Жаңалықтар

Ауырып ем іздегенше....

ашық дереккөзі

Ауырып ем іздегенше....

Жер бетіндегі ең бағалы құндылық адам һәм оның саулығы. Осыдан болса керек «медицина» деген сала пайда болып, ғылым ретінде қалыптасты. 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын денсаулық саласындағы көкейтесті мәселелерге аудару. ДДСҰ биыл медициналық көмектің негізгі түрлерінің қолжетімділігіне тағы бір рет тоқталуды көздеп отыр. Себебі, ұлт саулығын сақтауға қарапайым тексерулердің өзі жеткілікті. Жуырда Президент Қ. Тоқаев твиттердегі парақшасында: «Бүгін Дүниежүзілік денсаулық күні. Биыл бұл күн халықты жаппай денсаулық сақтау қызметімен қамту тақырыбына арналып отыр. Қазақстанда денсаулық сақтау саласына республикалық бюджеттен 1трлн 180 млрд теңге бөлінген. Көп шара атқарылып жатыр, оның ішінде, ТМККК аясындағы жұмыстар да бар. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Әлі күнге дейін аймақтарда қарапайым медициналық қызмет алуда қиыншылықтар бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру керек. Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі менің жіті бақылауымда», – деп жазды. Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда негізгі деген аурулардан 19,3 мың адам көз жұмған. Оның 7,5 мыңға жуығы – еңбекке қабілетті жастағылар. Халқының саны 18 миллионнан аспайтын еліміз жыл сайын «тепсе темір үзетін» 7,5 мың тұрғынынан айырылады. Мамандардың пікірінше, бұған өлім-жітімнің басты себепкері делінетін негізгі 5 аурудың ықпалы мол. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 2,9 миллионға жуық адам ауруханаға жатып емделеді. Оның 70 пайызға жуығы немесе 1,9 миллионы – дерт меңдеп, ауруханаға шұғыл түрде жеткізілгендер. Былайша айтқанда, Қазақстанда әрбір оныншы адам дәрігерлер алдына өміріне қауіп төнген кезде ғана келеді деген сөз. Мұндай жағдайда науқастың тегін негізгі көмектен бөлек, бағасы қымбат процедуралардың ақысын қалтасынан төлеуге мәжбүр болатыны жасырын емес. Әлбетте, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін көрсетілетін, шығыны аз диагностикалық процедуралардың көмегімен мұның алдын алуға болады, дейді мамандар. Мәселен, 2019 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 972,7 млрд теңге бөлінді. Оның 400 миллиардқа жуығы емханалық-амбулаторлық көмекке жұмсалып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілмек. Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындайтын 1408 медицина ұйымының 700-ден астамы – жеке меншік. 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 37-ге артып отыр. Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке меншік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.