Жаңалықтар

Медицина қызметкерлерінің еңбекақысы артады

ашық дереккөзі

Медицина қызметкерлерінің еңбекақысы артады

10 cәуір – «TÚRKISTAN» weekly. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдады. Министр Біртанов азаматтардың денсаулығын нығайтуға, Қазақстандағы медициналық көмектің сапасын арттыруға және оның қол жетімділігіне қатысты қабылданған шаралар жөнінде есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне жеткілікті қаражат бөлінетінін атап өтті. Бұл қаржыны оның тиімділігін арттыруға, ішкі ресурстарды жұмылдыруға және медицина қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруге жұмсау қажеттігін айтты. Елбасы мен Қазақстан президентінің тапсырмалары бойынша 2019 жылғы 1 маусымнан бастап жалақысы төмен медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға артады. Елжан Біртанов мемлекет басшысына алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем сапасын арттыруға, дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайтуға, тұрғындардың скринингпен қамтылуын кеңейтуге, медициналық қызмет көрсету ісін цифрландыруға  және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру туралы жобаны жүзеге асыруға қатысты жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндады. Соңында Қазақстан президенті халықаралық озық тәжірибені пайдалана отырып, отандық денсаулық сақтау саласын дамыту үшін алдағы уақытта тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.