Жаңалықтар

Серік Ахметов тағы екі ай үй қамауында отырмақ

ашық дереккөзі

Серік Ахметов тағы екі ай үй қамауында отырмақ

Аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған Серік Ахметовті үй қамағына алу мерзімін Қарағанды қаласының №1 аудандық соты екі айға ұзартты. Үй қамауына алу мерзімін ұзарту күдіктінің қылмыстық істің материалдарымен танысып шығуы үшін қажет екендігін бұған дейін де мәлімдегенбіз. №1 Қазыбек би аудандық сотының судьясы Еркен Мәукен: «Үй қамауына алу мерзімі екі айға ұзартылды, себебі қылмыстық іс ірі, осыған байланысты іс материалдарымен танысып шығуға жеткілікті уақыт берілді», – дейді. Сонымен, үй қамауына алу мерзімі 18 сәуірге дейін ұзартылды. Бұрынғы Қорғаныс министрі Серік Ахметов пен оның қорғаушылары қылмыстық істің материалдарымен танысуды кеше, яғни, 12 ақпан күні бастаған болатын. Серік Ахметов аса ірі көлемде (2,4 миллион АҚШ доллары) пара алды, бюджеттің 1,1 миллиард теңге көлеміндегі қаржысын жымқырды, қызмет бабын теріс пайдаланып, мемлекетке 1 миллиард теңге көлемінде шығын келтірді, кәсіпкерлік іс-әрекетке заңсыз қатысты деген алты эпизод бойынша күдікті болып отыр. Дәл осы аталған айыптар бойынша экс-министрмен қатар Бауыржан Әбдішев, Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, «Қаазақстан өндіріс корпорациясы» ЖШС директорының орынбасары Әлжан Ақмолдаев та қылмыстық жауапкершілікке тартылады.