлықтай қиындық тудыратындығын айтып отыр.
Биыл елімізде қолданылғалы отырған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі әлемдік тәжірибедегі Германия, Франция, Голландия, Швейцария, Бельгия сынды мемлекеттердегі жүйеге сүйене отырып әзірленген. Аты аталған Еуропаның іргелі елдерінде науқастардың дертін ерте кезінен анықтап, емдеу ісі қолға алынғалы қашан. Ал емдеуді ерте бастау үшін халық жиі медициналық тексерулерден өтіп отырады. Осының нәтижесінде елдегі түрлі аурулардың асқынып кетуінің алдын алып, мүгедектердің санын азайтуға мүмкіндік бар. Міне, Қазақстан да денсаулық сақтау саласында осы қадамға баруды көздеп отыр. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуге мүміндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Министрліктің мәлімдемесіне сенсек, жекеменшік клиникалар да қазір жаңа жүйеге кіруге ниет білдіруде. Себебі медициналық сақтандыру жүйесі өз жұмысын бастаса, қалтасынан қаржы шығарып ем-дом алатын азаматтардың қатары күрт азаяды. Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Көбірек пайда табуға тырысқан ақ халаттылар емделушілерге барынша сапалы қызмет көрсетуі қажет. Өйткені емделушілер қай дәрігерге баратынын өзі шешеді.
Литва елі 1997 жылы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшті. Содан бері елдегі жүйе аса үлкен өзгеріске ұшырамаған. Бұл елде жұмыс істейтін азаматтар өз кірісінің 9 пайызын сақтандыру қорына аударады екен. Ал жұмыссыз жандар үшін сақтандыру қорына мемлекет қаржы құйып отырады. Литвадағы медициналық сақтандыру жүйесін де неміс мамандары дайындапты. Мамандар сақтандыру қоры кірісінің аралас түрін жасаған көрінеді. Яғни, бір бөлігін азаматтар өз қалтасынан төлесе, екінші бөлігі мемлекет қазынасынан толықтырылады. Бұл біздің еліміздегі енгізілгелі отырған жүйенің ережелеріне өте ұқсас. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шетелдік тәжірибені терең зерттеп-зерделеп барып, заң жобасын әзірлегендігі байқалып-ақ тұр.
Халықтың көңілінде күдік бар
90-жылдардың ортасында Қазақстан Кеңестік денсаулық сақтау жүйесінен бас тартқаны мәлім. Сол уақытта еліміз батыстық үлгіге иек артқан еді. Бүгінгі сөз қылып отырған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі сол кезде отандық денсаулық сақтау саласындағы тың жаңалық болған-ды. Бірақ жаңалықтың соңы жарға жығатынын ешкім де сезбеді. Міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылып, аталмыш қорға бас директор ретінде Талапкер Иманбаев тағайындалған. Алайда басшы екі жылдық жұмысынан кейін «шетелге қашып кетті» деген ақпарат тарады. Шекара асқан шенеунікпен бірге міндетті медициналық сақтандыру қорындағы 150 миллион теңге де құмға сіңген судай жоқ болды. Бұл іске қатысты арнайы тергеу жұмыстары жүргізіліп, экс-директор «қомақты қаржыны ұрлағаны үшін» айыпталды. Сөйтіп ел Үкіметі сәтсіз аяқталған қордан да, жүйеден де бас тартты.
Әрине, мұнда барлық мәселе шетелге қашқан басшыға ғана қатысты деуден аулақпыз. 90-жылдары Қазақстан үшін бұл жүйені жүзеге асырудың оңтайлы уақыты емес еді. Ол уақытта еліміздегі экономикалық жағдай өте қиын болатын. Жұмыссыздардың саны көп, ал мемлекеттің қорға жарна аударуға мүмкіндігі өте аз болды. Жұмыс берушілер де жарнаны өз уақытында аударуға қауқарсыздық танытты. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің ұзақ өмір сүрмеуінің бір сыры осында екені де шындық. Қалай десек те, осы жағдайдан кейін қарапайым халықтың көңілінде медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты күдік ұялады. Дегенмен, еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл жолы ешқандай кедергілер болмайтындығын алға тартып, халықты сендіруге барынша тырысып бағуда.
Ал бұл жүйеге қайтадан қадам басқан Қазақстанның сол жайды қайта бастан кешірмесіне кім кепіл?! Қазір де еліміздің экономикалық жағдайы аса мәз емес. Бүкіл әлем дағдарыспен күрестің жолын іздеп жатқанда, біздің жаңа жүйеге көшіп жатқанымыз қаншалықты тиімді? Міндетті медициналық сақтандыру қарапайым халықтың қалтасына ауырлық түсіре ме? Міне, көкейде жүрген сансыз сауал бар. Бірақ министрліктегілердің сенімді сөзі жанымызды семіртіп-ақ тұр.
Бүгінге дейін еліміздің денсаулық сақтау саласында түрлі бағдарламалар қолға алынып, мемлекет тарапынан жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінуде. Солардың бірі – «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы биыл өз жұмысын аяқтап, келер жылдан бастап 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Мамандардың айтуынша, жаңа бағдарламаның жаңа мүмкіндіктері мен жаңалықтары мол екен. Сонда да қарапайым халықтың ақ халаттыларға деген реніші тарқаған емес. Алдағы жылдары жүзеге асатын жаңа жүйе халықтың сұранысын қанағаттандырады деп сенейік. Әйтпесе, еліміздің медицина саласы сыннан да, күдіктен де көз ашпай келе жатқалы қашан...