ӘКІМДЕРДІҢ ОФЛАЙННАН ОНЛАЙНҒА ҰМТЫЛЫСЫ

ӘКІМДЕРДІҢ ОФЛАЙННАН ОНЛАЙНҒА ҰМТЫЛЫСЫ

ӘКІМДЕРДІҢ ОФЛАЙННАН ОНЛАЙНҒА ҰМТЫЛЫСЫ
ашық дереккөзі
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерінің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, ол әкімдердің халық алдында есеп беруін көзбояушылыққа теңеді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұдан былай шенеуніктердің үстінен халық тарапынан шағым түссе, ол мәселе жіті қаралып, мемлекеттік қызметкер міндетті түрде жауапқа тартылатын болады.  «Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Осы мәселеге байланысты бұл салада көп жұмыс істелді. Оны әрі қарай жандандыра түсу қажет. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі», – деген Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі шенеуніктерден әділдікті талап етті. «Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Бұл – олардың конституциялық міндеті әрі азаматтық борышы. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек», – деді ол. Ел Президенті бұл мәселеге «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газетіне берген сұхбатында да оралған. «Кейбір шенеуніктерге қарапайымдылық, адами қарым-қатынас жетіспейді. Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. Біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ әкімдерді жинаған кеңесте мұны ескерткенін, халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешу қажеттігін тапсырғанын атап өтті. «Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс», – деді Қ.Тоқаев. Демек, президенттің осы түйткілді қайта-қайта тілге тиек етуі бекер емес. Тіпті, ол Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді жіберу керектігін, әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырғанын және бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты екенін тектен-тек айтпады. Халыққа жақын министр һәм әкім кім? Жалпы, халыққа министрден гөрі әкім біртабан жақын десе болады. Сондықтан да рейтинг жасаушылар көбінесе әкімдерге мойын бұрады. Десек те, министрлер халықпен қарым-қатынасты блогы арқылы орнатуына мүмкіндік бар. Біз министрлердің сайтына кіріп, жұрттың сауалына қаншалықты деңгейде жауап беретінін көрдік. Әрине, сауалдың басым бөлігі Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрлеріне қойылған. Күніне бірнеше сұрақ қойылып жатса да, жауапсыз қалмайды екен. Көпшілікті мазалаған жайттарға министрдің өзі жауап бере ме, әлде, соған тиесілі маман бөлінген бе, әйтеуір жауапсыз сұрақ жоқ. Бір айта кетерлігі, берілген жауап тұшымды, нақты емес. Былайша айтқанда, «тисе терекке, тимесе бұтаққа». Тағы бір көзге түрпідей көрінгені – жаңалықтар бөліміндегі ақпараттың дені орыс тіліндегі нұсқадан сөзбе-сөз аударылған. Қазақ тіліндегі ақпаратты оқысаңыз, грамматикалық, стилистикалық қатеден көз сүрінеді. Алдыңғы жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ақпарат қолжетімділігін қамтамасыз етуде үздік нәтиже көрсеткен, халыққа жақын мемлекеттік органдардың интернет ресурстарын атаған еді. Министрлік арнайы мониторинг жүргізіп, соның нәтижесіне сәйкес, мемлекеттік органдар ішінде Энергетика министрлігі, Әділет министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурстары мейлінше толық ақпараттармен қамтылғаны анықталды. Ал жергілікті атқару органдары мен әкімдіктер ішінде Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарының сайттары үздік деп танылды. Сол сияқты жыл сайын әкімдердің де рейтингі жаңарып отырады. Жұмысын ың-шыңсыз атқаратын, тіпті, жүрген-барған жерін фото-есеп арқылы жарнамалайтын әкім де бар. Бірақ қайсысы көпшілікке танымал? Әрине, екіншісі. Ал жарнамаға да, мақтауға да зәрулік танытпайтын бірден-бір іскер азамат Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев екенін айта кеткен жөн. Нағыз әкім – халыққа жақын әкім. Ол баспасөзге берген сұхбаттарында да кабинеттен шығып, елдің арасында жүргенді ұнататынын бүкпесіз айтады. Шынында, солай. Кез келген оқиғаның басы-қасынан табылып, мәселенің дер кезінде шешімін табуына өзі ұйытқы болып жүргенін көрдік те. Шенеуніктер жаппай әлеуметтік желіге тіркелуде Айтпақшы, бұған дейін облыс, қала, аудан әкімдері халықпен байланысқа интернет сайттағы блогы арқылы шықса, енді әрқайсысы әлеуметтік желіден аккаунт ашып, жұмысын нәтижелі жүргізу міндеттелді. Бұл үрдісті Сенат төрағасы кезінде бастап, Твиттердегі парақшасында әр мәселе жайында ойын ашық білдіріп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әкімдердің әлеуметтік желілерде белсенді болуын тапсырған-ды. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Фейсбук желісін 2012 жылдан бері пайдаланады. Онда Сұлтанов өз қызметіне қатысты маңызды мәлімдемелер мен құттықтауларды жариялап отырады. Жазба астынан өзге желі қолданушыларының қалдырған пікірін көруге болады. Әзірге, астана әкімінің Фейсбукте бес мың «досы» мен екі мыңға жуық жазылушысы бар. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық аудан әкімдері мен басқарма басшылары қала тұрғындарымен тұрақты байланыста болуға тиіс. Контенттің мазмұнына ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ, белгілі бір әлеуметтік желіге ғана қосылудың қажеті жоқ. Аудиторияны нақты білу әрі сезіну керек. Мысалы, менің білуімше, оқушылар мен студенттер ВКонтакте желісін пайдаланады. Сондықтан білім басқармасының қызметкерлері тек Фейсбукте ғана емес, ВКонтакте желісінде болуы керек. Твиттерді инвестицияларды тарту, брендтің атын шығару үшін пайдалануға болады. Сондықтан бұл тапсырманы орындауға жүйелі түрде кірісу керек», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов әлеуметтік желі арқылы әжептәуір танылып қалды. Ақпан айында Болат Бақауов Инстаграмда парақша ашып, екі айда 15 мыңға жуық оқырман жинады. Парақшада әкімнің оқиғаларға жеке пікірлері, отбасылық суреттері, өңір жағдайы туралы мәліметтер жазылған. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Твиттер желісін белсенді пайдаланады. Ол да еліміздің және әсіресе Батыс Қазақстанның өзекті жаңалықтарымен жиі бөліседі. Дегенмен, Твиттер – халық көп қолдана бермейтін желі болғандықтан, кері байланыс жоқ. Әзірге оның 431 оқырманы ғана бар. 2019 жылдың 20 ақпанында Ақмола облысының бұрынғы әкімі Мәлік Мырзалин қарамағындағы әкімдерге әлеуметтік желілерге тіркеліп, халыққа «қолжетімді» болуды тапсырған еді. Ақмола облысының қазіргі әкімі Ермек Маржықпаев та Көкшетау қаласының әкімі болып тұрғанда Фейсбук пен Инстаграм желілеріне тіркеліп, халықтың мұң-мұқтажына жауап беруге тырысқан. Қазір де әкім парақшаларын жиі жаңартады. Президент тапсырмасынан кейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бір-екі күнде Фейсбукке тіркелді. Алғашқы жазбасында облыс әкімі әлеуметтік желінің атқарушы билік пен халық арасындағы байланыс көпірі екенін, пікірталастар алаңына айналатынын айтқан. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин де Фейсбуктегі парақшасын ашты. Енді ол әлеуметтік желі арқылы өңірде болып жатқан жаңалықтармен бөлісіп отырмақшы. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің әлеуметтік желілерде бірде-бір парақшасы жоқ. Есесіне, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовті Фейсбук пен Инстаграмнан табуға болады. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың әлеуметтік желілерде парақшасы болғанмен, былтырғы жазбасымен тұр. Президенттің тапсырмасынан кейін қолға алатын шығар деген үміт бар. Атырау облысы әкімдігінің Telegram чат-каналына 5 мыңнан астам адам тіркелген. Әкімнің жеке аккаунты жоқ. Қызметкерлерін мүмкіндігінше ашық жұмыс істеуге шақырған Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев: «Қазір әлеуметтік желілер арқылы мәселелер шешіліп жатыр. Telegram желісіндегі «Атырау облыстық әкімдігі» қосымшасына тұрғындардан сауалдар көп түседі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер телімдерін, баспана бөлу саларында. Тұрғындардың сауалдарына жедел жауап беру арқылы көп мәселелерді шешеміз. Барлық басшыларға өз қызметтеріне ішкі талдау жүргізу керектігін ескертемін. Telegram-да әр ауданның чат-каналы ашылды. Қазір азаматтармен қалай жұмыс істеп жатқандарыңызға қарап отырмыз, кейбір аудандарда тек қолайлы сауалдарға жауап беру жағдайлары кездесуде. Бұлай болмайды. Ескертуді қаперге алмаған басшыларға шара қолданылады», – дейді Нұрлан Ноғаев. Ал бір-екі күндікте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықпен тығыз байланыс орнату үшін Фейсбук әлеуметтік желіcінде жеке парақшасын ашты. Осылайша, аймақ басшысы тұрғындарды толғандырған мәселелермен танысып, олардың оң шешілуіне ықпал жасамақ. «Құрметті отандастар! Қазіргі таңда әлеуметтік желілер көптеген қызмет салаларында маңызға ие және қоғаммен байланыс үшін ең танымал платформа болып қала береді. Әлеуметтік желілерді пайдалану – уақыт талабы. Соған сәйкес, енді Фейсбук әлеуметтік желісінде өз парақшамды ашып отырмын. Бұл парақша арқылы аймақтағы жаңалықтарды және өзгерістерді хабарлайтын боламын. Сонымен қатар, маған Сіздердің пікірлеріңізді білу және ұсыныстарыңызды қарап, жауап беру маңызды. Енді #Shokeevke_suraq хэштегі арқылы өз пікірлеріңізді, тілектеріңізді қалдыра аласыздар» делінген парақшада. Ал Алматы қаласы, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Алматы, Жамбыл облыстарының әкімдері әлеуметтік желілерге тіркелмеген. Бұл өңірлерде халықтың өтініштеріне жауап беру жұмысын арнайы баспасөз қызметтері немесе әкімдердің орынбасарлары атқарады. Президент «Инстаграмға» тіркелді Министрлер мен әкімдер әлеуметтік желінің не екенін біле қоймаған уақытта Твиттерден парақша ашып, белгілі бір мәселеге пікірін ашық білдіріп, сондай-ақ атқарған жұмысын көпшілікке жария етуде белсенділік танытып келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Инстаграм желісінен ресми парақша ашты. Ол алғашқы жазбасында: «Құрметті Отандастар! Жақында өңір әкімдеріне жұртпен етене байланыс орнату үшін заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс орнату мақсатында əлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырдым. Өздеріңізге белгілі, мен бірнеше жылдан бері Твиттер желісін белсенді қолданып, мемлекетіміз үшін ең маңызды деген дүниелермен бөлісіп келемін. Ендігі ретте осы үрдісті халық ең көп шоғырланған Instagram желісінде де жалғастыруды жөн деп таптым», – деп жазды. Айта кету керек, қазір Президенттің атымен ашылған фейк-парақшалар да көбейіп кеткен. Қазірдің өзінде 34 жалған аккаунт тіркеліп үлгеріпті. Сондықтан халық әлдеқандай ақпараттарға алданып қалмас үшін ресми парақшаның скриншотын ұсынып отырмыз.  width= P.S. Министрлер кабинеті мен әкімдіктер жаппай әлеуметтік желіден парақша ашуға кірісті. Әрине, бұл жақсы үрдіс. Алайда, мұны жәй науқаншылдыққа айналдырмай, халықтың түйткілін шешуге жұмылдырса қанеки. Айтқандай, осы ұрымтал тұсты пайдаланғандар ҚР Премьер-министрі Асқар Маминның атынан Инстаграмда парақша ашып үлгеріпті. Алайда, Премьер-министрдің баспасөз қызметі «Инстаграм желісіндегі @mamin_online аккаунтының жалған екенін  хабарлаймыз. Бұл парақшаның қызметін тоқтату туралы сәйкес шаралар жасалды», –  деген мәлімдеме жасады. Яғни, БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары ҚР Премьер-министрінің ресми сайтында және Фейсбук, ВКонтакте, Туиттер, Перископ, Youtube расталған парақшаларында жарияланған ақпаратты ғана пайдалануын сұрады.

Динара Мыңжасарқызы