Жаңалықтар

ТАРИХИ НЫСАНДАР QR КОДПЕН ТАҢБАЛАНУДА

ашық дереккөзі

ТАРИХИ НЫСАНДАР QR КОДПЕН ТАҢБАЛАНУДА

Қазіргі кезде әлемдегі барлық мемлекеттердің күн тәртібіндегі мәселе – жаппай цифрландыру болып тұр. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар да аз емес. Оған былтырдан бастап, біздің ел де «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыра бастады. Аталмыш бағдарлама аясында Үкімет бес бағыт бойынша міндеттерді алға қойды. Оның екінші бағыты аясындағы цифрлық технологиялар ел тұрғындары мен шетелдік туристерге үлкен мүмкіндіктер бермек. Мәселен, өңірімізде өткен жылдың екінші жарты жылдығында тарихи нысандарды цифрландыру жаппай қолға алынды. Нәтижесінде, облыс орталығы мен аудандарда орналасқан тарихи ескерткіштерге QR-кодтар орнатылды. Тұрғындар бұрын қандай да бір тарихи нысанға барғанда арнайы гидтердің көмегіне жүгінген болса, қазір бұл бағыттағы жұмыстар барынша оңтайландырылған. Тек, өз смартфоныңызға «App Store» немесе «Play Market» қосымшасы арқылы  «Taraz Tour» мобильдік қосымшасын жүктеп алсаңыз болғаны. Содан кейін ондағы «QR» белгісін басып, смартфон камерасын ескерткіштің «QR-код» нысанына бағыттап, сканерлеу керек. Міне, осыдан соң мобильдік қосымшадағы қазақы шапан киген ақсақал бейнесіндегі аудиогид сізге ғаламторсыз-ақ ескерткіш туралы барлық мәліметті рет-ретімен айтып беретін болады. Сонымен бірге, қосымшаның WEB нұсқасы арқылы өзіңіз барған тарихи аймақты 360 градустық форматты көруге мүмкіндігіңіз бар. Мұндай жоба облыста кеңінен қолданыла бастады. Өткен жылы Мемлекеттік «Ежелгі Тараз Ескерткіштері» тарихи-мəдени қорық музейі облыс əкімдігі Туризм басқармасының “Тараз-туризм” туристік информациялық орталығымен бірлесе отырып, «TARAZ TOUR» жобасын жүзеге асыру аясында Т.Рысқұлов ауданындағы ортағасырлық Құлан, Өрнек қалашықтарына QR стендтер орнатылды. Тарихи-мəдени ескерткіштер жайлы қазақша, орысша жəне ағылшынша толыққанды мəлімет берілген. Енді қалашықтарға келген туристер, қонақтар мен оқушылар ұялы телефондарының көмегімен тарихи-мəдени нысандармен таныса алады. Бұл цифрлық құжат нысан туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін аталған жоба аясында Жамбыл облысында орналасқан 20 тарихи-мәдени нысандарға QR стендтер орнатқан болатын. «Қарахан» діни-мемориалдық кешенінде QR стендтері құрастырылды. Мұндағы стендтерді жасаған алматылық «ALTERNATIVE VISION SOFTWARE» компаниясының өкілдері. Егер саяхатшы ескерткіш туралы толық мәлімет алғысы келсе, сайтқа кіріп, мағлұматтармен таныса алады. Еуропа елдері мен  Жапония секілді дамыған мемлекеттерде QR-код әуелден қолданылады. Әсіресе Еуропаның арт музейлерінде жиі пайдаланылады. Келушілер картинаны түсінбесе, кодты суретке түсіру арқылы қысқаша ақпарат алады. QR аббревиатурасы ағылшын тілінен алынған. Мағынасы жылдам жауап беру. QR-кодтың басты артықшылығы – сканерлеу жабдықтары (ұялы телефон камерасын қосқанда) арқылы оңай танылады, бұл сауда, өндіру, логистика саласында пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні QR коды Жапонияда кеңінен таралған, штрих кодтары соншалықты танымал болғандықтан, кодта цифрланған ақпарат саны осы салаға сәйкес келеді. Жапондықтар графикалық суреттегі шағын көлемдегі ақпаратты кодтаудың жаңа әдістерімен тәжірибе жүргізе бастады. 2000 жылдардың басында Жапонияда QR-кодтары кеңінен таралған, олар көптеген плакаттар, пакеттер мен тауарлардан табылған. Жапонияда QR кодтары зираттарда да қолданылады және қайтыс болғандар туралы мәліметтерді қамтиды. QR кодтары туризмде де белсенді қолданылады. Осы айтылған ақпараттардың дұрыстығына көз жеткізу үшін Шу ауданында орналасқан шалғайдағы Жайсан ғұрыптық кешеніне барып қайтқан болатынбыз. Шудағы ежелгі түрік ордасы саналатын Жайсан даласында мың жылдан бері тұрған, қолына өмір тостағанын ұстаған жауынгердің тастан жасалған мүсінінің маңына арнайы «QR» тақта орнатылыпты. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына өңірімізден 8 киелі орын анықталып, ұсынылғаны белгілі. Олардың қатарында Меркі-Жайсан түркі ғұрыптық кешені де бар. «Мәдени мұра» тізіміне ұсынылған келесі бір тамаша ескерткіш – Меркі ғибадатханасының солтүстік жағындағы Жайсан ғибадатханасы. Бұл ортағасырлық түріктерден қалған мәдени – ғұрыптық кешен. Ғибадатханадағы ескерткіштерді зерттеу және сақтау жұмыстары 2001 жылдан бастап қолға алынған. Мұнда ескерткіштердің негізгі бөлігі орналасуына қарай бір заңдылыққа негізделген. Яғни, жерлеу құрылыстары кешеннің батыс бөлігінде орналасса, ғұрыптық құрылымдар шығыс бөлігіне шоғырланған. Тек сирек жағдайда ғана қоршаулар қорғандардың ортасында немесе культтік кешендердің батыс бөлігінде орналасқан. Ғибадатханаға жүргізілген барлау жұмыстары кезінде көптеген құнды заттар табылған. Бір айта кететін жайт, археолог Айман Досымбаеваның пайымдауынша, мұндағы ескерткіштерде кездесетін ромб үлгісіндегі таңба әшекейліктен басқа бойтұмар ретінде қызмет атқаратын киелі сипатқа ие болған. Міне, аталмыш тарихи нысандағы «QR» тақтаға смартфон камерасын бағыттағанымызда осындай ақпараттарға куә болдық. Қазақы шапан киген аудиогид ескерткіш туралы мәліметтерді өзіңіздің таңдауыңыз бойынша бес тілде жеткізуге қауқарлы. Бұндай «QR» тақта Шу ауданындағы ежелгі Баласағұн қалашығына да орнатылыпты. Жоғарыда аталған қосымшаның бір артықшылығы ол оффлайн режимде де жұмыс істейді. Осы орайда, қосымшаны ойлап тапқан мамандар тарихи жерлер көбінесе шалғай аймақтарда орналасқандықтан, онда ғаламтор желісі жоқтығын ескерсе керек. Бұдан бөлек, осыдан екі жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған жобаның тізіміне енгізу үшін Жамбыл облысындағы ескерткіштердің ерекшелігі мен құндылығына қарай бірқатар тарихи нысандар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына жолданған болатын. Аталмыш орталық құрған ұлттық сарапшылар кеңесі Жамбыл облысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді енгізгенін де айта кетуіміз қажет. Дәл осы киелі орындар туралы мәліметті алуды ыңғайлы ету мақсатында арнайы сайт та жасалған. «Qasietti-taraz.kz» деп аталатын сайттың негізгі мақсаты – цифрлы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, киелі жерлер туралы мәліметті ғаламтор желісі арқылы қолжетімді ету, өңірдің киелі орындары туралы ақпаратты кез келген уақытта алуға мүмкіндік тудыру болып табылады. Қорыта айтқанда, тарихи-мәдени нысандарға бай Әулиеата өңірінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жүзеге асып жатыр деуге негіз бар. Өйткені, облысымызға келген кез келген турист үшін барлық мәлімет мобильдік қосымша арқылы қолжетімді болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өзге де тарихи нысандар толықтай цифрландырылатынына сеніміміз мол.  

Асхат РАЙҚҰЛ

Жамбыл облысы