425 МЫҢ ТЕҢГЕ – ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ

425 МЫҢ ТЕҢГЕ – ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ

425 МЫҢ ТЕҢГЕ – ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ
ашық дереккөзі
Соңғы кезде қоғамда көпбалалы аналар мен екіқабат әйелдердің мәселесі қызу талқыға салынуда. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Осы аптада жүкті әйелдерге 425 мың теңге төленетіні белгілі болды. Бірақ бұл жәрдемақы бәріне бірдей беріле ме? Бұл ақшаны алу үшін жүктіліктің 12-ші аптасына дейін яғни 3 айда тіркеуге тұрып үлгеруі тиіс. Бірақ бұл Денсаулық сақтау министрлігінің әзірге қағаз жүзіндегі жоспары ғана. Осылайша министрлік аяғы ауыр келіншектерді ынталандыруды көздейді. Олай етпесе, жүктілігін жасырып, айы-күні жеткенге дейін жүре беретін аналар жоқ емес. Одан қалды бір реттік жәрдемақы бала дүниеге келген соң беріле ме, әлде тіркеуге алынған бойда төлене бастай ма, бұл жағы да анық емес. Өйткені бұл – министрдің ұсынысы ғана. Десе де, Біртанов бастаманы заңмен бекітпек ниетте. Құжат Мәжіліске маусымда ғана жетеді. Оған дейін ел ішінде талқыға салынады. Сондықтан болашақ аналардың әзірге қомақты қаржыдан дәметуіне әлі ерте. Себебі, бұл ұсыныс тиісті орындарда қаралады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Жаңа кодекс адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Әйтпесе, денсаулығына салғырт қарайтындар жетерлік. Көбіне дерті асқынғанда дәрігерге барады. Сондықтан біз ауырып ем іздейтіндерге ауырмаудың жолын көрсетпекпіз», – деді. Алайда, министрлік 425 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы жүкті әйелдердің барлығына бірдей берілмейтінін жеткізді. Оны тек 12-аптаға дейін тіркеуге тұрған және әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы келіншектердің ғана алуына мүмкіндігі бар. Медициналық көмектермен қамтамасыз ету департаменті директоры Асқар Хорошаштың айтуынша, бұл медицина сарапшылары тарапынан жасалған ұсыныс екен. Министрлік оны тек қолдаған. Сондықтан тиесілі заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол маусым айында Парламенттің талқылауына жіберілуге тиіс. Ұсынысқа сәйкес, жүктіліктің 12-аптасына дейін тіркеуге тұрған «тұрмысы нашар» деп танылған әйелдерге ең төменгі жалақының 10 айлық мөлшерлемесіне сәйкес төлем жасалуы қажет. Бұл – 425 мың теңгеге тең. Егер заң жобасы мақұлданса, онда жәрдемақы республикалық бюджеттен беріліп тұрмақ. Бір айта кетерлігі, елімізде жүкті әйелдердің 20 пайызының ғана денсаулығы жақсы, яғни, 80 пайызының денсаулығында түрлі ақау бар. Мұның басты себебі, жүкті әйелдердің дер кезінде дәрігерге қаралмауында жатыр. Жүкті әйелдердің 50 пайызға жуығы дер кезінде тіркеуге тұрмайды. Дәрігерлік кеңес алмайды, диагностикалық тексеруден өтпейді. Бұл балада туабітті ақаулардың, тұқым қуалайтын немесе әйелдің денсаулығына зиянды аурулардың бар-жоғын дер кезінде анықталу мүмкіндігін шектейді. Бала өмірге сау болып келуі үшін әйелдің өз денсау-лығына аса мән беруі қажет. Сондықтан министрлік дер кезінде есепке тұрмаған екіқабат келіншектерге де айыппұл салуды көздеп отыр. Динара Дүрмән