10 Сәуір, 12:22 361 0 Білгенге маржан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Нумеролог: 9 саны – Абай мен Елбасының саны

Қазақ әр сөзін талдай білген, әр сөзіне мән берген халық. Қазақ үшін әр сөздің ғана емес, әр санның өзіндік қасиеті, тәрбиелік мәні болған. Әр мәдениетте өзіндік сандар символикасы бар. Және сол сандарда сол мәдениеттің өзіне тән сенімі, әдет-ғұрпы, өмірлік дүние-танымы туралы ерекше ұғым бедерленген. Қазақ мәдениетінде 3, 7, 9, 40, 13 сандары ерекше мәнге ие делінсе, соның ішінде тоғыз санына және оның қасиетіне қатысты қалыптасқан ұғымдар жетерлік. Жалпы, қазақтың ырымға сенгіш халық екенін ескерсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 сәуір күні «9 маусымда Президент сайлауы өтеді» деп үндеу жасауы да бекер емес.

Сонымен, қазақтың тұрмыс-салтында тоғыз санымен не байланысты? Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Халық мәдениетінде дәстүр ретінде ежелден қалыптасқан «тоғыз» деп аталатын салттың екі түрі бар. Бұлардың аталуы бірдей болғанымен қолдану жолы мүлде бөлек. Бірінші, тоғыз (салт). «Ау, мен тоғызды жоқтығымнан тартып отырмын ба? Ата-бабамның диқаншылық салты» (Т. Нұрмағанбетов). Ел ішінде еңбек дәстүрлерінің бұлжымас заңы бар. Мысалы, егіннен – кеусен, малдан – зекет, табыстан – шүлен сияқты. Соның қазіргі күнде ұмытылып бара жатқан түрі – тоғыз. Бау-бақша өсіретін ел, әсіресе, Қазақстанның солтүстігіндегі өнімді мол жинап алғаннан кейін туған-туысқандарына, құда-жекжаттарына, сыйлас көршілеріне тоғыз беретін жақсы салты бар. Яғни, өздері қалаған адамдарына қоржынға салып қауын-қарбыз жібереді. Оның саны тоғыз не екі тоғыз, үш тоғыздан кем болмауы керек. Келген адам ол үйге тоғыз әкелгенін айтады. Бұл жай келіс емес, кәделі, сыйлы келіс. Тоғыз дегенің – тарту, ескеру, құрмет белгісі. Сонымен бірге, мұнда дәмету де бар. Демек, тоғыз жіберген адамға соған лайық сый-сияпат жасау керек. Халық арасында бірін-бірі ескеру, елеу осы тоғыз арқылы білінеді. Екінші, тоғыз (салт). «Бір тоғыз айып төлеп құтылған екен». («Ел аузынан» жинағынан). Сейіт Кенжахметұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты кітабында тоғыздың бұл тармағы құқықтық, әділет жүйесінде қолданылатыны айтылады. Әдетте, жеңіл жаза алғандар атын не шапанын төлеп шығады. Ал ауыр жазаға тартылғандар, мысалы, ұрлығы, ел-жұрт алдындағы зор кінәсі, дін жолындағы күнәсі үшін, опасыздығы үшін қылмыс жасағандарға қатаң жаза қолданылады. Оларға «тоғыз» деп аталатын жаза бар. Қылмыстың ауырлығына байланысты жаза бірнеше есе көбейтіледі. Айталық, әдейі жер өртегендерге, біреудің некесін бұзғандарға үш тоғыз төлеттіреді. Бұған түйе бастатқан 3 түйе, 3 жылқы, 3 сиыр. Мұны үш еселесе, 9 түйе, 9 жылқы, 9 сиыр болып шығады. Егер жаза ат бастатқан тоғыз болса, 3 жылқы, 3 сиыр, 3 қой болып төмендей береді. Жер аудару, түрмеге отырғызу, жоқ кезде қазақтың бұл заңы көшпелі елдің әлеуметтік тұрғысына сәйкес жасалғаны анық.

Тоғыз саны да жеті санына ұқсас, көбіне салыстырмалы түрде көптік, тұрақтылық, киелі мәнімен өзге сандардан ерекшеленіп, рухани мәдениетіміздің әр қырынан кө­рініс тапқан. Тоғыз санының негізгі ма­ғы­насы – «ұзақ өмір». Нумерология бойын­­ша 9 саны қашанда көмекке ұмты­лып тұратын, жарты жолда тастамайтын, жақ­сы жолдас бола алатындарға тән сан. Бұл сан араб мәдениетімен, дінмен байланысты енген. Тоғыз санының қасиетіне тоқталсақ, ана құрсағында нәресте тоғыз ай, тоғыз күн өсіп жетіледі. Бұл сан адамның ғұмырында пайда болып, жарық дүниеге келетінге дейінгі уақыт өлшемі. Тоғыз санының омонимі – «ұзақ өмір». Бұдан бөлек тілдік қолданыста «Тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келіпті», «Тоғыз жолдың торабы», «Тоғыз қабат торқа қию», «Тойған жерге тоғыз кел», «бір тоғыз, екі тоғыз, үш тоғыз (құдалықта орындалатын дәстүр) сияқты сөздер тегін айтылмаса керек.

Неге тоғыз санына қатысты дүниелерді тізбектеп кетті деген шығарсыз? Әрине, мұның келесі президент сайлауын өткізетін күнді белгілеуге де қатысы бар. 2019 жылдың 19 наурызында ел билігі ауысса, 9 сәуірде президент сайлауы өтетіні жайында үндеу жолданды. Ал халық таңдауын 9 маусымда жасамақ.

Құралай Бақытқызы, нумеролог:

–  9 саны – прогресс, инновация саны. Халық рухани тұрғыдан байып, экономикалық жағынан жақсы позицияға жете алатын кезең. Жалпы, осы жылдың соңы 9-бен аяқталады. Және осы жылдың саны – 3. Сосын 9 сандардың ең үлкені, қорытынды сан. Бұл еліміз үшін жаңа өмір, жаңа кезең басталатынын меңзейді. Қазақстанда жаңа өмір басталсын деп сайлауды да осы күнге қойған болар деп есептеймін. Тағы бір айта кетерлігі, 9 саны ұлы ақын Абайдың, Елбасының саны. Мұндай адамдар соңына із қалдырады.

Соңғы жаңалықтар