4 Сәуір, 13:44 537 0 Технологиялар "Түркістан" газетінің авторлары

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫН ЖАН-ЖАҚТЫ ОЙЛАЙТЫН ЖІГІТ

«Қазақстандықтар салатын жаңа магистральды жолдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірін орталықпен берік байланыстырады. Анығы, жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді», – деп Елбасының атап көрсеткені бекер емес. Өйткені ел экономикасының дамуы көлік қатынасының өркендеуімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Расында да жол транзиті ел әлеуетін арттырады. Сондықтан еліміз транзиттік тасымалдан орасан зор пайда тауып отыр. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Дәл қазіргі уақытта Елбасы тапсырмасына орай, республикамыздың түкпір-түкпірінде сапалы жол салуға қатысты жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Олардың басы-қасында осы саланы жетік білетін білікті басшылар, мықты мамандар жүр. Солардың бірі – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облысы филиалының директоры Айбек Аманбекұлы Әнуарбеков.

– Расында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы осы саланың дамуына мол серпін берді. Өйткені Елбасының жеткілікті көңіл бөлуінің арқасында транзиттік әлеуетіміз артты. Жаңадан жұмыс орындары ашылды. Сервистік қызмет сапалы түрде жолға қойылды. Сондықтан біздің басты міндетіміз – жолдың дұрыс, сапалы салынуын қадағалау. Сонымен қатар, тозығы жеткен жолдарды қайта жөндеу. Қазақстан халықаралық дәлізде орналасқандықтан жолдың сапалы болуына басты назар аударамыз. Бұл ретте мемлекет осы салаға Елбасы тапсырмасына орай орасан зор қолдау көрсетіп жатыр. Бұл өте қажет, – дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ШҚО филиалының директоры Айбек Аманбекұлы. Расында да қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанға қарайтын аймақта жол саласында қарқынды жұмыс жүргізілуде. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында республикалық маңызы бар 6 учаскеде, атап айтар болсақ, «Омбы-Майқапшағай, Таскескен-Бақты, Өскемен-Зыряновск-Рахман қайнары» бағытында жолдың үстіңгі қабатын жабу жұмыстары жолға қойылды. Бұл бағыттағы жолдарды қайта жөндеуге жергілікті «Гордострой» және «Зайсан» жол құрылыс компаниялары мен басқа да фирмалар атсалысты. Қазіргі уақытта Омбы-Майқапшағай Орталық-Шығыс дәлізін қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ аймақтағы апатты жағдайдағы 5 көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары бітуге таяу. Мұны да жергілікті кәсіпорындар атқаруда. Бұл ғана емес, жол саласында қайта қарайтын жұмыстар да жеткілікті. Бір ғана мысал, үлкенді-кішілі машиналар көп жүретін болғандықтан, жол ойдым-ойдым шұңқырға айналып кетеді. Мұндай жерлерді уақтылы қарап, жөндеп тұру керек. Сондай-ақ жол жиегіндегі арнайы белгілерді орнату мен олардың жойылып кетпеуін қадағалау да «Қазавтожол» қызметкерлерінің еншісінде. Салынған көпірлер, жол жиегінде қоршаулар, жоласты суағарларының барлығын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Оларға да бақылау керек, тозғанын жаңартып, құлағанын орнына қою қажет. Мұның барлығы да үнемі қадағалауды қажет етеді. Сондықтан «Қазавтожол» қызметкерлдерінің жұмысы тек қана жол салумен шектеледі десек, ол дұрыс емес. Мұның барлығы да тиянақтылықты қажет ететін кешенді жұмыс. Жылдың қай мезгілінде де жол саласындағылар үшін жұмыс тоқтамақ емес. Қар қалың жауса, қысқы жолды тазалау, қар құрсауында қалып қойған көліктерді апаттан құтқару, оқыс жағдайда оларды діттеген жеріне жеткізу мұның барлығында сала қызметкерлерінің жұмысы орасан. Сондықтан әсіресе қыс айларында олардың жұмысы көбейеді. Қазіргі уақытта қысқы жолдарды сақтауға және оны қадағалауға қатысты Шығыс Қазақстан облысында «Қазавтожолдың» 12 бөлімшесі жұмыс істейді. Аталған мекемелердің барлығы да арнайы техникамен қамтамасыз етиілген. Арнайы жабдығы бар қар тазалаумен айналысатын 162 техника бар. Сонымен қатар, жергілікті басқа да кәсіпорындардан 26 техника жалға алынған. Мұның барлығы да жолға шыққан жүргіншілердің тиісті жеріне жетуі үшін жасалынып отыр. Әрине, жол – мұраты жету. Бірақ жолда әртүрлі жағдайлар болып жатады. Күн суытады, бұрқасын болады. Көктайғақ болады. Сондықтан жүргізушілер мен жолаушылар жолда қалып кетпес үшін арнайы оларға тынығу алаңдары жасалынып қойылған. – Биылғы 2019 жылда алға қойылған мақсат көп, Жоспар бар. Басты мәселе – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл орайда біздің мамандар мықты, тәжірибелі екенін мақтанышпен айта аламыз. Талай сыннан өткен қызметкерлер. Олар өз ісін жетік біледі. Сондықтан біздің жұмыста кінәрат болмайды, – дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облысы филиалының директоры Айбек Аманбекұлы Әнуарбеков.

Әрине, мұндай іскер, тәжірибелі басшы қай жерге болса да қажет. Осыны ескерген болуы керек, «Қазавтожолдың» басшылығы Айбек Аманбекұлы Әнуарбековты жақында басқармаға қызметке шақырды. Бұл әрине үлкен абырой. Ол қазір «Қазавтожол» ұлттық компаниясы басқармасының жол пайдалану департаментінің директоры болып қызмет істейді. Бұл зор жауапкершілік, басшылық тарапынан Айбекке артылған үлкен сенім деп ойлаймыз. Бұрын Айбек Аманбекұлы Шығыс өңірді, Кенді Алтай аймағының жолдарын басқарса, енді ол тікелей республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарға басшылық ететін болады.

Ол жуырда Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының жол, көпір құрылыстарын көріп, аралап қайтты. Өйткені күн жылынды, көктем келді, қар еріп, су тасиды. Сондықтан тағы бір бақылап, қайтпаса, болмайды. Осыған байланысты тапсырмалар берді.

Шығыс Қазақстан облысында өз көлігімен жүріп, салынған жолдарды көріп, аралап, жұмыстың сапасына көп көңіл аударатын Айбектің бұл қызметте де абырой биігінен көрінетініне бек сенеміз. Еліміздің тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев биыл «жастар жылы» деп жариялаған тұста Айбектей іскер азаматтың «Қазавтожол» басқармасына келуі де заңды құбылыс деп ойлаймыз. Өйткені, «жас келсе – іске» дейді халық даналығы. Бұл лауазымда да Айбек Аманбекұлы өзін іскер басшы ретінде дәлелдеп, көрсете алады. Оған біздің сеніміміз мол. Өйткені ол жолдың жайын жақсы білетін жігіт. Ал мұндай азаматтардың жоғары лауазымға келуіне тек қана қуана білуіміз керек. Өйткені Айбек Аманбекұлы Әнуарбеков бұл қызметте де өзінің зор әлеуетін көрсетеді деп ойлаймыз.

 

Мира Мырзағалиқызы,

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар