Шәрбану ДІНӘСІЛОВА: ЕҢ КІШКЕНТАЙ ОҚЫРМАН – 6 ЖАСТА

Шәрбану ДІНӘСІЛОВА: ЕҢ КІШКЕНТАЙ ОҚЫРМАН – 6 ЖАСТА

Шәрбану ДІНӘСІЛОВА: ЕҢ КІШКЕНТАЙ  ОҚЫРМАН – 6 ЖАСТА
ашық дереккөзі
Шымкент қаласындағы оқырмандармен кездесудің екінші күні А.С. Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханадан басталды. Жүзге таяу қызметкері бар орталықтандырылған кітапқұмарлар ошағында Наурыз мейрамына дайындық қызу жүріп жатыр екен. Абыр-сабыр қызметкерлердің көңіл-күйлері де көтеріңкі.  Директорды әңгімеге тарттық: – Бүгінгі таңда кітапхана оқырмандары жедел хабарлама алудың ең өзекті және құнды құралы ретінде – газет-журналдарды пайдаланады. Мерзімді басылымдар маңызды ақпараттық ресурс болғандықтан, әрдайым кітапхана мамандарының басты назарында болуға тиіс. Еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық  жағдайы мерзімді басылымдар қорын толықтыруға, таңдауға және сақтауға өз әсерін тигізбей қоймайды. А.С. Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мерзімді басылымдар залы 2000 жылдан бері кітапхананың құрылымдық бөлімшесі болып жұмыс жасап келеді. Бұл залда 104-тен астам мерзімді басылымдарды жаздырып алып, оқырман назарына ұсынып отырамыз. Отыз мыңнан астам газет-журнал мен дискілер бар. Сөрелерде республикалық, облыстық-аймақтық және жергілікті басылымдар күн сайын жаңаланып, газет тігіндісін реттеп отырамыз. Ресей басылымдары да баршылық. Олардың тақырыптары мен бағыттары да алуан түрлі. Қоғамдық-саяси, әдеби-көркем, құқықтық, ғылыми техникалық, педагогикалық, медициналық, қаржылық тақырыптарды қамтиды. Оқырмандар барлық білім салалары бойынша нақты мәліметтерді мерзімді басылымдарды тіркеу картатекасынан біле алады. Сонымен қатар, залда «Сырласу» альманах жастар клубы жұмыс істейді. Онда басылымдарда үнемі жарияланып тұратын жастар мәселелерін талқылап отыру үрдісі қалыптасқан. «Түркістан» газетін де тұрақты түрде жаздырып аламыз. Өзінің айқын бағыт-бағдары бар басылым тарихымен де етене таныспыз. Сондықтан қош келдіңіздер, ұжымдағы бірнеше қызметкерлер биылғы жылға газетке жазылуды да осы кездесу барысында жүзеге асырмақ, – деді  Шәрбану Әлмағанбетқызы ашық-жарқын. Іскер басшының тиянақты сөзі, әсіресе газетке жазылудың әлі де жүріп жатқанынан хабардар екені бізді де қуантып тастағандай, әңгімені ары қарай жалғастырдық. – Жалпы кітапхана тарихымен таныссақ... – Білім қазынасы жинақталған киелі шаңырақтың ғасырдан астам тарихы бар Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына биыл 120 жыл толғалы отыр. 1899 жылы А.С. Пушкиннің 100 жылдығына байланысты өлкетанушы Н.С. Лыкошиннің қолдауымен ашылған. Кітапхана тарихына көз жүгіртер болсақ, алғашқы кезде кітапхана қалалық касса қаражатымен қаржыландырылып, айына 350 сом мөлшерінде ақшалай жәрдем бөлінетін болған. Қорды ең құнды шығармалармен толықтыру оқырмандар мойнына жүктелген. Жыл сайын оларға едәуір қаржы жұмсамау және кітап қорымен толықтыруды ұйымдастыру үшін оқырмандар үш топқа бөлініп, әр топ мерзімді басылымның белгілі түрін жаздырып алып, кезектесе пайдаланудан кейін, жыл аяғында кітапхана қорына беруді әдетке айналдырып отырған. Ол басылымдар ішінен әдеби құнды құжаттарды іріктеу, түптеу – кітапханашы еншісінде. 1902 жылы қалалық жәрдем ақша көлемі жылына 200 сомға, ал абонемент үшін 25 тиын төленген. Құжат саны –1000 дана болса, оқырмандар үшін аптасына үш рет ашылатын болған. 1910 жылдан бастап мерзімді басылымдар қоры құрылып, 30-ға жуық газет-журналды кітапхана өз алдына жаздырып алу мүмкіндігіне ие болды. Алғашқы мерзімді басылымдар ішінде «Биржевые ведомости», «Русское слово», «Туркестанские ведомости», «Туркестанский курьер» басылымдары еді. Еліміз басынан кешірген тарихи оқиғалар мен өзгерістер кітапхана ісіне біршама әсерін тигізбей қоймады. Сондықтан да  1930 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде кітапхана қорының біраз бөлігі жойылып кеткен, біразы белгілі саясат құрбандарына айналған. Сондықтан қорда энциклопедиялар мен көркем әдебиеттерден басқа 1937-1938 жылдарға дейін жарық көрген басылымдардың бірде-бір данасы қалмаған. Әсіресе өлкетану туралы құнды құжаттардан тұратын мерзімді басылымдар қорының жоғалуына байланысты қазіргі кезде  қызметкерлеріміз сол жоғалған басылымдарды жарым-жартылай қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 1940-1950 жылдары кітапхана зиялы қауымның бас қосатын орталығына айналғаны белгілі. Қызықты кештер ұйымдастырылып, әдеби пікірталастар өткізу үрдісі  пайда болды. Сол кездері ашылған жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері үшін кітап қорлары қалыптастырылды. – Бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы бірер ауыз айтып өтсеңіз?.. –  Бүгінгі таңда кітапхана облыстағы әдістемелік, үйлестіруші және зерттеу орталығы болып табылады. Ағымдағы және негізгі библиографиялық көрсеткіштерді басып шығару, өзекті тақырыптар бойынша семинарлар өткізу, кеңестер беру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу секілді негізгі міндеттер – жұмыс үрдісімізге айналған. Компьютерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа технологияларды меңгеру, электронды  басылымдар мен интернет арқылы пайдаланушылардың сұранысын қанағаттандыру бағытындағы жұмыстар да жолға қойылған. Сондай-ақ 13 толық мәтінді электронды мәліметтер базасы жұмыс жасайды: «Өлкеміздің ардагерлері», «Түркістан облысының іскер әйелдері», «Өлкенің дара тұлғалары», «Асыл мұралар», «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте»,  «Ескерткіштер мен тархи орындар», «Өлкедегі кіші этностар» сынды тұрақты жұмыс жүргізу тәртібіміз де өз нәтижелерін беруде. – Кіші этнос дегенді залдан көзіміз шалып қалды... – Елімізде 120-дан астам түрлі ұлт өкілдері тіршілік етіп жатқанын ескерсек, сол ұлт өкілдері оңтүстік өлкеде де бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Сол ағайындардың әрбір жексенбі күні басын біріктіретін ұлттық ассамблея бұрышының  да жұмысы бір ізге түскелі қаншама жыл.  Өздерінің ұлттық әдебиет орталығына келіп, отбасымен өз ана тілдерінде пікірлесіп, сырласып,  білген-түйгендерін бала-немерелерінің құлағына сіңіру мүмкіндіктерін пайдалана алады.Туған тіліндегі әдебиеттерден мәдени мұралары жайлы, құндылықтары жайлы әжептәуір мағлұмат алуларына болады. Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орайластырылған «Өлкеміздің дара тұлғалары» бағдарламасында жергілікті жазушыларымыз «Мекемтас Мырзахметұлы әлемі», «Мархабат Байғұт әлемі», «Байтасовтың байтақ әлемі», сол сияқты Ф.Чирва мен Ю.Кунгурцевке арналған «Достойные сыны родного края» бұрыштары ашылып, әртүрлі оқырмандар арасында іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. – Айтпақшы, облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты, кітапхана көшірілмей ме екен?  – Алдағы жылдардың  жоспарында бар. Әмбебап кітапхананың ғимаратын салу жоспарын қаламыздың әкімі, заманауи басшы Ғабидолла Әбдірахимов өз мойнына алып отыр. Амандық болса, биылғы аталып өтетін 120 жылдыққа игі бір сыйлық болмақшы. – Сөз соңында кітап қорларыңыз жайлы да айта кетсеңіз?.. – Шыны керек, осыдан он-он бес жыл бұрын қазақтілді әдебиеттер саны аз болды. Егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ тіліне, өзіміздің ана тілімізге деген құштарлық, құмарлық оянды білем, сол жылдары оқырмандар сұранысы арта түсті. Олардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында көп еңбек етуге, ізденуге, тіпті қазақ қаламгерлеріне қолқа салуға дейін барған кездеріміз болды. Қызметкерлеріміздің ынтымағының, ауызбірлігінің арқасында осындай қиын шақтар да артта қалды. Өздерінің бар білімі мен қайрат-жігерлерін аямай, күнді күн, түнді түн демей асқан ұйымдастырушылық таныта білдік. Соның арқасында бүгінде 232 мыңға таяу кітап қорымыз бар. Біздіңше облыстық кітапхана үшін бұл үлкен байлық, мұра дер едім. Оны пайдаланушылар саны 25 мыңды құрайды. Өмірімізді кітапқа, кітапхана саласына арнаған жылдарымыздың, әрине, осындай қиын жолдары да болмады емес, болды. Жиырма жылға жақын басшылық қызметте келе жатырмын. Осы жылдар ішінде ұжымымыздан пәлендей теріс қылық танытқан қызметкерлер болмады, бәріміз бір атаның балаларындай тату-тәтті талай шаруа тындырдық. Әсіресе, «Мен оқыдым, Сіз ше» деген ұжым отырысы, яғни пікірталас жиынымыз да керемет нәтижелі. Ұжымның әрбір қызметкері өзінің оқыған кітабы туралы қызықты әңгімелеп қана қоймай, кезектесіп оқып шығып, өз пікірлері мен көзқарастарын ортаға салып отырады. Бұл жұмыс істеу стилінің кімге де болса берері мол. Сонымен қатар, «Мәңгілік Ел»  таным-тағылым, әдеби-мәдени шығармашылық бірлестігінің мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын бәрінен биік қоятын аға буын мен жас буынды байланыстыру, әдебиет пен өнерге деген көзқарасын,  құштарлығын қалыптастыру мақсатында еңбек ете береміз.  

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,

Шымкент қаласы