Президент сайлауы маусым айында өтеді
Президент сайлауы маусым айында өтеді
9 cәуір – «TÚRKISTAN» weekly. Қазақстанда 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтеді.
Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған үндеуінде мәлімдеді.
«Бүгін елімізге және әрқайсысымызға қатысты аса маңызды үндеу жариялап отырмын. Еліміздің конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым. Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палатасының спикерімен, премьер-министрмен кездестім. Конституциялық кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім», – деді Тоқаев.
"Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындады. Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Жоғары берік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қауымдастықты осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады. Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терең сезінемін. Президент лауазымына кіріскеннен бастап, өңірлерді аралап жүрмін, халықтың көңіл күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім. Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз біртұтас, тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргетасы мығым. Алдағы президент сайлауы осыған дәлел болуы керек", - деді ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетсек, Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы 5 рет өтті: 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы, оның басым бөлігі кезектен тыс болды.